×
467.99
488.82
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
467.99
488.82
7.7

«Астана Балет» театрында «Жібек жолы» балетінің премьерасы өтті

19.06.2022, 10:10

«Астана Балет» театрында ақын Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» балетінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қалың көрермен қауым балет премьерасын ыстық ықыласпен қабылдап, музыка мен хореография өнерін ұштастырып, ғажайып көңіл-күй сыйлағандары үшін сүйікті әртістеріне, қойылым тобына зор қошеметін білдірді. Премьераны Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та тамашалады.

«Жібек жолы» – біріне-бірі ұқсамайтын еуропалық және азиялық мәдениеттерді бірімен-бірі жалғаған жібек жолының тарихы. Жібек жіптің мықты болғаны соншалық, уақыт өте ол Ұлы Жібек жолына айналды. Дәстүр, мәдениет, музыка – осының бәрі бір жобада тоғысты. Адам баласының тілі әртүрлі, ал, өнер тілі – адам жанының, эмоциясы мен сезімінің тілі», - деген ойымен бөлісті, «Жібек жолы» балеті идеясының авторы Әсел Исабаева.

«Мен үшін «Жібек жолы» жай ғана спектакль емес. Бұл ішкі түйсігіңе құлақ түре отырып жұмыс істеу мүмкіндігі. Себебі, Жібек жолы тақырыбы өте ауқымды әрі берекелі. Спектакль идеясының тұғиығына шомған сайын, оның түпсіз терең әрі шексіз бай екенін ұғынасың», - деді хореограф Мукарам Авахри.

 

Балет қойылымына танымал өнер қайраткерлері ат салысты: композиторлар – Арман Амар, Ренат Ғайсин, Владимир Иванофф және Омар Фарук Текбилек, костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.

«Маған осы жобаға арнап музыка шығару өте қызықты болды. Жалпы осы идеядан шабыт алдым. Музыканы шығарған кезде мен табиғи дыбыстарды қолдануға тырыстым. Менің алдымда хореография үшін белгілі бір акустикалық ландшафт жасау міндеті тұрды. Әрқайсымыздың шығармашылық еркіндігіміздің рұқсат етілген стилистикалық және тәжірибелік шекарасын алдын-ала белгілеп, орнаттық. Осы шығармашылық ынтымақтастықтың жемісі музыка мен хореография үндескен нақты көркемдік тұжырымдаманы дүниеге әкелді деген үмітім бар. Өз басым үшін бұл қойылым – табысты шығармашылық альянстың жарқын мысалы», - деді композитор Ренат Ғайсин.

Бұл спектакльде бас кейіпкер, нақты сюжет желісі жоқ. Тек қана бейнелер алмасып отырады. Керуеннің, нефриттің, жібек матасы мен жібінің, амфоралардың бейнесі өз бетінше көркем ғана емес, сонымен қатар, «сахнаға

сай». Қиялыңа қанат бітіріп, түрлі пластикалық шешімдерді іздеуіңе, соған

сәйкес, хореографиялық бейнелерді табуыңа түрткі болады. Музыка мен би – уақыттан тыс құбылыс, сондықтан, түрлі өркениеттердің кілтіне айнала алады. Бірін-бірі алмастырған көріністер, сахнадағы іс-әрекет көрермен қауымды шексіз сапарға бастайды. Мұнда идеялар мен ұғымдар – мәдениеттер тоғысында пайда болып жатады.      

«Көркемдік тұрғыдан біз минимализмге ұмтылдық, ойымызды белгілі бір мәдениетпен бірден байланыстыратын бейне арқылы жеткізуге тырыстық. Барлық бейнелер көрерменнің алдында жүзіп, бір-бірімен астасып, өмірдің метафораларына айналады, яғни, бұл жалғанның баянсыздығын, құбылып тұратынын еске түсіреді», - деген ойымен бөлісті, сценограф Асқар Ысқақов.

Бейнесуретші Нұрлан Керейдің де ойы қойылым тобының сөздерін қуаттап отыр: «Бүгінде адам баласы көзбен көргенін бағалайды, сондықтан проекция, дыбыс, жарық және костюмдер ұмытылмас сезімдердің біртұтас ансамбліне біріктірілуі керек. Бұл қойылымдағы визуализация стилі минималистік, ал мағынасын проекциялардың формалары мен түстерінің үйлесімі негізінде түсінуге болады. Әрбір көрермен сезімі мен қиялына ерік беріп, осы қойылымды өзінше түсініп, өзінше қабылдай алады».

«Қойылым тобына, «кадрдан тыс» қалатын, алайда, оларсыз спектакль қою мүмкін емес барша жанға алғысымды білдіргім келеді. Қалың көрерменге де алғысым шексіз. Себебі, біздің шығармашылығымыздың түп қазығы көрермен», - деп қорытты ойын Мукарам Авахри.