Ажар Ғиният қазақстандықтарға МӘМС жарналарының 50% қайтару туралы ұсыныстың қарастырылмау себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бүгінде бұның барлығы заңнамалық тұрғыдан анықталған, бекітілген. Ақша қайтарылмайды. Биыл бұл адам ауырып-сырқамаса, онда жылына орта есеппен түсетін 100 мың теңгенің 50 мың теңгесін оған қайтару қарастырылмаған. Себебі келер жылы оған 1 млн теңгенің медициналық көмегі қажет болатын шығар... Сондықтан бұл көмек барлығына бірдей қол жетімді болуы үшін қаражат қайтарылмайды», – деді Ажар Ғиният Үкімет кулуарында.
Министрдің сөзінше, МӘМС жүйесі халықтың жағдайын жақсартуға оң әсер еткен.
«Коронарографияны, миокард инфарктісі кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық – оны емдеу құны 1,2 - 1,5 млн теңге. Сондықтан бұл жүйе бастапқыда «дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе» ретінде құрылған, - деп түсіндірді Ажар Ғиният.