Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дастан Алдабеков мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Елорда бойынша 21 су тасқыны қаупі бар учаскелерде Төтенше жағдайлар департаменті және қалалық коммуналдық қызмет жұмылдырылды. Су тасқыны жағдайына жеке құрамның 145 маманы, 76 техника, 46 мотопомпа және 2 жүзу құралы дайын. Сонымен қатар, су тасқыны қаупінің алдын алу және болдырмау мақсатында біздің департамент кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледі», - деді Алдабеков баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, кешеден бері азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын төтенше жағдайға дайындау бойынша «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин республика бойынша 255 елді мекенді су басуы мүмкін екенін айтқан, оның сөзінше, бұл – 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат.
Бірер күн бұрын Орал қаласы және Бөрлі ауданының Ақсай қаласы орталығының көшелері және тұрғын үй аулаларын су басты.
Атыраулықтар да қызыл сумен арпалысып жатыр. Өңірде 36 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр.