×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

ЛГБТК+ қоғамындағы стигмалар, фобиялар мен таптаурындар – алматылық жігітпен сұқбат

17.05.2023, 15:52
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бүгін әлемде Халықаралық гомофобия, трансфобия және биофобиямен  күрес күні (IDAHoBIT).  Халықаралық ЕКОМ ұйымының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда ЛГБТК+ өкілдерінің құқықтарын бұзудың 31 жағдайы тіркелген. Атап айтқанда, гейлер, бисексуалдар құрбан болған, жеті жағдайда трансгендер әйелдер қысым көрген.

Қазақстан аумағында біржынысты некені тіркеуге заң жүзінде тыйым салынғанымен, гомосексуалдық қатынастар заңмен жазаланбайды. Бірақ қоғам тарапынан ЛГБТК+ өкілдеріне қатысты негатив көзқарас жоғары. Ulysmedia авторы Түркияда тұратын алматылық гомосексуал жігітпен анонимді түрде сұқбаттасып, қазақстандық қоғамдағы ЛГБТК+ адамдардың бүгінгі жағдайлары туралы сұрап білді.

ЛГБТК+өкілдерінің бисексуалдарға көзқарасы

Гомофобия мәселесі әртүрлі ортаға және ЛГБТК+қоғамының ішіндегі белгілі бір топқа тиесілігіңе байланысты өзгеріп отырады. Мен өзім ЛГБТК+қоғамының мүшесі бола тұра, сол топтың ішіндегі үдерістерді байқай аламын. Тіпті ЛГБТК+қоғамының өзінде түрлі стигмалар, таптаурындар мен фобиялар бар. Мысалы, гейлер мен лесбикелер бисексуалдарды өз орталарына қабылдағысы келмеген сәттерге куәмін. Бұның себебі бисексуалдардың «сатқын» боп саналуы секілді, өйткені олар екі тарапқа да жатпайтын бөтендер іспеттес. Ал ЛГБТК+қоғамында ең ауыр соққыға ұшырайтын–транс-адамдар. Себебі олардың бұл қоғамнан емес екені бірден көзге түседі. Оларды жұмысқа алмайды, ота жолымен жынысы өзгертілмегенше құжаттарын ауыстырмайды, кемсітеді. Жеке тәжірибеме келетін болсақ, мен өз талғамдарым жайлы әр адамға ашық айта бермеген соң, белгілі бір гомофобия жағдайларына жиі ұшырай бермейтінмін. Мысалы, он жыл бұрын жазғы лагерьге барғанымда өзгеше болғаным үшін мені басқа ұлдардың мазақтап, шеттеткені есімде. Оларды мен дос деп қабылдаған едім. Сол сәтте маған ешкім көмек қолын созған жоқ. Буллиң мен үшін ауыр соққы болып басқа топқа ауысып кеттім. Ол топта менен бір-екі жас кішірек балалар болды және олар ешқандай жағымсыз әрекеттер көрсетпеді. Керісінше барынша қолдап, көмектесетін. Бір лагерь, екі түрлі топ, екі түрлі тәжірибе.

Патриархал қоғамдағы гомофобия көрінісі

Жалпы қазақстандық деңгейдегі ЛГБТ-фобия дәрежесіне нақты баға беру қиын. Бірнеше жыл бұрын ЛГБТ-фем белсенділердің ұйымдастырылған шаралары жойылып, олардың іс-шараларын еш келісімсіз таратып тастаған жағдай болғанын білеміз. Оны ұлттық арналардан да көрсеткен болатын.

Басқа жағдай, өткен жылы интернетте әйгілі Әмилайды(транс-әйел) далада бір топ адам ұстап алып оған қысым көрсеткенін білесіздер. Әлемжелідегі аккаунттарын өшіріп тастап, көзге көрінбеуді талап етті. Және дерек болмаса да, ЛГБТ-фобия көрінісі болып табылатын оқиға ол 2022 жылы Ninety One тобының еліміздің кейбір өңірлеріндегі концерттерінің өтпей қалуы.

