×
472.17
495.5
7.57
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.17
495.5
7.57

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 16 млрд теңгеден астам қаржы төленді

31.05.2022, 12:29
фото: ашық дереккөзден

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына әлеуметтік қолдау түрінде 16 млрд теңгеден астам қаржы төленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

«31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 16,1 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», – дейді министрлік.

1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде «халық жауларын» анықтау саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды. Олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы - ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылық құрбаны болды.

Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.

1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мың шамасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

2003-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері - 2 385 теңге мен (3/4 АЕК) 318 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2022 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 2,1 млн теңге қарастырылған, - деді ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Бұдан басқа саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2022 жылы - 3 403 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

«2005 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2022 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 29 648 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды», - деді Ниязов.