×
468.9
485.64
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.9
485.64
7.7

Күресіміздің бәрі бір-ақ күнде кері кетті – Азамат Батырбаевтың адвокаты

22.06.2022, 10:16
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, полиция бөлімінде үтік басылып, азапқа ұшыраған Азамат Батырбаев өзіне тағылған айыппен келіскені туралы бұған дейін ақпарат тараған. Кейін оның адвокаты Бауыржан Азанов бұл ақпаратты растаған. Ulysmedia.kz порталының тілшісі Батырбаевтың адвокатымен тілдесіп, істің мән-жайын біліп көрді.

– Азамат Батырбаевтың тергеу органдарымен келісімге келгенін жаздыңыз. Сонда Азамат өзіне тағылған қандай айыппен келісіп отыр?

– Азамат Батырбаевқа бір ғана айып тағылған. Ол Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1 бөлігі (жаппай тәртіпбұзушылыққа қатысу). Адвокаттық сауалым бойынша маған құзырлы органдар осындай бап бойынша сараланып тұрғанын айтқан. 

Жалпы Азаматтың ісімен жүргеніме 4-5 ай болды ғой. Өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Өз аузымен процессуалдық келісімге келмеймін деген. Бірақ ол келісімге қол қойғанын кейін білдім. «Қол қоя салдым» дегеніне таңғалдым.

– Сіз сонда Азамат Батырбаевпен бұдан ары жұмыс істемейсіз бе?

– Мәселе менің жұмыс істемегенімде емес. Ол өзі осылай істі тоқтатып, бітіріп тастады.

– Жалпы түсіндіріңізші. Азаматтың өзіне тағылған айыппен келісуі істің бетін қалай өзгертеді?

– Яғни оған тағылған айып бойынша тергеу амалдары болмайды. Бітті деген сөз. Сот болады. Сотта процессуалдық келісімді бекітіп береді.

– Азаматтың айыпталушы ретіндегі ісі солай делік. Ал үтікпен азапталып, жәбірленуші ретінде танылған ісі не болып жатыр?

– Түк те болып жатқан жоқ. Жан-жаққа арыз, өтініш жазып, шағымын өткізіп жүрмін. Алматы облысының прокуратурасына, Бас прокуратураға, Мәжіліс пен Сенатқа – қозғау үшін бәріне барып жүрмін. Біреуін қаматтық. Әлі екеуі бар. Оларды қамату керек. Салпаңдап жүргеніме міне, 4-5 ай болды. Менің өтініш-хатым қанағаттандырылып, бір полицей қамалғанын білесіздер.

Азаматтың процессуалдық келісімінен кейін енді қиын болады. Өте қиын болады. Бір күннің ішінде істеген жұмыстың бәрі кері кетті. Процессуалдық келісімнің оған керек емес екенін, сотта күресіп, өзін қорғап, сотта бәрін дәлелдеуге болушы еді. Бір күннің ішінде өзгеріп кетті. Не себеп болғанын білмеймін.

– Азаматтың құзырлы органмен процессуалдық келісімге келуі Азамат жәбірленуші ретінде танылған іске әсері бола ма?

– Кез келген әрекет, аузын ашып, сөйлеген сөзінен бастап қол қойған қағазына дейін әсері болады. Қандай әсері болатынын құдай біледі. Менің мақсатым – азаптауға қатысы бар полицей қызметкерлерін 146 баптың 3 бөлігімен соттау. Менің білуімше, 146-баптың 2 бөлігі ғана айып ретінде тағылып тұр. Ал маған үшінші бөлігі керек. Аталмыш баптың үшінші бөлігі бойынша ол 12 жылға сотталады.

Өз қорғауыңдағы адам саған солай кедергі жасап тұрған кезде сен оны қалай қорғайсың? Полиция қызметкерлерін қалай жазаға тартасың? Болады, әрине жазалауға. Бірақ өте қиын болады. Қамалған полицейге енді жауапкершіліктен құтылу бәрібір қиын болады. Полицей 27 ақпаннан бері қамауда отыр.

– Ал қалған екеуін қамату туралы әрекетіңіз әзірге нәтижесіз болып тұр ма?

– Қозғағысы келмей тұр. Бас прокуратура өкілдерімен де, депутаттармен де кездестім. Менен басқа осы іс бойынша жүрген ешкімді көрген жоқпын. Батырбаевтың өзі 146 бап бойынша арыз жазғысы келген жоқ.

– Күрескісі келмей тұр ма?

– Күресем деген ниетін көріп тұрған жоқпын.

– Азаптау фактілері көп болып тұр. Күні кеше ғана Бас прокуратура 25 адам үтік басып азаптаудан өткенін жария етті. Бірақ азаптау фактілерінің әрқайсысы соңына дейін жетпей, жеткілікті деңгейде тергелмесе, біз осындай сұмдық жағдайлар қайталануы мүмкін секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине. Азаптау фактілерінің қай-қайсысы да соңына дейін тергеліп, кінәлілер жазасын алмаса, онда азаптау әрқашан да қайталануы мүмкін. Анда-санда неше түрлі оқиғалар болып жатқанын естіп, көріп те жүрген шығарсыз. Себебі қандай қылмыс жасаса да кім болсын жазадан қашып құтылмайтынын біздің қоғамда әркім түсінуі тиіс!

– Азаптау фактілері бойынша басқа адвокаттармен сөйлесіп отырсыз ба? Олар не деп жатыр?

– Оларда ешқандай нәтиже жоқ. Бір ғана нәтиже мендегі осы бір полицейдің қамалуы. Басқасы естуімше, айыпталушы ретінде танылғандар – ҰҚК қызметкерлері дейді. Бір ғана полицей. Шын ба, өтірік пе, оны тексерген жоқпын.

Азаптау ісі бойынша күдікті адам бар. Нақты қамалып отыр. Осындай жағдайда қылмыстық-процессуалдық кодекстің 116 бабы бойынша ең басында Батырбаев жауап берді ғой. Сол жауап берген кезде оның берген жауабын кінәсін мойындаған жауабы бар. Соның бәрін жоққа шығарайын дегенмін. Оны жоққа шығаруға болады. 116 бап бойынша азапталу бойынша қабылданған дәлелдер мен айғақтар әлсіз дәлел ретінде заң бойынша танытуға болатын еді. Соны істейін дегенмін. Бірақ мына жағдай менің қолымды жіпсіз байлап тұр.

Еске сала кетсек Қаңтар оқиғалары кезінде Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған Азамат Батырбаевты азаптау ісі бойынша күдіктілер қамауға алынғаны бұған дейін хабарланған болатын. Ulysmedia.kz  порталына сұхбат берген заңгер Бауыржан Азанов Қаңтар оқиғасынан кейін азаптауды бастан өткерген Азамат Батырбаевты уақытша оқшаулағышта ұстау мерзімі тағы ұзартылғанына наразы екенін білдірген еді.