×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

"Ата-аналар үшін ыңғайлы": Министр мектеп формасы қалай бекітілетінін түсіндірді

22.07.2022, 15:13

Жаңа оқу жылында оқушылардың мектеп формасы қандай болады? Бұл сауалға Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қолданыстағы бұйрық бойынша мектеп формасының түсі мен үлгісі қамқоршылық кеңесімен бірлесіп анықталады. Елімізде 7,5 мың мектеп бар және теориялық тұрғыдан алғанда 7,5 мың форма түрі болуы мүмкін, бірақ бұл ешкімге қолайлы емес. Мысалы, Павлодарды алайық. Бала бір мектептен екіншісіне ауысады, сонда мектеп формасын да ауыстыруы қажет қой. Мұның несі ыңғайлы?», - деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, ата-аналар кей мектеп басшыларының мектеп формасына тым көп талап қоятынына жиі шағымданады. Әдетте ондай форма жай ғана базарда немесе сауда орталықтарында кездеспейді. Содан кейін олар оны белгілі бір жеткізушіден сатып алуды ұсынады екен.

«Енді бір әкімшілік бірлік, мысалы, Нұр-Сұлтанда барлық мектепте қандай форма болатынын жариялайды. Оны базардан да, сауда үйінен де сатып алуға болады. Егер бала бір мектептен екіншісіне ауысса, онда да қиындық болмайды. Бұл ата-аналар үшін ыңғайлы және тиімдірек. Осындай норма келесі жылдан бастап күшіне енетінін атап өтемін», - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, өткен айда министрлік «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер әзірлеп, құжат 22 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін НҚА сайтында жарияланған.

Жуырда Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы елордада қара-көк түсті бірыңғай мектеп формасы енгізілгенін мәлімдеді.