×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Ұмыт қалған қауым. График Батухан Баймен бүгінгі бейнелеу өнері жайында

08.10.2021, 17:00
Ұмыт қалған қауым. График Батухан Баймен бүгінгі бейнелеу өнері жайында
Фото: Темірлан Сағындық

Батухан Баймен – отандық графика өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген суретшілердің бірі. Бейнелеу өнерінің бүгінгі тенденцияларын берік ұстанған суретші өз жұмыстарында өркениет бастауын көшпенділер мәдениетінен тарқатады. Оның қолтаңбасынан қат-қабат тіршілік арасындағы адам өмірінің мәні мен халық мәдениетінің мыңжылдық болмысы қаз-қалпында көрінеді.

Нұр-Сұлтанда өткен «Nomad» авторлық көрмесіне суретшінің 50-ге тарта графикалық туындысы қойылды. Кейінгі он жылдықта салынған жаңаша мінезді үздік туындылар хас сұлудай жарқырап, жұтынып тұр. Графиканың линогравюра тәсіліне ден қойған суретші қағаз орнына матаны қолдана отырып, үлкен туындылармен жұмыс істейді. Ал оның көлемі турасында айтар болсақ, әлемде дәл осындай алып линогравюраға екінің бірі оңайшылықпен беттей алмайтын көрінеді. Өйткені қиындығымен қатар техникалық күрделілігі оңайшылықпен мұрша бермейді.

График-суретші Батухан Баймен, “Nomad” авторлық көрмесінде

«Линогравюрада бас салып қолыңа қарындаш алып, сыза бермейсің. Қиындығы шаш-етектен. Ою технологиясы, оны басып шығару өз алдына жұмыс. Қазақшалап айтқанда, көлемі 5-6 метр болатын елде жоқ дүниені ойлап шығарып отырмын ғой. Мата деген қағаз емес, жылжып кетеді. Осының бір бір үдесінен шықсам деп жүрген адаммын», – дейді Батухан Баймен.

Суретшінің қалыптасуына қазақ линогравюрасының негізін салған Темірхан Ордабеков көп ықпал еткен.

«Қазақта жақсы сөз бар, «Ұстазыңды әкеңнен артық сыйла» деген. Профессор Темірхан Ордабеков жалғыз мен емес, көптеген суретшіні тәрбиелеп шығарған азамат. 1970 жылдары Шымкент педагогикалық институтында «Көркемсурет-графика факультетінде» оқып жүргенімде ол кісі маған дәріс берді. «Сенің талабың бар, график болсаң» деп бағыт-бағдар берген еді. Маған графиканың заңдылықтары мен құрастыруын, линогравюра әліппесін алғаш үйреткен жан», – деп еске алды суретші.

АЛТЫ МЕТРЛІК АЛЫП КАРТИНА

Батухан Байменнің мәңгілік құндылықтарды арқау еткен шығармашылығы кең ауқымды, эпикалық тақырыптарға терең бойлайды. Күллі дүниені дүр сілкіндірген түркілер тарихы мен салтанат құрған Алтын орданың дәуірлеген шақтары суретші қылқаламында өзгеше сыпатта өріліп жатады. Мысалы, суретшінің байсалды көзқарасынан туған «Түркілер» (2015 ж.), «Көшпенділер», «Ұлы дала», «Абылай ханның арманы», «Соңғы ойын», «Тұйықта» (2018 ж.), «Геноцид», «Ұмай» сериясы, «Оспан батыр», «Соңғы көшпенді» (2019 ж.), Аң стилі (2021 ж.) топтамаларын ортақ қуат пен тұтастық өзара біріктіріп әкетеді. Уақыт өлшеміне сыймайтын тарихи шындық сана түкпіріндегі халықтық рухпен бірге буырқана көтеріліп, көрермен көңіл-күйін өз дегеніне бағындырмай қоймайды.

”Мен қазақ – мың өліп, мың тірілген” картинасы, Батухан Баймен

Біз суретшімен асықпай әңгімелесе жүріп, «Мен қазақ – мың өліп, мың тірілген» атты арқамызда тұрған алып алты метрлік картинаның жазылу тарихын сұрап көрдік. Аты да, заты да қазақтың өткені мен бүгінін, кешегісі мен келешегін түгендеп тұр.

«Бұл менің жуырда ғана жазылған жаңа жұмысым. Осы көрмеге арнап арнайы жазылған, әзер үлгердім. Композициясында тұтас сюжет жатыр. Атап айтар болсақ, садақ тартып, атқа мінген жауынгерлер, дүниежүзілік адамзат өркениетінің тамаша жетістігі сақ болып дүрілдеген тұсымыз, пыраққа мініп мәңгі билейміз деген салтанатты күндер көрініс тапқан. Балбал тастар қирап, одан кейінгі ес жинаған тұстар, тәй-тәй басқан қанатты құлыншақ өмірді қайта жалғап жатқаны турасындағы ой қозғағым келді. Мұнда түп-тұқиянымызға оралатынымызға деген сенім жатыр», – дейді ол.

КЕНЖЕ ҚАЛҒАН ӨНЕР

Түркі халықтарының ортақ философиясынан ой қорытатын суретші Шығыс ғұламаларының да шығармаларына жүгінеді. Әдеби шығарманың байыбына бойлай отырып, эпикалық ноталардың тынысын дөп басады. Бұл ретте суретшінің замандасы Сембіғали Смағұлов қылқалам шеберінің шығармашылық ізденісі турасында былай деп пікір білдірді.

