×
416.91
446.47
7.34
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
416.91
446.47
7.34

Әрине, арасында болады – Жақсылықовтың орынбасары әскердегі әлімжеттік жайлы

11.05.2022, 12:58
Фото: Ulysmedia.kz

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскердегі әлімжеттік жайлы сұрақтарға жауап берді. Мәжіліс кулуарында одан жақында ғана Отардағы әскери бөлімде қаза болған Әлібек Қалбай атты азаматтың өлімі жайлы тергеудің мән-жайы сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетсек Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталған жігіттің туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.

«Ол сұраққа бірнеше рет жауап бердік. 3 мамырда екі сағат брифинг болды. Жауап берілді. Қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Анықталғаннан кейін нәтижесін хабарлаймыз», - деді ол.

Журналистер шенеуніктен жалпы әскердегі әлімжеттік жайлы сұрақ қойған. Өйткені кейінгі кезде әскердегі әлімжеттік жөнінде сұрақ көп жолданған болатын.

«Біз сізге жауап береміз. Сол мәселе жөнінде бірнеше рет жауап бердік. Айтып жатырмын ғой. Алғашында ешкім не болғанын білмеді. Күдікті анықталды. Біз білмедік. Іс тергеліп жатыр. Нәтижесін көреміз», - деп құтылмақ болды жауаптен Камалетдинов.

Алайда журналистер Сұлтан Камалетдиновке қайтадан сұрақ қойды. Әскердегі әлімжеттік жайлы сауал тағы жолданды.

«Білесіз ғой, әскер – ер адамдардың ұжымы. Әрбірінің мінезі бар. Әртүрлі отбасында тәрбиеленген. Әрине, арасында болады», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

«Сонда ер адамдардың ұжымында әлімжеттік бола береді» дегенге келтіріп тұрсыз ба деген сұраққа Камалетдинов былай жауап берді.

«Біз шараларды қабылдап жатырмыз ғой. Техникалық және ұйымдастырушылық шаралар да қабылдануда. Ұйымдастыру жағынан бақылау ылғи жүреді. Әр бөлімде психологтар бар. Олар психологиялық бақылау жүргізеді. Әскери бөлімдерде әртүрлі деңгейдегі командирлер мәселені бақылауда ұстап отыр. Жауынгер-дос деген түсінік енгізілді. Казармаларға, жатын орындарда, жеке құрам жүретін жерде қазір видеобақылау енгізіп жатырмыз. Жеке құрамды тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. 18 жыл бойы отбасында тәрбиеленген баланы бір жылдың ішінде қайта тәрбиелей алмаймыз. Біз бір жылдың ішінде оның әскери машығын шыңдаймыз. Ал оның өзі балабақшада, мектепте, оның басында отбасында тәрбие алады», - дейді Камалетдинов.

Орынбасардың сөзінше Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталған азамат – өзі де жақында ғана мерзімді әскери қызметке келген.

«Қазір олардың қарым-қатынасы қандай болғанын айта алмаймын. Оның екеуі батыс өңірлердің азаматтары. Бірі Маңғыстау мен Атырау облысының азаматтары», - деді ол.