×
475.51
464.15
8.2
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
475.51
464.15
8.2

«Қазақстандағы русофобия»: Ресейдің ресми сылтауы алауыздық туғызу амалына айналуы мүмкін

28.06.2022, 14:13
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ресейдің бас прокуроры Игорь Красновтың осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловпен кездескен кездегі сөзі қазір елде қызу талқыланып жатыр. Красновтың «Қазақстандағы русофобиялық көзқарас туралы маған ақпарат жиі жетеді» дегені ашуландырған көбін. Көрші елдердің ішкі ісіне араласып, тіпті соғыс ашып отырған Ресейдің бұл сигналы тақымды жиып отыруға мәжбүрлейді дейді кейбір сарапшылар.

Қазақстанның ұлтшылдары дайын болсын!

Игорь Красновтың айтуына қарағанда, украиналық үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанда русофобиялық бағытта жұмыс жүргізеді екен-мыс.

«Бұл туралы айтқым да келмейді, бірақ украиналық үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен Қазақстанда русофобиялық бағытта жұмыс қызу жүріп жатқаны туралы ақпарат маған жиі келеді», - деді Берік Асыловпен Минскте кездескен Игорь Краснов.

Оның мәлімдемесін сөзбе-сөз келтірген бұқаралық ақпарат құралдары Красновтың «мұндай жағдайда тегеуріндерге бірге қарсы тұрып, нацизмнің, сондай-ақ экстремизмнің кез келген көрінісінің қалпына келуіне қарсы бір майданда күресу керектігін» айтқанын жазады. Асыловтың оған не деп жауап бергені туралы нақты ақпарат ешбір жерде жарияланған жоқ. Осылайша, Қазақстан мен Ресейдің прокурорлары бұл мәселені шілдеде Қазақстанда талқыламақ көрінеді.

Айтаққа ергендер кім?

Красновтың бұл сөзін іліп ала кеткен елдегі кейбір азаматтар «Қазақстанның ұлтшылдары дайын болсын» деген пост жазғаны белгілі болды. Сергей Васильев деген біреу дәл осылай ақпарат таратып, оны бұрын Қазақстанның лауазымды қызметтерін атқарған Владимир Божко бөліскен.

Онсыз да ұлтшылардар қатарындағы Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевтың қамалып жатқанына ашулы көпшілік Божконың бұл әрекетін қатаң сынға алды.

«Божко Тоқаевты арам әдіспен ұрмақ па? Ресейдің бас прокурорының шабуылын президенттің Санкт-Петербург форумындағы сөзімен байланыстыруға болатын шығар. Енді Ресейдің ресми тұлғалары біздің елдің ішінде әлеуметтік саяси шиенелісті туғызғысы келеді. Өздерінің этникалық алауыздық деген сүйікті карталарын ойнатуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитетін бірнеше жыл басқарған Божко мұндай сөздердің өзі біздің қоғамды қақ жара алатынын жақсы біледі. Өзі де бұған «белсенді» атсалысып-ақ жатыр. ҰҚК-ның қазіргі басшысына сұрақ – бұрынғы әріптестеріңіздің сөзі қаншалықты дұрыс? Оған не үшін жағдайды ушықтыруға рұқсат берілді», - деп жазады Мұрат Әбенов.

Божко көп ойланбай бөліскен жазбасын жойып жіберген. Алайда мұның өзі оның түпкі пиығылын көрсетіп қойғанын жоққа шығара алмайды. Арман Шораевтың жазуынша, Қазақстанда мұндай әрекеттер үшін адам жауапкершілікке тартылуы керек. Шораев өз жазбасында «Божконың таңғалдырудан жалықпайтынын» жазады. Ал Руслан Түсіпбеков есімді азамат дәл осындай адамның қалайша Қазақстанда жоғары лауазымда болғаны ақылға сыймайтынын айтады.

Ішкі іске араласу емес пе?

Жалпы Ресейдің бас прокурорының бұл әрекеті Қазақстанның ішкі ісіне араласу емес пе? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан сұрап көрді.

«Жалпы құқық қорғау органдары халықаралық тәжірибе бойынша бір-бірімен консультация өткізіп тұрады. Бір-біріне сұрақ қойып, жауап тосады. Ондай процестер құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокурорлар арасында жалпы болып тұратыны түсінікті. Халықаралық қылмыс бар. Оларды тергеген кезде сол мемлекеттердің арасында прокурорлармен байланыс болуы керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Тілшінің нақты сұрағына оралған Сенат спикері былай деді.

«Украина ұйымдары жұмыс істейді екен деген сөзге келер болсақ, бізде ондай ақпараттар жоқ. Ондай ақпараттарды біз көрген жоқпыз. Мен енді басқа мемлекеттің бас прокурорының сөзіне орай пікір білдіргенім дұрыс болмайтын шығар. Бірақ менің өзім түсінігім – қазір Қазақстанда біздің жағдайды құқық қорғау органдары қарап отыр. Егер мәселелер болса, оны құқық қорғау органдарымыз айтар еді, тиісті шараларды қабылдар еді. Сондықтан, біздің елімізде бұл тұрғыда бізде ешқандай мәселе жоқ деп өзім есептеймін. Өз ойым – ондай мәселелердің бәрімен құқық қорғау органдары, оның ішінде бас прокуратура айналысып жатыр. Бұл тұрғыда алаңдайтындай, талқылайтындай, көтеретіндей ешқандай негіз жоқ деп ойлаймын», - деді Мәулен Әшімбаев.