×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

«Болашақ балаларымның анасы»: Әбдірасылов Серғазиева тоқалы екенін жасырған жоқ

22.06.2022, 11:29
фото: ашық дереккөзден

«Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингінің» Басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиевамен жақын қарым-қатынаста екенін мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Arbat.Media Youtube арнасының тілшісі қоғамда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы орынбасарының тағайындалуына қатысты түрлі қауесеттің тарағанын тілге тиек етіп, Әбдірасыловқа «Айнұр Серғазиеваның артында сіз тұрсыз ба?» деп сауалды төтесінен қойды.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалу үшін бірнеше лауазымды адамның алдынан өтіп, сұхбаттасу шарт. Сол адамдармен кездесіп, сыннан сүрінбей өткеннен кейін ғана президентке ұсыныс даярланады. Егер мемлекет басшысы құптаса, жарлыққа қол қойылады. Сондықтан оның (Айнұр Серғазиеваның – ред.) лауазымды қызметке тағайындалуына ықпал ететін мүмкіндігім жоқ», – деді «Зерденің» басшысы.

Дей тұрғанмен, Әбдірасылов Серғазиеваны өте жақсы білетінін аңғартып, оның бітірген университеттері мен қызыл дипломдарын санамалап берді. Бұған дейінгі жұмыс орындарын, ондағы жетістіктерін де жіпке тізді.

«Айнұр – жоғары білімді, жауапкершілігі мол адам. Агенттік төрағасының орынбасарлығына үміткер іздегенде бірнеше компанияға, оның ішінде бізге де хабарласып, кімді ұсына аласыңдар деді. Біз Айнұрдың холдингтегі жұмысты қалай атқаратынын білгендіктен бұл қызметті де атқара алатынына сенім білдірдік», - дейді Әбдірасылов.

Кәсібіне араласпаса да, Серғазиеваның жеке өмірінде ойып тұрып орын алатынын жасырған жоқ.

«Айнұрдың басы бос, мен де бойдақпын. Екеуміз де еркінбіз, біреудің құлы емеспіз. Өздеріңіз суреттен көргендей кездесіп, жақын араласып жүрміз. Болашақта қарым-қатынасымыз қалай боларын тағдыр біледі. Мүмкін болашақ балаларымның анасы болар, оны Алла ғана біледі», - деп ағынан жарылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын желіде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиеваның экс-бастығы, «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингінің» Басқарма төрағасы Арман Әбдірасыловпен аймаласқан фотосуреті тараған еді. Сарапшылар шенеуніктің бұл әрекетін мемлекеттік қызметкер этикасына қайшы деп бағалаған.