×
416.91
446.47
7.34
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
416.91
446.47
7.34

Қазақстан армиясындағы «дедовщина» һәм сарбаздар өлімі – депутаттар пікірі

25.04.2022, 13:50

Соғыссыз, айдың, күннің аманында таяуда тағы бір сарбаз әскерде өлім құшты. Қорғаныс министрлігі сапта тұрған сарбаздың аяқ астынан есінен танып, жүріп кеткенін хабарлады. Әскерге сап-сау кеткен баласынан айырылған ата-ана зар жылап, Қалбай Әлібектің (қайтыс болған сарбаз) денесінде көгерген іздер барын айтып жатыр. 10 күн бұрын ғана әскерге аттанған ол өлерінің алдында анасына хабарласып, ақша сұраған көрінеді.

Өкінішке қарай мұндай қайғылы жағдайлар жыл да тіркеледі. Осы жылдың басында ғана Жамбыл облысы Мерке ауданының «Андас батыр» әскери заставасынан ізі-қайым жоғалып кеткен қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердешовтың денесі Қырғызстаннан табылған. Ұлықбек те замандасы Қалбайдай туыстарынан қайта-қайта ақша сұрай берген екен.

Ел қорғауға кеткен сарбаздар неге белгісіз жағдайда көз жұмып жатыр? Әскердегі әлімжеттік әлі тоқтамаған ба? Жазалау осындай қайғылы жағдайларды тия ала ма? Армияның репутациясын қалай түзеуге болады? Жүйелі сипат алған проблеманы қалай шешуге болатынын Ulysmedia.kz порталының тілшісі мәжіліс депутаттарынан сұрап көрді.

«ДЕДОВЩИНА БҰРЫН ДА БОЛАТЫН»

«Елді қорғаймын деп әскери қызметтегі жас сарбаздың еш соғыссыз бейбіт кезде қаза табуы – үлкен қайғы. Меніңше, сол әскери бөлімнің басшыларының, офицерлерінің жауапкершілігі. Совет армиясында да дедовщина болатын. Бірақ біз қазір тәуелсіз мемлекет ретінде өз балаларымызға, жастарымызға тиісті қауіпсіздік, қызмет жағдайын қамтуы керек», - деді Азат Перуашев.

Партия төрағасы Ақ жол фракциясы өз отырысында осы мәселені талқылап, соған сай әріптестері арнайы депутаттық ұсыныстарды дайындайтынын айтады. «Нақты қандай ұсыныстар» деген сұраққа депутат былай деп жауап берді.

«Біріншіден, бір армияны кәсіпқой деңгейге шығаруымыз керек! Әзербайжанда болған және Украинада болып жатқан соғысқа қарасақ, қазір заманға сай қару-жарақ автоматпен шектелмейді – өте заманауи технологиялар. Сарбаздар оларды білетіндей қабілетті болуы тиіс. Мұндай дайындықты біз қысқа мерзімді әскери қызметте қамти алмаймыз. Сол себепті ел тұтастығын тек кәсіпқой армияға сүйеніп қана қамти аламыз», - дейді ол.

Азат Перуашевтың сөзіне қарағанда, осы трагедияға байланысты ашық тергеу жүргізілуі тиіс.

«Бүгін ғана баланың денесінде көгерген іздер бары айтылып жатыр. Сол үшін тиісті тергеу жүргізіліп, кінәлі адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту керек! Жедел шешім осы. Ал негізінен бізге жүйені өзгерту керек сияқты», - деп түйді Азат Перушаев.

«АЛДЫМЕН ТЕРГЕЙІК...»

Ал депутат Айбек Паяев бұған дейін де осындай жағдай бірнеше рет тіркелгенін еске алды.

«Қайтыс болған сарбаздың үй ішіне көңіл айтамын. Иманды болсын. Армияда неше түрлі жағдай болып жатады. Дедовщина деп те жатады. Жақында Қорғаныс министрі бюджетті бөлу кезінде баяндама жасады. Сонда біраз мәселе көтердік. Ең бастысы – әскердегі жағдайды күшейту. Иә, бүгінгі күні жастардың әскерге барғысы жоқ. Олардың ойлары – 2 жыл уақытымызды өлтіреміз дейді. Сол үшін жастарды Отанды қорғауға тәрбиелеу керек. Ол үшін әскердегі жағдайдың өзін жақсартуымыз керек», - дейді депутат.

Мәжілісмен қазіргі уақытта әскерден келген азаматтар күзетші болып қызметке кіре алмай жүргенін айтады. Содан кейін әскерге ешкімнің әскерге барғысы келмейді.

