×
416.91
446.47
7.34
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
416.91
446.47
7.34

Депутаттарға сауал: Конституцияның 7-ші бабынан орыс тілін алып тастауды қолдайсыз ба

04.05.2022, 15:23
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бұған дейін қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Конституцияның 7-ші бабында оған дербес статус беру мәселесін көтерген депутат Қазыбек Иса бүгін Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берді. Ulysmedia.kz порталының тілшісі ізінше Қазыбек Исаның әріптестерінен осы мәселе жөнінде пікірін сұрады.

Депутаттық сауал қандай еді

Мәжілістің баспасөз алаңына Қазыбек Исамен бірге Ақ жол фракциясының төрағасы Азат Перуашев шыққан. Мұның алдында депутаттық сауалында Қазыбек Иса ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада заңды түрде бекітіп, мемлекеттік тілді міндеттейтін  заң қабылдау керектігін айтқан.

«Конституциядағы тіл туралы 7-ші бапқа өзгеріс енгізіп, қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек. Мемлекеттік тілдің дамуы мен  тиісті заңды қадағалау  үшін тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігін құру қажет. Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен  басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату қажет! .Біздің елге көршілес елдерден  қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан,  Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс», - деген еді депутат.

Сауалдың видеонұсқасын әлеуметтік желіде жариялаған Қазыбек Иса өзінің әріптестеріне өкпесі барын да жасырмаған болатын.

«Мен бұларға, «осы қолдайды-ау» деген депутаттардың барлығының телефондарына жеке жазып жіберіп, екі күн күттім. Кейбірі жауап бермей құтылды, кейбір қазақ депутаттар қазақ тілі туралы депутаттық сауалды қолдаудан бас тартты. Өзге ұлт өкілдері Шиповских, Платонов, Смышляева, Ильяс Буларов, Абилфас Хамедов, Қаратаевтардан бастап Мемлекеттік тілді қолдап, отаншылдық рухын көрсетіп жатқанда қазақ депутаттардың бұғып қалғаны әрине, өте өкінішті!» - деді ол.

Талап басқа болған...

Осы әңгіме тарағалы тіл мәселесі тағы да қоғамның талқысына айналған тақырыпқа айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен пабликтердің бірқатары «депутаттар қазақ тіліне қарсы дауыс берді» десе, енді бірі «орыс тілін Конституциядан алып тастағалы жатыр» деп те ақпарат таратқан. Алайда депутаттық сауалда орыс тілінің Конституциядағы мәртебесі туралы ештеңе айтылмағанын ешкім ескерген жоқ. Оның үстіне бірнеше жыл бұрын Қазыбек Исаның «орыс тілін ресми статустан айыру туралы» ашық хатқа қосылғаны да қоғам талқысын қыздыра түсті.

Депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Қазыбек Иса жолдаған депутаттық сауал мемлекеттік тілге қатысты болған.

«Оның қазір әлеуметтік желілерде бұрмаланып жатқан тақырыптарға мүлде қатысы жоқ. Ақпараттық саясатта да ұлттық идеологияға негізделген тәрбие болғанын қалаймыз. Шетелден келіп жатқан азаматтар азаматтық алуы үшін мемлекеттік тіл және Қазақстан тарихынан емтихан тапсыруын қолдаймыз. Негізгі талаптар осындай болған», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменованың сөзіне қарағанда мемлекеттік тіл Қазақстандағы барлық ұлттық біріктіруі керек.

«Жалпы орыс тіліне қатысты ешқандай пікір білдірмеймін. Мемлекеттік тілдің дамуын, институционалды негізде қолданысының кеңеюуін, заңнамалық тұрғыда дамуына механизмдер жасалуы керектігін атап өткім келеді», - деді ол.

Алдымен қазақ тілін көтеріп алайық

Қазыбек Исаның депутаттық сауалына қол қойған депутаттардың бірі – Қазақстан халық партиясы атынан Ғазиз Құлахметов. Оны да сөзге тартып көргенбіз. Мәжілісмен сауалды дұрыс оқыған азаматтар қазақ тілінің мәртебесі туралы әңгіме айтылғанын сөз етеді ол.

«Орыс немесе ағылшын тілін алып тастау туралы әңгіме жоқ. Сондықтан біз ең алдымен, мүмкіндігінше қазақ тілінің мәртебесінің артуына күш салуымыз керек», - деді ол.

«Орыс тілінің ресми мәртебесі Конституцияның 7-ші бабында қалуы керек дейсіз ғой?» деген сұраққа ол «орыс тілін алып тастау үшін алдымен қазақ тілінің мәртебесін, қолдану аясын көтеру керек» деп жауап берді.

«Негізгі кілті де осы!» - дейді ол.

Ғазиз Құлахметовтың әріптесі Айбек Паяев болса алда бәрі референдумда шешілетінін атап өтті.

«Ресейдің ірі шенеушігі Матвиенко келіп, Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақ тілін білуі керек деп айтып кетті. Сондықтан сол бағытта келе жатырмыз. Халықпен тікелей бұл мәселе талқыланады. Нақты бүгін орыс тілінің мәртебесі мәселе қаралып жатқан жоқ», - деді ол.

Артур Платонов та Қазыбек Исаның бастамасын қолдағанын айтады.

«Ақпараттың бұрмаланғанына байланысты Қазыбек Исаның өзі жағдайды түсіндірді. Оның өз сөзі бар. Қазыбек Иса мемлекеттік тілді дамытудың механзимдері керектігін айтты. Мен ол керек деп есептеймін», - деді Артур Платонов.

Қазыбек Исаның өзі не дейді

«Бір жерде бұрмаланып, мен депутаттық сауал жолдағаннан кейін шу шықты. Сол кезде мен жауап бердім: бұл ешқандай Парламенттегі заң емес. Ақ жолдың сауалы. Сол жерде барлығы келіп мені қолдап, өте жақсы болды дегендер қосылды. Ешкімді біз зорлаған жоқпыз. Қосылғандардың тізімі сауал соңында жазылған», - деді Қазыбек Иса.

Әйтсе де депутат та, оның әріптесі Азат Перуашев те «орыс тілінің Конституциядағы мәртебесі туралы сұраққа нақты «иә» немесе «жоқ» деп жауап бермеді.

«Біздің Конституцияның 7-ші бабында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп жазылады да, нүкте қойылады. Ал Конституцияда мемлекеттік тілді білу міндетті деген жазу жазылуы керек еді. Бізде не жоқ? Осы сөз жоқ. Конституцияда нақты белгіленгесін, мемлекеттік тілді дамытудың нақты механизмдері керек. Мемлекеттік тіл туралы заң Қазақстанда ғана жоқ», - деді ол.

Қазыбек Иса 2017 және 2020 жылдары орыс тіліне қатысты позициясын білдіргенін атап өтті. Алайда 7-ші баптың 2 тармағын алып тастау керек пе деген сұраққа сол күйі анық жауап бермеді.