Қытаймен шекарада қалып қойған вагондардың иелері миллиардтаған теңгеден айырылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Мұндай деректерді кәсіпкерлер ұсынды дедi LS-ке "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.
"Бизнес өкілдері 8 млрд теңгеге жуық вагон иелерінің шығыны туралы ақпарат берді. Сонымен қатар импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді", - деп атап өтті ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Атап өтсек, бұған дейін "Ақ жол" партиясының депутаттары 170 млрд теңге туралы хабарлаған болатын.
"Қазақстандық жүктерді қабылдаудың нашарлауына байланысты ірі тау-кен металлургия компаниялары іс жүзінде 3 566 211 тонна немесе ҚХР-ға өнім экспорты бойынша тиеу жоспарының 77% (4 624 011 тонна) тасымалдады. Жоғалған табыс шамамен 142 млрд теңгені құрады", - деп еске салды Темірханов.
Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлер контрагенттер тарапынан айыппұл санкцияларынан аулақ бола алады. Спикердің айтуынша, бұл үшін Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ҰКП мен мемлекеттік органдардың хаттары негізінде форс-мажор туралы куәлік береді. Сонымен қатар бұл кәсіпкерлер жосықсыз жеткізушілер тізіміне енбейдi.
"2020 жылы форс-мажор туралы 33 куәлік берілді, бұл 102 млн теңге сомаға бизнестің мүдделерін қорғауға мүмкіндік берді. Ал қаңтар-тамыз айларында 2,2 млрд теңге сомаға бизнестің мүдделері қорғалды", - деп түсіндірді Темірханов.
Ол, сондай-ақ, Қытай тарапы Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы транзитпен жөнелтуді ғана қамтамасыз ететін жағдайға түсініктеме берді.