×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

Жүзден жүйрік EcoJas, үздік жобалар мен $2 мың грант: Елордада жас экологтар бәсекеге түсті

03.06.2022, 14:31
Коллаж: ulysmedia.kz.

Күні кеше ғана ел астанасында 3700-ден астам оқушы қатысқан EcoJas жобасының ақтық сайысы өтті. Мыңдаған оқушының ішінен іріктеліп шыққан 20 шақты команда экологиялық жобасын сарапшы – төрешілердің сынынан өткізіп, мықтылары өз жобасын жүзеге асыру үшін 2 мың АҚШ долларының грантын ұтып алды. Расында да, EcoJas атына сай өрендердің өнері таңғалдырады. Жас болса да бас болып келген экологтардың жобасы шынында да өміршеңдігімен тамсандырады. Ulysmedia.kz порталының тілшісі оқушылардың ақтық сайысын бастан аяқ бақылап, оқушылармен әңгімелесіп, жастардың экологиялық проблемаларға қызығушылығы бағытында сарапшы-төрешілердің пікірін тыңдап қайтты.

Мыңнан іріктелген мықтылар

EcoJas экологиялық жобасын «Шеврон» компаниясымен серіктестікте Ұлттық еріктілер желісі ұйымдастырған. Бұл жоба – 9-11 сынып аралығындағы мектеп оқушыларына арналған танымдық жоба. Оның мақсаты балаларды экоағартуға бейімдеп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға дағдыландыру. Жоба жыл басында басталып, Ақмола және Қарағанды облыстарының 73 мектебінен 3700-ден астам оқушыны қамтыған.

EcoJas жобасының ақтық сайысына жеткен оқушылар

Сайысқа Ұлттық волонтерлер желісінің басшысы Татьяна Милонюк, «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова, Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Дамира Жүнісова, ЮНИСЕФ балалардың өңірлік тұрақтылығы жөніндегі бағдарламаларының Қазақстандағы үйлестіруші Анна Ставкина, Тұңғыш президент – Елбасы кітапханасының мәдени ағарту жұмыстары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, доцент Арман Ешмұратов төрелік етті.

Сайыс төрешілері

Төрешілер қатарындағы Лейла Айтмұханованың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда біздің табиғатқа деген көзқарасымызды өзгерту қажеттілігі туралы мәселе ерекше өткір қойылып отыр. Ал Еcojas сияқты жобалар адамзаттың аса өзекті проблемасын шешуге өз үлесін қосып келеді.

«Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова

«Біз осы тамаша жобаға атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз. Байқауға қатысқан балалар табиғатқа барынша ұқыпты қарап, туған өлкеміздің экологиясына жауапты екенін түсінеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті Лейла Айтмұханова.

Сайыс өткен залға Нұр-Сұлтан қаласының оқушыларымен қатар Қарағанды, Теміртау, Көкшетау қаласының оқушылары тәлімгерлерімен бірге келген екен. Көзінде оты бар оқушылардың ішінде өз жобасының макетімен келгендер де бар. Көпшіліктің алдына шыққан қай-қайсысы болмасын тосылмай, өз жобасын асқан сенімділікпен қорғағаны таңғалдырады. Әрбір аймаққа экология саласындағы тәлімгер – сарапшы бекітіліп, ол қатысушыларға кеңес беріп, оқушылар арасында конкурстар өткізіп, олардың назарын еліміздегі және әлемдегі экология мәселелеріне аударған.

Эко-сөмке, жайылма-суару, эко-жылыжай

Ең бірінші болып өз жобасын онлайн режимде көкшетаулық оқушы Аружан Әлмерденова қорғады. «Эко-сөмке – таза планета болашағы» деген жобасын таныстырған ол зығырдан жасалған сөмке арқылы Қазақстандағы әрбір отбасы экологияға өз үлесін қоса алады деп есептейді. Оның айтуынша, дүкендерден таратылатын кәдімгі цалафан іске жарағаннан кейін бүкіл қалаға шашылып, экологияға зардабын тигізеді. Ал бір реттік экосөмке қаншама цалафанның орнын басып, игілікке жарайды. Бір эко-сөмке құнын оқушы 1500 теңгеге сатып алуға болатынын айтады.

Қарағандылық оқушылар жайылмалы суару жүйесі жобасымен

Онлайн режимдегі таныстырулардан кейін ортаға Қарағандының үш оқушысы шықты. Даниал Нәкенов, Альбина Бапиева, Анель Мусаинова жайылмалы суару жүйесінің жобасын ала келген. Оқушылардың айтуынша, Қарағанды облысында жыл сайын жаңбыр азайып барады. Ал көктемде тасқын болып, кейде ауылдарды шайып кетеді. Қарағандылық оқушылар көктемде тасыған суды шағындап жинап, 35 см биіктікте жайып, даланы көктетуге болады деп есептейді. Әлбетте, бұл жобаны жүзеге асыруға 2 мың доллар жетпейтіні анық. Төрешілер тарапынан да осы күдік сұрақ ретінде қойылған. Алайда оқушылар облыста қаншама дамбы иесіз қалғанын, оның жартылай қуаттылығын пайдаланып, осы жобаны пилот ретінде жүзеге асыруға болатынын келтіреді.

