×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Халықаралық олимпиада: Қазақстандық оқушылар ел қоржынына 21 медаль салды

25.07.2022, 15:22
фото: ашық дереккөзден

Биылғы халықаралық пәндік олимпиадалардың аралық қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 21 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бүгінгі күнге дейін оқушыларымыз 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни, 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды.Бұл жерде ең беделді халықаралық олимпиадалар туралы айтып отырмыз», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Министр биыл тұңғыш рет Президенттің қолдауының арқасында қазақстандық оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алып, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болғанын айтты.

«Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында, ал бұл 12 жылдағы үздік көрсеткіш. Физикадан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз 1 алтын, 4 күміс медаль иеленді. Бұл соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Былтыр команданың қоржынына 5 күміс түскен болатын. Географиядан халықаралық олимпиадада оқушыларымыз екінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды. Биыл да 1 қола медальға ие болдық», - деді ведомство басшысы.

Ал биологиядан халықаралық олимпиаданың қатысушылары 3 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алып, былтырғы нәтижелерін жақсартты. Былтыр 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ бір Құрмет грамотасын алған болатын.

«Зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктеріміздің жұмысын өте жоғары бағалауға болады. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. Оның үстіне бұл 2017 жылдан бергі алғашқы «алтын» болды. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған болатын. Барлық бағытта оң өзгеріс бар екенін байқауға болады. Бұл балаларымыздың дайындық деңгейін көрсетеді», - деді министр.

Оның айтуынша, алдағы уақытта информатика мен лингвистикадан олимпиадалар өтеді.

«Оқушыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына сенімім мол. Оқушыларымызды жеткен жетістікпен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен ата-аналарына және кәсіби шеберлігі үшін әріптестеріме де алғыс айтқым келеді», -деді А. Аймағамбетов.