×
472.17
495.5
7.57
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.17
495.5
7.57

Бүгін – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31.05.2022, 09:07
фото: ашық дереккөзден

Бүгін  – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан зардап шеккендердің рухына тағзым етеміз. 

1997 жылдан бастап атап өтіліп келе жатқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. “Халық жауларын” анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Түрлі ұлт өкілдер қудаланды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және басқалар жеткізілді.

Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді: Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кингир және Өскемен лагері.

Сондай-ақ НКВД бұйрығымен репрессияға ұшырағандардың отбасы мүшелері де сотталды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері, апалы-сіңлілері және аналарының арнайы лагерлері құрылды.

Көп жылдар өткен соң Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен КАРЛАГ пен АЛЖИР тоталитаризмнің адамгершілікке жатпайтын сипатын айғақтайтын тарихи мемориалдық кешендерге айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң болды.

2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді.