×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

«Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» экологиялық бастамаларды бірлесіп қолға алуға келісті

08.06.2022, 12:04

«Шеврон» корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қазақстанда көміртегі шығарындыларын азайту саласында әлеуетті жобаларды зерттеу үшін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» көміртегіні ұстап қалу, кәдеге жарату мен сақтау (CCUS), төмен көміртекті сутегіні пайдалану, метан шығарындыларын басқару, энергия тиімділігін арттыру және көміртегі бағасын іштей белгілеу тетіктерін енгізу саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттеуді жоспарлап отыр.

Меморандумға «Шеврон» Еуразия бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесс және ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында Шетел инвесторлары кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы қарсаңында «Шеврон» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Джей Джонсонның қатысуымен өткен ресми кездесу аясында өтті.

«БҰҰ Климаттық амбициялар саммитінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіге бейтарап мемлекет болатыны туралы мәлімдеме жасаған еді. ҚазМұнайГаз өз тарапынан көміртек ізін 2031 жылға қарай 2019 жылдың деңгейінен 15 пайызға қысқартуды мақсат етіп отыр. Алдағы уақытта да Париж келісімінің және әзірленіп жатқан еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету жөніндегі стратегиясының міндеттеріне сәйкес жан-жақты жұмыс істемек. Дегенмен карбонсыздану біз үшін жаңа сала. Шевронның мұнай-газ саласында озық технологиялар мен жетістіктерді енгізудегі мол тәжірибесі біздің әлеуетімізді арттыруға септігін тигізіп, болашақта энергетика көздерін жаңарту бағытындағы төмен көміртегі жобаларын бірігіп іске асырамыз деген сенімдеміз», – деді ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

«Шеврон» отыз жыл бойына Қазақстанның инвесторы болып келеді. Біз берік қарым-қатынасымызды мақтан тұтамыз және елдің энергетикалық болашағына инвестиция құюға ұмтыламыз. Бүгін «ҚазМұнайГаз» компаниясымен жасалған меморандум Қазақстанның энергетика саласын дамыту жолында компанияларымыздың қолдау ниетінің жаңа кезеңі іспетті, - деді Магнесс мырза. – Біз Қазақстанның жасыл энергияға көшу мен көміртегі шығарындыларын азайту бағытында біраз жұмыс атқаратынымызға кәміл сенеміз. «ҚазМұнайГаз» компаниясымен орнаған ынтымақтастықтың арқасында біз қолжетімді, сенімді әрі таза энергияны қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосып, біздің өнімді пайдаланатын салалар мен клиенттерімізге көміртегі шығарындыларын азайту мақсатына жетуде қолдау көрсетеміз деп үміттенеміз».

«Шеврон» болашақты төмен көміртекті энергетикамен байланыстырады. Парижде қабылданған келісім аясында шығарындыларды қысқарту жөніндегі жаһандық міндеттерді орындау үшін ынтымақтаса отырып жұмыс істеуіміз керек. Біз «ҚазМұнайГаз» компаниясымен төмен көміртекті дамыту саласындағы әлеуетті жобаларды бірге зерттеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және Қазақстанның таза энергия көздеріне көшу үрдісіне мол үлес қосуды көздеп отырмыз, - деді 2021 жылы көміртегіні ұстап қалу, кәдеге жарату мен сақтау (CCUS), төмен көміртекті сутегіні, жаңартылатын отын түрлерін, оффсеттерді пайдалану саласындағы және басқа жобалармен жұмыс істеу үшін құрылған «Chevron New Energies» бөлімшесінің президенті Джефф Густавсон

«Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының ынтымақтастығы – бұл Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету мақсаттарына қолдау көрсетудің нақты көрінісі.