Оқыған ақпараттарыма сүйене айтар болсам, гомофобия құбылысы патриархалды, әйелдің дәрежесі бірнеше саты төмен саналатын қоғамдарда қаттырақ байқалады. Себебі ер адам гей болса ол еркек емес, әйел адамға теңеледі. Ал патриархалды ортада әйел болу ол өте жаман, иерархияда көтерілуге жол кесетін жағдай. Осы себепті де гейлер шеттетіледі.

ЛГБТ-фобияға медианың әсері туралы

ЛГБТ-фобияға сонымен қатар медиадағы репрезантация қатты әсер ететінін білеміз және бұл бітпейтін шайқас секілді. Себебі шетелдік медиа барынша ЛГБТК+ өкілдерін көрсетуге, қолдауға тырысса, ең үлкен көршіміз Ресей барынша ЛГБТК+ өкілдерін қысымға ұшаратады. Бұл біздің қоғамға да сөзсіз әсер ететіндіктен, бір жыл ішінде де фобия дәрежесі өсіп төмендеп отырады. Бірақ жағымды өзгерістер жайлы да айтып кетпесе болмайды. Өткен жылы алғашы ЛГБТК+ жайлы жазатын қазақ-тілді медиа(@qazaqueer) пайда болды, бірнеше блогер өзі жайлы ашық айта бастады, алғашқы дрәг әртістер сайысы бастау алды, VOGUE балдар ұйымдастырылды. Демек жыл сайын жағдай аз болса да, үнемі өзгеруде.

Кейіпкеріміздің камиң-ауты

Кішкентай кезімнен бастап айналамдағы ұл балаларды ұнататынмын. Ол кезде мұндай сезім маған біртүрлі көрінген жоқ, тіпті гейлердің бары жайлы да хабарсыз едім. 11-сыныпқа дейін Қазақстанда менен басқа мұндай «қате» адамдар жоқ деп ойладым. Уақыт өте ізденіп, менен басқа өте көп ЛГБТК+өкілдері бар екенін білгенімде бір жылдай шок сезімінде жүрдім.  Жақын айналама келсек, олар мені толықтай қабылдайды. Түсінбейтін жерлері болса сұрауға тырысады. Жалпы менің ориентациям менің бүкіл өмірімді пішіндейтін фактор болмаған соң, жиі назарға да алынбайды. Өткен жылы дрәг сайысы кезінде бір жақын досым жүзімді әрлеу үшін келіп, көмектесті. Оның ЛГБТК+ ортасына түскеніндегі таңқалған жүзі әлі де есімде (күліп).

Отбасыма келсек, мен бірнеше жыл бұрын ата-анама камиң-аут жасадым. Қорыққанымдай жаман болған жоқ, басында тіпті қабылдағандай көрінді. Оның себебі бұл уақытша бір құбылыс, жастық-шақтық кезең деп сенгеннен болу керек. Алайда кейін жағымсыз реакциялар танытып, өздерін айыпты сезінетіндерін айтқанда қайта жабылып қалдым. Бұл тақырыпты ашпайтын болдым, себебі, олардың жансаулығын жаралағым келмейді. Бірақ барлығы сыр болып қалуы үшін кейде өтірік сөйлеуге тура келеді, мәселені отбасыммен ашық талқылай алмайтыным жанымды ауыртады. Жағдай күрделі, бірақ анамның маған: «Басқалар не ойлатыны мен үшін маңызды емес. Мен сені әрдайым қолдаймын. Бірақ бұл қиын жол» дегені есімде. Сондықтан ашық айтпаса да, жүрегімде әлі де мені қабылдады деген үміт бар. Туыстарымның арасында тек екі туысым біледі және маған деген көзқарастары жағымсыз жаққа өзгерген емес, керісінше жақынырақ араласатын болдық.Тек байқағаным кейбір адамдар жанымда өздерін жайсыз сезінуі мүмкін бірақ көп жағдайда эмоцияларын білдірмей, үнсіз қалады. Жақындарыңмен белгілі қиын кезеңдерден өтіп жатқаныңды айта алмау, сүйіктіңмен қарым-қатынасың бұзылғанда басқалар үшін ештеңе болмағандай күлімдеп жүру өте ауыр тиеді. Әр ойыңды айтпас бұрын жүз рет ойланасың, себебі байқамай айтылып қалатын дүниелер болады. Осы үшін кейде өзіңді түрмедегідей сезінетін сәттер жоқ емес.

