×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

Тоғжанов Сталин портреті жайлы: Қолдамаймын, бірақ демократиялы Қазақстанда әркім ойын айтуға құқылы

12.05.2022, 11:53
Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыда 9 мамырда Сталин мен Берияның суретін алып, шеруге шыққандар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айта кетсек, 9 мамырда Алматыда өткен шеруде отандастарымыздың кейбірі Сталин мен Берияның суретін көтеріп шыққан еді.

«Сталинге де, Берияға да қатысты тарихшылар нақты бағасын берді. Оны жақсы білесіздер. Оның дәуірі біздің өміріміздің нақты қиын кездерімен де байланысты. Сондықтан оны қолдаймын деп те айта алмаймын. Демократиялық Қазақстанда әр адам ойын айтуға құқылы. Дегенмен мұндай жағдайды елдің азаматтары келешекте ескергені дұрыс деп есептеймін», - деді Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер «бір ғана Ашаршылықтың өзі қаншама қазақтың өмірін қиғанын» еске алды.

«Сондықтан мұның бәрі ескеру керек. Совет үкіметі кезінде елдің дамуының жақсы жақтары да болған шығар. Бірақ тарихтың қиын кезеңдерін ешкімнің ұмытуға қақысы жоқ», - деді ол.

Ералы Тоғжановқа журналистер «Алматыда Сталин мен Берияның суретін алып шығу – идеологияға жауапты сіздің жұмысыңыздың кемшілігі емес пе?» деген сұраққа былайша жауап берді.

«Менің де жұмысыма қатысы бар шығар. Әңгіме тек онда емес. Қазақтың әрбір азаматы, оның ішінде Қазақстан халқының сана-сезіміндегі бұл бір терең сұрақ деп қарастырамыз. Сондықтан оның ішінде сіз де, әр отбасы бар. Осындай сұрақтарды әркім өзіне, ортасына, елге түсіндіруі керек», - деді ол.

Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндеші республикалық комиссиясының бірнеше отырысы  өткізілген.

«Қазірдің өзінде белгілі бір қорытындысы жасалып, оқулықтар басып шығарылды.  Жуықтан Мемлекет хатшысының төрғалық етуімен де отырысы өткенін білесіздер. 31 мамырға қарай міндетті түрде жұмыстардың қорытындысы шығарылады», - деді ол.

Сондай-ақ, ол 9 мамыр мерекесінің атауы мен мазмұнын өзгерту туралы ұсыныстарға қатысты өз ұсынысын атады.

«9 майды Жеңіс күні емес, аза тұту күні етіп атап өту туралы мәселе баяғыдан көтеріліп келе жатыр. Бұл мәселе бойынша әркімнің өз ойы бар. Шын мәнінде бұл бұл әрі Жеңіс күні, әрі еске алу күні. Менің ойымша, оларды бір-бірінен бөліп қараудың қажеті жоқ шығар. Ондай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ десе де болатын шығар. Жеңіс күнін жерімізді қорғап қалған аталарымыз бен әкелерімізді еске алып жатсақ, мұның ең сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Менің жеке ұстанымым осындай», - деді Ералы Тоғжанов.