×
468.45
489.06
7.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.45
489.06
7.66

Bek Air ұшағы апаты: Алматы облысында 4 шенеунік сотталды

14.06.2022, 09:10
фото: ашық дереккөзден

2019 жылдың 27 желтоқсанында Bek Air әуе компаниясының апатқа ұшырауына байланысты Алматы облысына қарасты Талғар ауданында бұрын әкімдікте істеген бірқатар лауазымды тұлға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  аудандық сотқа сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, 2017-2019 жылдары сотталушылар Қызылту ауылынан тыс жердегі мемлекет меншігіндегі бос жерлерді иеліктен заңсыз шығарған. Шенеуніктер бұл әрекеті арқылы жеке бас байлығын көздеген.

Талғар ауданы сотының 2022 жылғы 10 маусымдағы үкімімен:

- Талғар ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы бастығы Марат Рыспеков 6 жылға;

- Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Мақсат Тыныбай 6 жыл 3 айға;

- Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов 8 жылға;

- Панфилов ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары Құрманхан Галиева 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Талғар ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарған Мадияр Қадыржан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Барлық сотталғандар енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған еді. Bek Air әуе компаниясының ұшағы бетон дуалға құлап, Алматы маңындағы жеке үйді қағып кеткен. Ұшақ апатынан 12 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды. Әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза болды.