×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Мұнда балам өзін басқалармен тең сезінеді – Паралимпиада орталығында есте қалар игі шара өтті

26.06.2022, 12:08

Қазақстанда жыл сайын маусымның соңында бұқаралық ақпарат құралдары күні аталып өтеді. Төртінші билік қызметкерлері астанада биыл Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында ерекше қажеттілігі бар балалармен көңілді эстафета өткізді. Журналистер балалармен бір командада ортақ жеңіске ұмтылып, қызу сайыс есте қалар игі шараға айналды. Ulysmedia.kz порталының да тілшісі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ұйымдастырған эстафетаға қатысып, қайсар өрендердің өмірге деген құлшынысын, қуанышын көріп қайтты.

Астанадағы Паралимпиада жаттығу орталығына жиналған журналистер қауымы, блогерлер және бірқатары қоларбаға танылса да, ерік-жігері мойымаған жеткіншектер мен олардың ата-аналары бейімделген спорттан көңілді эстафета өткізді. Шара «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдаған «Саламатты Болашақ» жобасы аясында өткізілді.

Қордың бас директоры Альфия Адиева да бір кездері 31 арнада тілші болған екен. Алдымен журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтаған ол БАҚ қызметкерлерін ерекше қажеттілігі бар балаларды әрдайым қолдап жүруге шақырды.

«Бәріміз бала болдық, балдәурен балалық шақтың дәмін таттық. Биыл Қазақстанда «Балалар жылы» деп жарияланғанын ескерсек, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры балалардың сенімді серігіне айналғанын айтқым келеді. Мысалға, қазіргі уақытта, жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 14 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қоры әрі қарай да балаларды қолдау мәселесіне айрықша көңіл бөлетін болады. Ал, сіздер, «төртінші билік» өкілдері ретінде, балаларға, әсіресе осы ерекше балаларымызға қатысты өзекті мәселелер туралы тұрақты түрде қалам тербеп отырады деген сенімдемін. Мерекелеріңізбен, қадірлі БАҚ қызметкерлері!», - деді Альфия Адиева.

Алдымен БАҚ қызметкерлері мен блогерлерге мамандар орталықтың жұмысымен таныстырды. Мұнда әр адамға өз қажеттілігіне қарай жағдай жасалған. Жаттығу залында біз барғанда біршама азамат жаттығу жасап жатыр екен. Жігерлі жандар мұнда кітап оқып, таныстарымен, достарымен уақытты көңілді өткізетіні көрініп тұр.

«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекованың сөзінше, 2017 жылы жүзеге асырыла бастаған «Саламатты болашақ» жобасында ерекше балалардың ата-аналарының арманын орындау көзделген. Жоба мүгедектігі бар балалар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді проблемаларды шешуге бағытталған және де оқу-әдістемелік әзірлеме, мүгедек балалардың психофизикалық жағдайына жаттығу сабақтарының тиімділігі бойынша ғылыми-зерттеу қызметі, бейімделген спорт секцияларын құру кіреді.

Жоба аясында отандық жоғары оқу орындарында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен ынтымақтастықта алғаш рет бейімделген дене шынықтыру бойынша мұғалімдер дайындау қолға алынып, білім беру бағдарламаларына «Бейімделген дене шынықтыру» пәні енгізілген.

«Мұндай бейімделген спорт секцияларының бірегейлігі - түрлі диагнозы бар ерекше балалармен қатар, секцияларда мүгедектігі жоқ балалар – «ерекше» балалардың дені сау аға-інілері мен апа-сіңлілері спортпен айналысады. Ал жыл бойы спортпен шұғылдану балаларға қымбат тұратын оңалту шараларының орнына нағыз достар табуға, өзіне деген сенімділікті нығайтуға, ынта-жігерді оятуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып, балаларымыз халықаралық дәрежеде жүлделі болуда», - деп әңгімелейді «Samruk-Kazyna Trust» қоры, Паралимпиада жаттығу орталығы сынды әлеуметтік серіктестердің ортақ істегі еңбегін атап өтіп Нұргүл Ұлжекова.

Іс-шара кезінде ерекше қажеттілігі бар балалар мен журналистер төрт командаға бөлініп, қызу сайыс өткізді. Алдымен, допты шеңберге дәл кіргізу, кейін арқан тарту, шар лақтырып ойнау кезеңдерінің бәрі көңілді болды.

Бәсекеде әр баланың бар күшін салуға тырысқаны байқалады. «Сенің арқаңда жеңдік» деген сөзді естіген кезде ерекше қажеттілігі бар балалардың көзі жайнап, рухтанып қалғанын байқадық.

«Мен осы жерге келіп, сіздерді бір сәт қолдау құрметіне ие болғаным үшін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Менің жақын туысым да ерекше қажеттілігі бар адам. Мен сіздерді өте жақсы түсінемін. Келешекте «Samruk-Kazyna Trust» қоры ерекше қажеттілігі бар балалардың әкелері мен шешелерін қолдайтын жобаны қолға алса деген тілегім бар», - деп сөз арасында тілегін білдірді журналист Айнұр Коскина.

Балалардың әкелері мен шешелері де сайысқа қатысып, өренінің өнерін көрсетті.

«Баламды әдетте аулаға алып шыққан кезде жанына жүгіріп балалар келеді. Сәл уақыттан кейін олар жүгіріп қайтадан ойынына кетеді. Сол кезде арбаға таңылған баламның көңіл-күйі түсіп кететінін байқаймын. Бірақ ол бұл орталыққа келген кезде өзін толыққанды адам сезінеді. Өз қатарластарымен ойнайды, күледі. Соны көрген кезде көңілім орнына түскендей болады», - дейді ерекше қажеттілігі бар баланың анасы.

Жиын соңында белгілі қоғам белсендісі әрі блогер Алмаз Ержан Қазақстанда дәл осылай инклюзивті жүйе құруға жағдай жасалуы керектігін, оған мемлекеттің ақшасы жететінін айтып өтті.

Бүгінгі таңда жоба аясында Қазақстанның барлық аймағында дерлік, яғни 16 қаласы мен елдімекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылған. Жыл сайын 720 мүгедектігі бар бала спорттың 10 түрі бойынша «Саламатты болашақ» секцияларына ақысыз негізде барады.