Қазақстанда 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер саны 30%-ға артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Соңғы бес жылда Қазақстанда 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер саны 30%-ға өсті. 2022 жылы олардың саны 76,7 мың адамға жетті", - делінген Экономикалық зерттеулер институтының хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, зейнеткерлік жастағы кадрлардың көбі Ақмола – 18,7 мың және Қостанай – 17,8 мың облыстарында байқалды. Олар ел бойынша ресми түрде еңбекке тартылған зейнеткерлердің жалпы санының 24%-ын құрайды.
Сондай-ақ, Павлодар облысында 8,2 мың зейнеткер, Солтүстік Қазақстан облысында – 8 мың, Қарағанды облысында – 7,2 мың зейнеткер жұмыс істейді.
Зейнеткерлік жастағы кадрлардың ең азы Шымкент (91) пен Маңғыстау облысында (113), ал Батыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында жұмыс істейтін зейнеткерлер тіркелмеген.
САрапшылардың сөзінше, егде жастағы адамдарда еңбек қызметін жалғастырудың көптеген себептері бар: белсенді өмір салтын ұстану қажеттілігі, жалғыздық пен қоғамға керексіз болып қалудан қорқу, зейнетақының аздығы.