×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Соңғы 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейген – ресми

05.10.2021, 10:25
Соңғы 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейген – ресми
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда қазақ мектептерінен гөрі аралас мектептердің саны көбейіп барады. Кейінгі 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейсе, аралас мектеп бірден 339-ға артқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

АЛДА – АРАЛАС МЕКТЕПТЕР

Мұндай мәліметті Ulysmedia.kz порталының ресми сауалында берген жауабында (орта мектептер бойынша) Білім және ғылым министрлігі көрсетті:

Кестеден қазақ мектептерінің саны 2011-2016 жылдары аралығында тіпті бірден 17-ге азайып кеткенін байқаймыз. Алайда 2016 жылдан бері 27-ге көбейген. Соңғы 10 жылда олардың саны болмашы, яғни 4-ке ғана артқан. Ірі қалаларда жаңадан қазақ мектептері ашылып жатқанымен, халық көшіп кеткен шағын ауылдарда бала санының азаюына байланысты бұл мектептер жабылып жатыр. 

Елде орыс мектептерінің саны азайып барады. Соңғы 10 жылда олардың саны бірден 211-ге кеміген. Осы «үштіктің» ішінде қаулап өсіп келе жатқаны – аралас мектептер. Әр бес жыл сайын олардың саны шамамен 200-ге артып отырған.

ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНДЕ БІЛІМ ЖАҚСЫРАҚ

Бұл тенденцияға не себеп болып отырғанын білім саласындағы және тіл мәселесін көтеріп жүрген сарапшылардан сұрап көргенбіз. Бұрын Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасын басқарған, бүгін де «Binom school» директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, аралас мектептердің артуына бұрыннан бергі «қазақ тілді мектепте білім төмен» деген таптаурын түсінік себеп болуы мүмкін.

«Ірі қалаларда ата-аналар өз ыңғайы үшін бе, әйтеуір балаларын орыс сыныптарына береді. Бірақ қазір қаланың кез келген мектебіне барсаңыз, қазақ тілді бастауыш сыныптардың мұғалімдері қаншалықты жанып тұрғанын көресіз. Ал орыс сыныптарында кадр жетіспейді. Орыс сыныптарда бастауыш мұғалімдеріне түлектер барғысы келмейді. Бұл қажеттілікті жабу үшін орыс сыныптары төртінші курстарда оқитын студенттерді жұмысқа алуға мәжбүр», - дейді Шолпан Қадырова.

Оның айтуынша, орыс сыныптарында оқып жатқандардың дені қазақ балалар. Сарапшы бұл жерде білім саласын кінәлауға болмайтынын, мектеп ата-ананың талабына көнетінін айтады.

«Бәлкім, идеологиялық жұмыс жүргізу керек шығар. Қазір білім сапасы қазақ сыныптарында, мектептерінде жақсы. Квота да қазақ сыныбын бітірген мектептерге көбірек беріледі. Балалардың бәрі қолында смартфон ұстап отыр. Олар тұтынатын контенттің бәрі де – орыс және ағылшын тілінде. Бәлкім, әдеби ертегілер мен роликтерді өз тілімізде эмоционалды тұрғыда берсек, сол арқылы қазақ тілді контентті көбейтсек, балалар тілге бет бұрар ма екен?!» - дейді ол.

ӨЗГЕ ҰЛТТАР ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ЕМЕС

Ал лингвист Қанат Тасыбековтың айтуынша, елдегі тіл саясаты комитеті ата-аналармен жұмыс істеуі керек. Спикердің өзі қазақ тілін елуге келіп, меңгерген.

«Жұрттың бәріне мен секілді елуге келгенде тіл үйретіп жүреміз бе? Балабақшадан бастауымыз керек-тін. Өз басым баласын қазақ тіліндегі балабақшаға бергісі келмеген бірде-бір орысты көрген емеспін. Олар қазақ тілін балаларына үйретуге ниетті. Дені сау адам қосымша тілдің үлкен артықшылық екенін жақсы түсінеді», - дейді ол.

Қанат Тасыбековтың айтуынша, Жапонияда баланы он бір жасына дейін шет тілін оқытпайды деген қоғамда қате пікір бар. Бұл мәселені зерттеп көрген тіл маманы жапон мектептеріндегі бастауыш сыныпта шет тілі ойын пәндері ретінде оқытыла бастайтынын жеткізді.

«Балабақшаларды баяғыдан-ақ қазақ тіліне ауыстыру керек еді. Қазақ мектептерге бергізу жұмысын үгіттеу – тіл комитетінің жұмысы. Олар не істеп жүргенін мен шынында білмеймін. Жұмыстарына қанағаттанбаймын», - дейді ол.

БИЛІК ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БЕТ БҰРУЫ КЕРЕК

Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, 2016-2017 жылдарға дейін елде қазақ мектебіне, қазақ сыныптарына сұраныс та зор болған. Толқын да жақсы еді.

«2017 жылдан кейін бұл көрсеткіш кері шегінді. Оның екі түрлі себебі бар: бірі – билік ресми орыс тілді мектептерге көңіл бөлуін қой терісін жамылған қасқыр форматында жүргізді. Ол – үштілділік саясаты. Сол арқылы құрдымға кетіп бара жатқан орыс тілді мектептерді тірілтуге барын салды», - дейді ол.

Оның айтуынша, екіншіден, мемлекет идеологиясына тікелей жауапты болып отырған адамның қазақ тілін талап еткендерді «үңгірдегі ұлтшылдық» деп бағалап тұрған заманда ешкім қазақ тілінің болашағына сенбейді.

«Міне, сол себепті халық жаппай баласын орыс сыныптарына береді. Сондықтан бұл тікелей биліктің тікелей шешімі деп айтуға болады. Иә, баласын қай тілдегі мектепке беруді ата-ана шешеді. Бірақ ата-ана, халық билік қай жаққа көп көңіл бөледі – сол жаққа баласын береді. Шешімі – билік қазақ тіліне бет бұруы керек», - деп түйді Аятжан Ахметжанұлы.