×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

QazaqGaz-дан кеткен миллиардтар: Шәріпбаевтың қол астында істеген Брекешов не дейді

15.06.2022, 13:44
Коллаж: ulysmedia.kz.

Осыдан бір апта бұрын Мәжілістегі үкімет сағатында QazaqGaz компаниясының қазіргі басшысы Санжар Жаркешовтың бұған дейінгі заңсыздықтың бәрін ашық айтуға дайын екенін мәлімдегені есіңізде болар. Жаркешов басқарып отырған бүгінгі QazaqGaz – бұрынғы ҚазТрансГаз компаниясын Қаңтар оқиғаларына дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Қайрат Шәріпбаев басқарған. Шәріпбаевтың қол астында қазіргі Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов та қызмет еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Жаркешов айтқан 123 млрд теңге

Мәжілістегі үкімет сағатында QazaqGaz-дың қазіргі басшысы Санжар Жаркешов мемлекет басшысының толық аудит жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан еді.

«Бүгінгі күні, 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық бұзушылықтар табылып, оның ішінен 123 млрд теңгесі құқық қорғау органдарымен анықталды. Қазақта «ауруын жасырған арам өледі» деген жақсы сөз бар. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз», - деді ол депутаттар алдында.

Депутаттар бұл заңсыздық жайлы компания басшысына індете ештеңе сұраған жоқ. Алайда бұл сауал кулуарда айналып келіп Санжар Жаркешовке екінші рет қойылған. Тілшілер одан «газ саласында анықталған делдалдық схемалар мен заң бұзушылықтар қай кездерде болды және оған кім кінәлі?» деп сұраған. Алайда QazaqGaz компаниясының басшысы Санжар Жаркешов бұл сұраққа жауап бере алмады. Компанияны бұрын басқарған Қайрат Шәріпбаевтың қатысы бар ма деген сұрақты жауапсыз қалдырды.

Брекешов неге жауап бергісі келмеді?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтың өмірбаянын шолып шықсаңыз, қазіргі министрдің 2015-2020 жылдар аралығында дәл сол ҚазТрансгаз компаниясында, Қайрат Шәріпбаевтың қол астында жұмыс істегенін көруге болады. Мәжілістің бүгінгі отырысынан кейін Ulysmedia.kz порталының тілшісі министрден осы жайттың мән-жайын сұрап көрді.

«Жаркешов бұрын компанияда миллиардаған қаражаттың заңсыздығы болғанын ашық айтты. Сіз кезінде сол компанияны басқарған Қайрат Шәріпбаевтың қол астында жұмыс істедіңіз. Әрине, ол қаражаттың қайда кеткенін аудит жұмыстары анықтай жатар. Бірақ сіз ҚазТрансгазда атқарған қызметіңізге көңіліңіз тола ма?», - деп сұрақ қойды портал тілшісі.

Бұл сұрақты естігенде министр демонстративті түрде сұраққа жауап бермей, кулуардан кетіп қалғысы келді. Алайда журналистің әріптестері бұл сұрақты министрге тағы қойды.

«Министр мырза, жауап беріңіз. Бес минут уақытыңызды бөліп жауап беріңіз. Компанияда жемқорлық болғаны айтылды. Сіздің бұл жемқорлыққа қатысыңыз бар ма?» деген сұраққа министр қысқаша ғана «жоқ» деп жауап берді.

Министр «Қайрат Шәріпбаевтың қол астында мыңдаған адам жұмыс істегенін» айтып құтылмақ болды. «Сіз Қайрат Шәріпбаевтың арқасында министр болды деген әңгіме бар, рас па?» деген сұраққа да министр ештеңе демеді.

Тілшілердің басқа сұрақтарын тыңдағанымен министр дәл осы сұрақтан барынша басын ала қашқысы келетіні байқалды.

«Сізге жауап керек пе? Менің кабинетіме келіңіз. Толық ақпарат берем. Менің ешқандай мәселеге қатысым жоқ», - деген министр сұрақтарға кейін жауап беруге уәде берді.

Осы сұрақты қойған журналистерді Серікқали Брекешов кешкі бесте өз кабинетіне шақырып отыр.