«Қазір тергеу жүрсін. Журналистерге таңғалам: алдымен тергейік. Содан кейін мәселені талқылайық. Егер денесі көгергеннен кейін нақты шара қабылдау керек. Содан кейін жаппай әскери салада кешенді жүргізу керек. Мемлекет дұрыс саясатты бұл бағытта жүргізуі тиіс», - деді ол.

Депутаттың өзі мерзімді әскери қызметте болмағанын, жоғары оқу орны қабырғасындағы кафедрада әскери білім алғанын айтып түйіндеді.

«ЖАҒДАЙДЫ ӨЗ БАҚЫЛАУЫМА АЛАМ!»

Депутат Константин Авершин Отардағы сарбаз өлімін жеке бақылауына алатынын мәлімдеді.

«Проблема расында да бар. Өздеріңіз білетіндей, мен мәжілістегі қорғаныс комитетіндемін. Оған қоса осыдан 2-3 жыл бұрын әскердегі сарбаздардың өлімі жағдайын тергеп-тексеруге араласқаным да бар. Бүгін комитет бастығымен сөйлесіп, сарбаз өлімі тіркелген әскери бөлімге бармақпын. Өкінішке қарай осындай қайғылы жағдай тіркелген кезде жауаптылар үнсіз қалады. Жүрек талмасынан кетті дей салатын жағдайлар болған. Ал бірақ біз қайтыс болған сарбаздың денесінде көгерген іздер барын анасы айтып отыр. Әзірге анасымен сөйлескен жоқпын. Бірақ бұл мәселені жеке бақылауыма аламын», - дейді Константин Авершин.

Мәжілісмен осындай әр жағдайды жіті талдап, қатаң жазалау керек деп есептейді. Екіншіден, жалпы армиядағы ахуалды өзгерту керек дейді. «Қазақстан армиясында дедовщина бар ма?» деген сұраққа депутат былайша жауап берді.

«Дедовщина бізге совет армиясынан келген. Екінші жыл әскери қызметте жүрген жігіттер алғаш келген сарбаздарды қинайтын. Қазір қызмет 1 жыл. Осыған ұқсас 4 жағдай есімде: офицерлер мен келісімшарттағы әскер сарбаздарды сабаған. Сол себепті дедовщина қазір де бар – бірақ оның түрі өзгерген. Оны шешу керек», - деді ол.

«БҰЛ – ҮЛКЕН ІНДЕТ»

Әскерде әлі күнге дейін әскерде әлімжеттік барын депутат Бақытбек Смағұл да мойындады. Ол аталмыш мәселеге немқұрайлы қарамау керектігін ескертеді.

«Демек, соған жауапты командирлерінің олқылықтығынан осы жағдай тіркелді. Әдетте медициналық тексерістен өткен кезде припискной куәлігі арқылы есепке тіркегенде денсаулығындағы ақау жөнделмейді. Сол күйі кете береді. Оны қадағалап отырған ешқандай мекеме жоқ. Соның салдарынан әскерде денсаулығына бола қайтыс болып жатқан сарбаздар жоқ емес. Ал мынау ол аурудан да үлкен індет болып тұр. Сондықтан кім кінәлі екенін анықтап, жазалау керек. Жазалану керек! Тазалану керек», - дейді ол.

Бақытбек Смағұл Бас штабтың ішіндегі тәрбие жөніндегі орынбасар – министрдің бірінші орынбасарының қарамағында қызмет ететінін еске салды. Депутаттың есептеуінше, тәрбие жөніндегі орынбасар министрдің тікелей орынбасары болуы керек.

«Жоғарыда ешкімге бет бұрмай, ол лауазымды тұлға министрдің өзіне тікелей жауап беруі керек. Жауап беретін адамның өзі жазалануы керек. Анаған-мынаған салып емес. Осы мәселені қолға алған дұрыс деп ойлаймын», - дейді ол.

Автордан: Жалпы Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстан армиясының абыройы түсіп қалғаны айтылып жүр. Бұрынғы министр ұсталып, басқа елдердің әскерінің кіруін әлбетте, ешкім қуана қарсы алған жоқ. Оған қоса мемлекеттік тілге деген көзқарасын өзі шығарып алған мақалмен білдірген жаңа министрдің әрекеті, георгий лентасымен Алматыда шаралардың өткізіліп жатқаны, сарбаздар өлімі – Қорғаныс министрлігінің репутациясын тіпті түсіргенін байқауға болады. Қоғамда қазір бұл бағытта сұрақ көп. Жауап берілмесе «өкпелеп көшіп кету керек пе?»...