Экожылыжай макеті

Ал Нұр-Сұлтан қаласының №91 мектеп-гимназиясының оқушылары – Айнар Төлеухан, Айзере Қасым, Диана Мырзағалиева экожылыжай жобасын таныстырды. Олардың сөзіне қарағанда әр мектепте экожылыжай салып, оқушыларды экомәдениетке баулуға болады. Оқушылар тіпті жобаның тәуекелдерінде есептеп келіпті. Айтуларынша, инфляцияға байланысты импорттық материалдар қымбаттайтындықтан, экожылыжайға қажетті материалдарды алуға қаражат керек.

«Біз өнімді сату арқылы шығынды өтей аламыз. Ақпан айында экожылыжайды тоқтатамыз. Резервуарлардағы суды ағызамыз. Оқушылар өздері оқитын мектептің оқушыларының арасында сауалнама жүргізіп, оларға «экожылыжай салуға атсалысар ма едің? Біздің мектептің экомәдениетін арттыруға қатысасың ба?» деген сұрақтар қойған. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 82 пайызы ортақ іске атсалысуға дайын екенін айтты», - дейді олар.

Қалдықтарды жарату, экоклуб, көгалдандыру

Сайысқа офлайн қатысқан оқушылардың бәрі де ортаға шығып, жобасын қорғауға барын салды. Теміртаудан келген Вусал Мамедов пен Андрей Ковылкин қалдықтарды пайдаға жарату мәселесін қозғаса, нұрсұлтандық Әмина Мұхаметжан мен Сим Виктория мектеп ауласын көгалдандыру бағытында жоба әзірлеген. Қарағандылық Дарья Панарина мен Никита Бушуев тіпті қолданыстан шыққан батарейкаларға тұтас зерттеу жүргізіп көрген екен. Олардың тұжырымдауынша, батарейкаларды бостан-бос далаға тастауға болмайды. Себебі ол топыраққа зиян келтірумен қатар, әртүрлі ауруларды да туғызуы мүмкін.

Көкшетаулық оқушылар Сәния Төленова мен София Аминова экоинтерьер бағытында жоба даярлапты. Ал елордалық Мира Сұлтанғалиева экоклуб ашуды көздейді. Көпшілік жобаның ішінде Ажар Кәкімова мен Тимур Камаловтың да жобасы ерекше. Олар қағаз, шыны, тамақ қалдығын жеке-жеке салуға болатын қоқыс жәшігін әзірлеп, оның макетін ала келген. Ыңғайлы әрі тартымды жоба көпшіліктің көңілінен шықты. Қалдықтарды екінші рет өңдеу жобасын қарағандылық Сейтзада Мұхамед ала келген.

Ал көкшетаулық Дария Нұртазина мен Айым Қайыркеш күн энергиясын қалайша қуаттың балама көзі ретінде пайдалануға болатыны жөнінде жобасын таныстырды.

Экоконтейнер макеті

Оқушылардың бәрі де сұрақтарға шама-шарқынша жауап беріп жатты. Төрешілер де барынша әділ болуға тырысты. Әлбетте, кез келген жобаға ересектің көзімен қарау – өткір сын. Өйткені жобаны қаржыландыру мәселесіне келгенде оқушылардың ескермей қалатын мәселелері болуы мүмкін. Алайда қаржыландыруға келгенде де ұтымды жауап айтып, төрешілерді таңғалдырған оқушылар болды.

Жастардың энергетикасы

Оқушылар жобасын қорғап болғаннан кейін төрешілерге оларды бағалау, лайықтысын таңдау оңайға түспегені анық. «Шеврон» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұхановаға жақындағанымызда ең бірінші кезекте жастардың энергетикасына таңғалғанын айтады.

«Балалардың энтузиазмы тамсандырады. Әрбірінің өз жобасына қаншалықты зор ынтамен, ықыласпен келгенін байқадыңыз ба? Өз жобаларына формальды көзқарас танытпай, өміршеңдігіне сенгенін байқаймыз. Теміртау, Қарағандыдан келген оқушылардың экологиялық проблемаларды бір кісідей білетініне көзіміз жетті. Проблеманы білгеннен кейін өзінің шешімін де көпшілік алдында көрсетіп жатыр. Бәлкім, кейбір жобалар соңына дейін пісіп-жетілмеген де шығар. Өйткені олардың әлі де жас екенін ескеру керек. Дегенмен олардың жас болғанына қарамастан осындай өзекті мәселелерге бас қатырып, балтыры сыздап жатқаны – өте жақсы нышан», - дейді Лейла Айтмұханова.

Оның айтуынша, балалардың жас болғанына қарамастан барлық жобасын жүзеге асыруға болады. Серіктес табу, бюджетін қарастыру жағын шешсе, қай-қайсысы да өміршең жобаға айналуы мүмкін.

