×
479.39
457.43
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.39
457.43
8.21

"Құдай берсе, бас тартпаймыз": Шымкенттік әскери қызметкер 9 бала тәрбиелеп отыр

02.05.2022, 11:02
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысы, Төле би ауданы, Леңгір қаласында тұратын әскери қызметкер Батырғали Мелдебеков жұбайымен бірге 9 баланы тәрбиелеп отыр. Бүгінде көпбалалы отбасыға таңдана да қызыға қарайтындар көп деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Otyrar.kz жазуынша, 41 жастағы Батырғали Мелдебеков пен 35 жастағы Жадыра Утебаева – 7 ұл, екі қыздың ата-анасы.

Өмірде “қатал әкемін” деген әскери қызметкер балаларына қандай тәрбие беретінін айтты. Ол үлкендерімен сырласып, кішілерін еркелетіп өсіреді екен.

“Балаларыммен жиі сырласамын. Әсіресе қазір кішкентайлар жұмыстан келсем болды, қасымнан шықпайды. Жабысып алады. Алдыма отырып алады, болды ғой. Тіпті киімімді ауыстыра алмай қаламын. Біразға дейін киіммен жүремін. Жалпы бала-шағаны қаталдау тәрбиелемесе, шекарадан да шығуға болмайды. Кейде жұмсақ болу керек. Олардың да айтқан тілін алып, көңіліне қарап, олар менің көңіліме қарап дегендей... Жұмыстан қандай көңіл-күймен келемін, соның бәрін қарап өздері бақылайды”, – дейді көпбалалы әке.

Батырғали Мелдебековтің келіншегі Жадыра – “Күміс” және “Алтын” алқалардың иегері.

35 жастағы көпбалалы ана жанұясына халықтың таңырқай қарайтынын жасырмады. Айтуынша, тоғыз баланы дүниеге әкелгеніне сенбейтіндер де баршылық көрінеді.

“Осы соңғымды босанарда перзентханада жатқан кезімде көбі сұрайды: “Қаншасыншың? Үшіншің бе?” деп. Мен күліп “жоқ, тоғызыншы” деймін. Жалпы негізі таңырқай қарайтындар көп. Қызығып сұрап жатады”, –  дейді ол.

Жадыраның сөзінше, әр баласының мінезі әр түрлі. “Тіпті, кейде кімге ұқсайтынын ажырата алмай қаламыз”, – дейді көпбалалы ана.

Тоғыз баланы тәрбиелеп отырған отбасы Алла берсе әлі де перзент сүюге ниетті. Өйткені, “әр бала өз несібесімен дүниеге келеді” деген пікірде.

Батырғали Мелдебеков – Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде қызмет атқарады. 2008 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген азамат материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының инженерлік күзет құралдарының бөлініс бастығы. Әскери адам “Отанды қорғау отбасынан басталады” деп есептейді.