×
468.98
493.74
7.59
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.98
493.74
7.59

Орташа бағасы – 6500$: Қазақстандықтар үшін қажылық неге қымбат?

22.06.2022, 13:57
фото: ашық дереккөзден

Екі жылдық үзілістен кейін биыл Сауд Арабиясы үлкен қажылыққа рұқсат берді. Қазақстан үшін бұл сапарға 3000-нан астам орын  бөлінді. Олардың орташа бағасы – 6500 доллар, яғни 2,8-3 млн теңге. Кез келген адамның қалтасы көтеретін сома емес. Қазақстандықтар үшін қажылықтың неліктен қымбат екенін үлкен сапарға барып қайтқан журналист Жарас Ниязбек түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Біріншіден, қажылық – туризм емес. Ақысын төлеп шетелге барып қайтатын жай сапар емес. Алла  шақырған, қалаған пенденің ғана қасиетті жерге табаны тиеді. Дәл осы қажылық уақытында миллиондаған мұсылманды қабылдайтын Сауд Арабиясы қызметтер мен қонақ үй, қауіпсіздік, әуе рейстері сияқтылардың ақысын көтереді. Биыл олар ҚҚС 15% көтеріп тастады. Әдетте, 600-700 доллар болатын әуе билеттер қажылықта 1600-1700$ болады. Себебі, бұл –  табыс көзі”, – деп жазды журналист Facebook парақшасында.

Жарас Ниязбектің сөзінше, Саудия Қазақстанды әл-ауқаты бар, дәулетті, бақуатты ел санайды. Сондықтан ешқандай жеңілдік, қайырымдылық жасалмайды. Тіпті, қажылық квотасы 3000 емес, 5000-6000 сұралса да рұқсат етеді.

“Бірақ елдегі қажылық компаниялар 3000 адамды ғана игеріп жүр. Көпшілік көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, өзге Азия елдерімен салыстырады. Аталған елдер Қазақстаннан 1000-2000$ шамасында арзанға барады қажылыққа. Оның басты себебі, Сауд Арабиясы ол елдерге түрлі жеңілдіктер қарастырған. Тұрмысы төмендеу, экономикасы аса дамымаған деп біледі. Ол елдерден баратын қажылар әл-Харам мешітінен қашықтау, қарапайым жатақхана сияқты баспаналарда тұрады. Демеушілер ас береді”, – дейді ол.

Сондай-ақ, журналист қажылық уақытында барлық қызмет ақысы доллармен немесе жергілікті валюта риалмен төленетінін атап өтті. Ал доллар жазғы демалыс кезінде аспандайды. Бұл жолдама ақысына әсер ететіні даусыз.

Tawaf Travel деген компания басшысымен сөйлестім. “Қажылық сапарын бизнеске айналдырды, бағасы тым қымбат, неге мүфтият тегін апармайды” деген көпшілік көкейіндегі сауалдарды қойдым. Сондағы жауап: Қажылық сапарды ұйымдастыру - бұл белгілі деңгейде бизнес. Компанияда бірнеше менеджер жұмыс істейді. Саудиядан қонақ үй, көлік, тамақ мәселесін ұйымдастыру, Қазақстанда жүздеген адамға құжаттар рәсімдеу, киім тіктіріп, түрлі оқу құралдары мен баспа өнімдерін әзірлеу, билет алу сияқты қыруар жұмыс бар. Валюта бағамы ойнап тұрғанда артық төлем жасап, шығын болатын кездер де бар. Білікті имамдардан гид тағайындау, оларды тегін алып бару тағы бар. Себебі өмірінде бір рет баратын сапар сапалы, дұрыс, шариғатқа сай болу керек. Сонда осынша жұмысты ұйымдастыру нәтижесінде, бәрі дұрыс болса, ешқандай оқыс оқиға болмаса әр адамнан 200$ шамасында пайда көреміз дейді компания басшысы”, – деп түсіндірді Жарас Ниязбек.

Биыл мүфтият арнайы сапармен Сауд Арабиясына барып әуе билеттерінің бағасын 50$ арзандатып, өзге де қызметтерге барынша жеңілдік сұрап қайтыпты.Десе де, қажылық бағасын арзандату мүфтияттың, қажылық компанияларының немесе мемлекеттің қолынан келетін іс емес.