«Мәселен, экомузей – меніңше, дап-дайын жоба. Материалдары да. Жайылма суару жүйесін де алып кетуге болады. Жалпы «Шеврон» компаниясы EcoJas секілді жылына дәл осындай 20-25 жобаны жүзеге асыруға атсалысады. Аудиториямыз үлкен. Біздің жобаларға тартылған аудиторияның 90 пайызы жастар. Білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, экологиялық ағарту бағытында жобаларға баса мән береміз. Ұлттық еріктілер желісі ұйымдастырған осы жоба – пилоттық бастама», - дейді Лейла Айтмұханова.

Ал Ұлттық еріктілер желісі өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта жоба жалпыреспубликалық сипат алуы мүмкін. Яғни 4 қаламен шектелмей, басқа қалалардың да оқушыларының қатысуымен жобаның аясы кеңейеді.

«Осыдан екі жыл бұрын бір сайыста дәл осындай оқушылардың жобасына төрелік еткеніміз бар. Ол тұстағы жобаларды бүгінгімен салыстыра алмайсың, өйткені бұл күнде оқушылар жоба даярлау жағынан біраз жетістікке жеткенін көріп отырмыз. Әлбетте, бұл пилоттық жоба. Жалғасуын тілейміз. Басқа да өңірлерден өтінім көп түсіп жатыр. Жалғыз 9-11 сыныптардан емес, 7-8 сыныпта оқитын оқушылардың талабы ұшан-теңіз», - дейді Ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Милонюк.

Жеңімпаздар!

Жоғарыда айтқанымыздай, 9-11 сынып оқушылары жайылма суару, экомода, экоинтерьер, органикалық шаруашылық, қатты-тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, экомәдениет және экоқұрылым сияқты жобаларын таныстырған. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу, презентация дизайны және SMM-де жылжыту бойынша онлайн-шеберлік сабақтарынан өтті. Ал 5-8 сынып оқушылары көркем шығармалар, қалдықтардан үстел ойындарын, ертегілер, комикстер құрастырып, әлеуметтік желілер үшін экология тақырыбында бейне түсірді. Сондай-ақ, оқушылар үшін ойын және интерактивті форматта мастер-кластар ұйымдастырылды, онда олар экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Байқауға төрт қаладан барлығы 460 жұмыс қабылданған.

Байқау қорытындысы бойынша келесі қатысушылар жеңімпаз атанды:

Жобаны іске асыруға ақшалай гранттарды төмендегі оқушылар иеленді:

  • Қасымбекова Марал (Нұр-Сұлтан);
  • Кәкімова Ажар (Көкшетау);
  • Мамедов Вусал, Ковылкин Андрей (Теміртау);
  • Нәкенов Даниал, Бапиева Альбина, Мусаинова Анель (Қарағанды);

Вусал Мамедов пен Андрей Ковылкин

5-8 сыныптар арасындағы байқаудың финалистеріне естелік және бағалы сыйлықтар берілді, олар: портативті колонкалар, үстел ойындары, кітаптар сериясы және экология бойынша жинақтарға ие болды.

5-6 сынып оқушылары арасындағы жеңімпаздар:

  • Молдағали Каусар (Нұр-Сұлтан)
  • Сәрсекова Аружан
  • Орымбаев Арман
  • Абдрахманова Медина
  • Ағабек Аида
  • Болатова Аружан
  • Қайыргелды Шерхан
  • Мален Жанерке
  • Мамиржанов Самандар
  • Нығмет Айару
  • Омертаева Альмира
  • Тәңірберген Балауса
  • Усман Қарлығаш (Нұр-Сұлтан)
  • Есембай Самир
  • Мельникова Дарья
  • Габрилайтис Максим
  • Файзуллин Руслан
  • Мятлик Владислава (Қарағанды)

7-8 сынып оқушылары арасындағы жеңімпаздар:

  • Чичулин Павел (Қараганды)
  • Храмова Софья,
  • Федякин Михаил,
  • Калугина Елена,
  • Шевченко Игорь (Қараганды)
  • Амантай Жантөре Абзалулы
  • Магат Дария Канаткызы
  • Темиргалиева Аида Ергалиева
  • Кучербаева Дарига Асхатовна
  • Шамшанов Асанали Мәдиұлы ұр-Сұлтан)

«Жобамыздың осылай бағаланып жатқанына қуаныштымыз. Аздап толқып тұрмын. Жан-тәнімізді салып, Андрей екеуіміз біршама еңбектенген едік. Еңбегіміздің ақталып жатқанына қуаныштымын», - дейді жеңімпаз Вусал Мамедов.

Сайыстан осылайша оқушылар дос тауып, араласып, жобасын көрсетіп қайтты. Елбасы музейін аралап, елорданың іргелі нысанына тамсанғандарын айтып жатыр. Тәлімгерлері де риза. Кеш соңында оқушылар ұйымдастырушылармен, төрешілермен бірге естелік фотосуретке түсіп, көңілді тарқасты.