×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Халық санағы: Үйлерді аралау кезеңі басталды

01.10.2021, 16:59
фото: Ашық дереккөзден

Бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық халық санағы аясында үйлерді аралау кезеңі басталды. Санақты интервьюерлер жүргізеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Бүгін халықты толық қамту мақсатында жаппай аралау кезеңі басталды. Ол 30 қазанға дейін жалғасады», - деді ОКҚ брифингі барысында Бюро басшысы.

Санаққа онлайн қатысқан азаматтарға интервьюерлер сауалдарына қайталап жауап берудің қажеті жоқ.

«Санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап бергендер санақтан өткені туралы хабарламаны көрсетеді. Интервьюер тұрғын үй-жайдағы барлық адамдар санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін, өз учаскесінің келесі мекенжайына барады»,- деп түсіндірді Айдапкелов.

Қазір республика бойынша санақ персоналы ретінде 23367 адам жұмысқа алынды. Олардың ішінде 2693 нұсқаушы-бақылаушы және 20764 интервьюер.

Айдапкелов сондай-ақ барлық интервьюермен планшетпен жұмыс істеу, сауалнама жүргізу әдістері бойынша оқыту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Санақтан онлайн өту мүмкіндігі 15 қазанға дейін қолжетімді болады. Санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше жолы бар. Бұл sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты, E-Gov порталы арқылы, сондай-ақ Aitu мобильді қосымшасын пайдалана отырып авторизациядан өту.

1 қазан сағат 11-00-дегі жағдай бойынша, онлайн санақтан 6 429 018 адам өтті. Атап өтерлігі, респонденттердің 86 проценттен астамы смартфон арқылы санақтан өткен. Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірдің 865824 тұрғыны санақтан өткені туралы хабарлама алды. Алматы облысында 705646 адам тіркелген. Көшбасшылар үштігін Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Мұнда халық санағының сұрақтарына 612804 адам жауап берді.

Осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын соңғы орындарда. Бұл өңірлерде санақтан сәйкесінше 181024 және 155779 адам өтті.

Егер нақты өңірдің онлайн санақпен қамтылған халқының үлесі бойынша есептесек, онда Қызылорда облысы көш бастап тұр. Мұнда 48,8 % адам қамтылған (1 тамыздағы жағдай бойынша, өңірде 823052 адам тұрады). Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда бұл көрсеткіш 45%-ға жетті (1 тамыздағы жағдай бойынша, өңірде 1361163 адам тұрады).

Интервьюерді қалай тануға болады

Халық санағы аясында саулнама жүргізетін интервьюерлердің барлығы COVID-ке қарсы вакцина алған. Бұдан бөлек олар жеке қорғаныш затармен қамтылды. 

Интервьюер қызметіне бастамашыл, жауапты, коммуникабельді, компьютерде жұмыс жасай алатын 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары тартылған. Сауалнама жүргізетін қызметкерлер жұмысында планшетті қолданады.

Интервьюердің міндетіне еліміздің қалалары мен ауылдарындағы үй шаруашылықтарын жаппай аралау кіреді. Үйлерді аралау кезеңінде интервьюрерге арнайы куәліктер мен Ұлттық санақтың логотипі бейнеленген көк түсті шарф пен сөмке беріледі.

«Куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «Интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады. Содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады», - деді Бюро басшысы.

Ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимінде, дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады. 

Серіктес жаңалықтары