 

Қазақстанда ЛГБТК+ өкілдеріне қандай қолдаулар мен шектеулер бар?

Түрлі жергілікті және шетелдік ұйымдар жыл сайын көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. AFEW Қазақстан, Фридрих-Эберт қоры, QazaQueer, AmanBol, т.б. ұйымдар ЛГБТК+ өкілдерін қорғаумен және қолдаумен айналысады. Мәселен, AmanBol және АИТВ орталықтары ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ерлерге тегін тестілеу мен ауырудың алдын-алу үшін тегін Prep терапиясынан өткізеді. Кей ұйымдар қауіпсіз орталар құрады. Ол жерлерде басқа ЛГБТК+өкілдерімен және оларды қолдайтын жандармен танысып қана қоймай, түрлі қызықты щараларға қатыса алады: үстел ойындар кеші, караоке кеші, маскарад кеші, психологпен терапия кеші, кино көру кеші секілді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

«Aman Bol» ұйымынан тегін АИТС'қа тексеру тестілерін алдым. AFEW Қазақстан ұйымдастырған психолгпен тегін сессяларға қатыстым. Amirovki ұйымының ұйымдастырған көптеген шараларына қатыстым.Конституцияға жүгінсек, құққықпен барлық адамдар қорғалған. Алайда ҚР аумағында ЛГБТК+ өкілдеріне үйлену, бала алу, донор ретінде қан тапсыру секілді опциялар жабық.

ЛГБТК+ өкілдерінің көпшілігі бала кезде зорлық-зомбылыққа ұшыраған ба?

Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, жеке өз басыма келер болсақ балалық шағымда зорлық-зомбылыққа ұшыраған емеспін. Таныстарымның да арасында ондай оқиғалар естімеппін.  Ориентация адамның таңдауы емес. Адам баласы қиын болмысқа ие жаратылыс. Мүмкін таңдау жасайтындары да бар шығар, бірақ өз еркімен өте көп кемсітулер мен күш көрсетуден, үнемі қауіпті жағдайға ұшыраудан ләззат алып ЛГБТК+өкілі атанғысы келетіндер көп емес деп ойлаймын. Кейбір зерттеулерге байланысты гейлер мен гетеросексуалды еркектердің миында айырмашылық бар. Гейлердің ми құрылысы әйел адамның құрылысына көбірек ұқсайтыны анықталды. Жалпы бұл тақырыпта жыл сайын көптеген зерттеулер жүргізіледі. Мен өзім бұл тақырыппен «Всё как у зверей» YouTube арнасындағы гомосексуалдық жайлы шығарылымында таныстым.

Ориентациясын жасыру мақсатында үйленетіндер бар ма?

Жақын айналамда ондай оқиғалар болмапты. Бірақ танысымның ескі сүйіктісі үйленгені жайлы естідім. Мүмкін ол бисексуал еркек шығар, адамның жаратылыс сан қырлы ғой. Өзіңді сексуалдықтың спектіріндегі бір нүктеге байлап тастау ол меніңше өзіңді тыныштандыру үшін жасалатын әрекет. Адам басқа адамды жынысы үшін сүймейді деп ойлаймын. Мен адамның белгілі бір топқа кіргені үшін емес, тұлға болғаны үшін сыйластық пен құрмет көрсетілетін қоғамда өмір сүргім келеді. Бұл тек ЛГБТК+ өкілдеріне ғана қатысты емес, жалпы қоғамның құндылықтары өзгерсе екен. Өздерін, өз еңбектерін бағалай білетін, өздерін қабылдайтын, барынша саналы болуға ұмтылатын қоғамда өмір сүргім келеді. Бір-біріңізді сүйіңіздер, сыйлаңыздар, құшақтаңыздар!  

                                                       

                                                                                                 Автор Қалиева Айжан

Серіктес жаңалықтары