×
467.99
488.82
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
467.99
488.82
7.7

Ninety One, Kalifarniya, The Limba мен ИК: Алматыдағы BEU Fest мыңдаған тыңдарманның басын қосты

12.06.2022, 12:12
Фото: Ulysmedia.kz

11 маусымда Алматыда кейінгі жылдары өткізілмей кеткен ең керемет ән кештерінің бірі – BEU Fest ұйымдастырылды. Іс-шараға елдегі ән өнерінде аты шыққан 20-ға тарта әнші мен мыңдаған жанкүйер бас қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

BEU Fest сахнасында Қазақстанда дәл қазір даңқы шыққан әртістер өнер көрсетті. Олардың ішінде: Ninety One, The Limba, Yenlik, Moldanazar, 104, Raim, Darkhan Juzz, Taspay, jeltoksan., Hey Monro, Kalifarniya, Alpha, Ирина Кайратовна, Marhaba Sabi, ARO, abdr., JETI, Qonyratbay Fam, dudeontheguitar, Rauana болды.

Сонымен бірге өз өнерін көрсетуге Қырғызстаннан Ulukmanapo мен Bakr, Өзбекстаннан Ato Woody келді.

Фестиваль Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешенінің аумағында өткізілді. Ұйымдастырушылар әу баста ең жанды дауыста болатын концерт өтетіні туралы уәдесін орындағандай болды. Концерт бес сағатқа созылды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Жаннұр Айдарбекованың айтуынша, BEU фестивалін өткізу идеясы оларға екі жыл бұрын келген. Алайда карантиннің салдарынан оны өткізу мүмкіндігі биыл ғана туып отыр.

«Фестивальді ең бірінші кезекте қатысушылар қолдады. Олардың дайындыққа салған күш-жігерінен, талпынысынан осыны байқауға болады. Бүгін әр әнші өзінің ел аузында жүрген 2-3 әнін шырқайды. Қатысатын әншілер мен топтардың саны 22. Жанды дауыста ән шырқайды», - дейді ол.

Айдарбекова сонымен қатар не үшін фестивальдің BEU деп аталатынына да тоқталды. Оның айтуына қарағанда, бұрынғы заманда ақындар ән немесе жыр сайысын ұйымдастырғанда бірін-бірін «беу» деп қолдап, тіпті сол жиындарын да «Беу» деп атаған.

«Біздің идея – бебеулеткен, беулеткен ән мен өнерді осында көрсету. Жиылған жастар әншілермен әнді бірге шырқап, тамсанса дейміз. Ең бірінші кезекте, біздің жастар кумирін басқа елдерден іздемесе дейміз. Біздің міндет – оларды қолдау», - дейді ұйымдастырушы.

Фестивальдің жүргізушісі – Қазақстанның белді де белгілі шоумені Марат Оралғазин. Оның айтуынша, ел әртістерін біздің отандастарымыз ғана емес, шет елдер де көп тыңдайды, тамсанады.

«Біз өз түп-тамырымызға оралып келеміз. Қазақстанда тұрамыз, бәріміз қазақпыз! Дәл қазір трендте қазақ тіліндегі әндердің танымал болуы логикаға сияды әрі бұл әділетті. Бұл жерде қазақ өнерінің бір бөлігін өз өнеріне енгізе білген әншілер де көп. Музыка – біз экспортқа шығаратын ең негізгі өнім деп есептейміз. Міне, біздің креативті индустрия дегеніміз осы! Қазақстанның музыкасы айрықша әрі бірегей», - деп өз әсерін айтады шоумен.

Ulysmedia.kz порталының тілшісі сонымен бірге іс-шараға келген меймандармен де тілдесті. Олардың арасында Алматының әр жастағы тұрғындары бар. Отандық эстрадаға деген махаббат олардың ойы мен мүддесін бір арнаға тоғыстырған.

«Іс-шараның өтетініні Instagram арқылы білдім. Біздің музыка ерекше дамып келе жатқанын, әсіресе бұл үрдіс карантинненн кейін байқалғанын көреміз. Бәрін тыңдаймын», - дейді студент бойжеткен Әлия.

Концертке бүкіл отбасымен келген адамдар да бар.

«Мен өзімнің 13 жастағы баламды ертіп келдім. Сіңлім де келдім. Отандық музыканттарды әрдайым тыңдап жүрміз. Оларды өнер жылдан жылға жақсарып келе жатқанына куәміз. Қызыммен бірге Ninety One мен Nazima-ны тыңдаймыз», - дейді әйелдердің бірі.

Алматылықтардың айтуынша, осыншай ауқымды іс-шара шаһарда көптен бері болмаған.

«Менің атым Сабина. Өзім жақсы көретін әншілерді тыңдауға келдім. Ұзақ уақыттан кейін оларды өз көзіммен көру үшін арнайы келдім. Ninety One тобын тыңдаймын. Концерттер бізде көптен бері өтпей кетті ғой. Керемет», - дейді алматылық бойжеткен.

Ал мына жас жігіттер фестивальге достарының туған күнін атап өту үшін келіпті. Туған күн иесі отандық мамандар киноға да, музыкаға да продюссерлікті жақсы жасайтынын атап өтті.

«Бүгін менің туған күнім. Керемет күн! Басқа жерде тойлағанша осында келіп, отандық әншілерді қолдаған дұрыс деп шештім. Уақыт көңілді өтіп жатыр. Продюссерліктің мықтылығынан елге қосымша инвестициялар құйылып жатыр», - дейді ол.

Жалпы фестивальде бәрі мәз-мейрам. Тыңдармандар отандық музыканың әуеніне тамсанып, достарының ортасында көңілді уақыт өткізді.