×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

"Азовсталь" үшін арпалысқандар: Ресей Украинаға 210 жауынгердің сүйегін берді

08.06.2022, 17:29
фото: ашық дереккөзден

Ресей Мариуполь қаласын қорғаған 210 жауынгердің денесі Украинаға берді. Марқұмдардың дені "Азовсталь" комбинатын қорғауға қатысқан. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы хабарлады.

Орталық Азияның жаңалықтар қызметінің жазуынша, Ресей жағы бұл туралы әзірге мәлімет таратқан жоқ.

Өткен аптаның соңында Украина Ресеймен қаза тапқан сарбаздардың сүйегін алмастыратынын жариялады. "Азов" полкының өкілі Анна Головко 2 маусымда тараптар Запорожье облысындағы майдан шебінде 160 сүйек алмастырғанын растады. Мұнда "Азов" полкының кем деген 52 сарбазының мәйіті бар екені хабарланды. Киев ДНҚ анализі арқылы мәйіттердің кімдікі екенін анықтап жатыр.

Екі айдан астам уақыт бойы Мариуполь қаласындағы "Азовсталь" зауытын қорғаған украин жауынгерлері мамыр айының ортасында тұтқынға беріле бастады.

ТАСС мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, "Азовсталь" зауытында берілген мыңнан астам украин жауынгерін Ресейге алып кеткен. Оларды тергеп жатыр.

Агенттік мәліметін Ресейдің ресми билігі растамады. Басқа да ақпарат құралдары бұл туралы қосымша мәлімет таратпады.

Ресей жағының ресми мәліметінше, 2,5 мыңға жуық украин жауынгері тұтқынға түсті. Украина президенті Владимир Зеленский де осылай деп отыр. Оларды әуелі Ресей бақылауындағы жікшіл аймақтарда орналасқан колонияларға жеткізген.

Украина президенті тұтқындағы жауынгерлерді елге қайтару үшін Киев қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын бірнеше мәрте мәлімдеген. Ресей жағы оларды алмастыру туралы ештеңе айтпады, бірақ тұтқындағы жауынгерлер сотталуы мүмкін екенін жоққа шығармады.