×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Қайрат Сатыбалдының компаниясын елдегі ең ірі газет «асырап» отыр

22.06.2022, 09:18
фото: ашық дереккөзден

Қамаудағы Қайрат Сатыбалдының компаниясын «Егемен Қазақстан» газеті «асырап» отыр.  Бұл туралы журналист Мият Кәшібай өзінің Телеграм-каналында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандағы ең ірі мемлекеттік газет «Егемен Қазақстан» жыл сайын газет қағазын сатып алуға қыруар қаржы жұмсайды. Басылым газет қағазын кейінгі жылдары тек «Дәуір Сервис» ЖШС-дан сатып алып жүр. Ал бұл компания Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның анасы Светлана Назарбаеваға тиесілі.

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, «Егемен Қазақстан» мен «Дәуір Сервис» 2016 жылдан бері 18 келісімшарт жасасқан. Олардың жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық. Қос тарап арасындағы ең ірі келісімшарт биыл наурызда жасалды. Құны – 1 млрд 107 млн теңге. Келісімшарттың техникалық сипаттамасына қарағанда, «Дәуір Сервис» ЖШС бір жыл бойы (2022-нің 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін) Қазақстанның 12 қаласына газет қағазын жеткізіп беріп отыруға тиіс.

Негізі «Егемен Қазақстан» АҚ газет қағазын сатып алу үшін үнемі ашық конкурс жариялайды. Бірақ конкурсқа бір ғана компания («Дәуір Сервис» ЖШС) қатысқандықтан тендер өтпеген болып есептеледі. Ал Мемсатып алу туралы заңға сәйкес, тендер жеңімпазы ашық конкурс арқылы анықталмаған жағдайда тапсырыс беруші конкурсқа қатысқан жалғыз компаниямен «бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы келісімшарт жасасуға міндетті. «Егемен Қазақстан» АҚ мен «Дәуір сервис» ЖШС арасындағы 18 келісімшарттың 16-ы осындай сценарий бойынша жасалған.

Елдегі ең ірі мемлекеттік газеттен жыл сайын миллиардтап тендер алып отырған «Дәуір Сервис» ЖШС 2003 жылы құрылған. Сол кезден 2019 жылдың ақпанына дейін компанияға Светлана Назарбаева жалғыз өзі иелік етті. Үш жыл бұрын, яғни, 2019 жылдың ақпанында компания құрылтайшылараның қатарына Светлананың үлкен ұлы Қайрат Сатыбалды да қосылды. Бірақ биыл ұсталарынан бір ай бұрын, яғни, ақпан айында Қайрат Сатыбалды компания құрылтайшыларының қатарынан шығып кеткен.

Қамаудағы олигарх Қайрат Сатыбалды мен анасы Светлана Назарбаеваның «Дәуір Сервис» ЖШС-дан бөлек, «Дәуір» деп аталатын баспасы да бар. Экс-президент Назарбаевтың жақын туыстарына тиесілі бұл баспа да жыл сайын миллиардтаған теңгеге мемтапсырыс алып отыр.