×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Қарин: Президент саяси реформаларды жүзеге асыруды бастап кетті

26.04.2022, 22:08
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Amanat» партиясының съезіндегі шешімі жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістерді енгізуді күтпестен өзі жариялаған саяси реформаларды практикалық тұрғыда жүзеге асыруды бастап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Айта кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдаған. Осылайша, Президент «Amanat» партиясының төрағалығына Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты ұсынған. Партия мүшелері бір ауыздан дауыс беріп, Қошанов «Amanat» партиясының төрағасы болып сайланды.

Съезде сонымен қатар Adal партиясы Amanat партиясының құрамына енді.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің пайымдауынша, «Adal» партиясының қосылуымен «Amanat» партиясының электоральды базасы кеңейіп, реформалар бағытының айналасында бұдан әрі де қоғамдың консолидация нығая түседі. Ерлан Қарин жалпы бұл өзгеріс осы жылдың наурызында басталған «Amanat» партиясының трансформациясы логикасына сай келетінін айтады.

«Әлбетте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Amanat» партиясындағы өкілеттігін тоқтатуы және одан шығуы көпшіліктің ең көп назарына іліккен жаңалық болды. Сонымен бірге «Amanat» партиясы бұрынғыша реформалардың президенттік бағытының жақтастарын біріктіретін ядроға болып қала береді. Бұл ретте қаңтар айының өзінде партия төрағасы лауазымына кіріскен кезде-ақ Мемлекет басшысы бұл лауазымды уақытша, жыл соңына дейін ғана қабылдайтынын мәлім еткенін атап өту керек», - дейді ол.

Ерлан Қарин одан бөлек Мемлекет басшысы наурызда халыққа жолдаған Жолдауында Конституцияға ел Президенті өз лауазымын атқарған кезде саяси партияда болмауы керектігі турасында норманы бекітуді ұсынғанын еске салды.

«Осылайша, Президент Конституцияға өзгерістерді енгізуді күтпестен өзі жариялаған саяси реформаларды практикалық тұрғыда жүзеге асыруды бастап кетті», - дейді Ерлан Қарин.