«Астана алты алаштың таласы бар жер. Бүгінде бейнелеу өнерінде графика деген сала жоғалып кеткен. Өйткені оның оюы да, ісі де машақаты көп жұмыс. Үлкен материалды тайғызбай беттестіру шеберлікті қажет етеді. Ал Батухан осындай ауыр тәсілді меңгеріп, бұрын болмаған көлемде жасап жатыр. Одан кейін Батуханның шығармашылығы композиция құрылымымен ерекше. Әр фигурасы мен персонажын бір-бірімен әңгімелестіріп, тұтас әлемін жасайды. Әр композициясы тұтас организм сынды. Бейнелеу өнерінде «көз маршруты» деген болады. Кеңестік суретшілердің көбінің жұмысында қозғалыс жоқ, тік бағыт қана. Ал Батухан осы барьерден өткен үлкен, дәрежелі суретші. Суретші ішкі дүниесін ұмытпауы тиіс», – дейді ол.

Қоғамдағы жан ауыртар, күрмеуі қиын мәселелер де суретшінің өзегін жарып шығып, толқыныстан туған дүниелер жаңаша көркемдікпен бейнеленді. 2019 жылы астанадағы бес бала тірідей өртенгендегі қайғылы жағдайды «Ұмай мен бес періште» атауымен сипаттап, бүгінгі қоғам кейпіне өзінше тіл бітірді.

Өнертанушы Асқар Сәтбаевтың айтуынша, Батухан Байменнің шығармалары сакралды ұғымдар мен терең метафораға құрылған.

«Елдегі жанына батқан жағдайларды суретші айта бермейді. Осының барлығын іштей сезініп, жан-дүниесіндегі айқайын көркем тілмен нәзік жеткізеді. Бұл шығармалар алдағы елу жылда да құнын жоғалтпайды», – дейді ол.

СУРЕТШІ ТАНЫМЫ

Кез келген шығармашылық адамының дүниетанымы өзі туып-өскен ортасынан басталары анық. Ал Батухан Баймен өз болмысындағы эстетикалық заңдылықтардың қалыптасуын теориялық ізденістен бөлек, отбасындағы қадір-қасиеттен іздейді.

«Үйде он бір бала болып өстік. Отбасымызбен Түлкібас ауданы Абай ауылында тұрдық. Әкем Әбдікерім – тарихшы. Сол тұстарда В. Янның «Шыңғыс хан» романы қазақ тілінде жарық көрген екен. Әкем батырлар жырынан бастап, осы Батуханның соңғы жорығын дастархан басында оқып беруді дәстүрге айналдырған. Сонда менен үш жас үлкендігі бар Айымхан есімді әпкем шешемді көрсетіп, «ішінде Батухан жатыр» деп айта берген екен. Алла аузына салды ма деп дүниеге келген соң атымды Батухан деп атапты. Үйде көрген-баққаным әкемнің тарих жөніндегі әңгімесі болғандықтан, таным-түсінігіме батырлар жыры, тарихи дастандар көп әсер еткен болар. Әр адамның өз тарихын, өз бастауын білуі өте маңызды. Қазір өз тарихымызға өзіміз сенбейтін жағдайға жеттік», – дейді өткенге ой жүгірткен суретші.

Суретшінің шығармашылық кезеңдері сатылы белестерден тұрады. Алғашқы жұмыстары линогравюраның техникасын меңгеру, дәстүрлі натрюморттар мен композицияларға арналса, одан кейінгі кезең нағыз ізденістен құралған. Ал уақыт өте келе машықтанудың кәсіби деңгейіне көтерілген суретші бүгінгі жұмыстарында  тақырыптық ізденіске, айтар ойы мен түпкілікті шешіміне ден қояды.

Батухан Баймен суретшілікті сатушылыққа айналдыруға қарсы. Ондай күнде ішкі ұстанымынан көз жазып қалған суретші жұрттың ыңғайына жығылуы тиіс. «Көрмедегі жұмыстар ондай мақсатқа негізделмеген. Былайша айтқанда бүгінгі жұмыстарда менің ішкі жан сырым, тұтас өмірімнің қортындысы жатыр», дейді ол.

БІЗДЕРДЕ БАЙ АДАМДАР ЖОҚ ДЕЙСІЗ БЕ?

Қазір суретші Шымкент қаласында тұрады. Шағын шеберханасында таң атырып, күн батырады. Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста жан бағу керек болып, суретшілікті кәсіпкерлікке айырбастаған.

«Құрылыспен де айналыстық, мүсін де жасап күнімізді көрдік. Содан кейін жиырма жылға тақау уақыттан соң қолыма қарындаш та ұстай алмай қалып, өз өзіме әзер келгем. 2011 жылы Шымкентте алғаш рет жеке көрмемді өткізіп, содан бері тек өнер жолында ізден келемін», – деген ол суретшілер алдында тұрған кей мәселелерді де тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бүгінгі суретшілер қоғамнан шеттеп, қағажу көрген қауымға айналған.

«Қазір біздің Қазақстанда суретшілер деген ұмытылған, ұмыт қалған қауым болды. Ешкімге керегі жоқ, әрқайсысы өз арбасын өзі сүйреп жүр. Мәселен, 2019 жылы Кипрде жеке көрмемді өткізгенімде, апарған 55 жұмысымды «Түркі халықтарының заманауи өнер музейінде» екіжақты келісім негізінде қалдырдым. Кипр өзі кішкентай ғана мемлекет, сондағы ауқатты Суат бей есімді азамат заманауи өнер ордасын өз қаржысына құрып отыр. Біздерде осындай бай адамдар жоқ дейсіз бе? Бар ғой. Неге біз ондай деңгейге жете алмадық? Себебі біздің суретшілер қоғамға керек болмай қалды. Әрқайсысы өз бетінше білгенін істеп жүр. Шамасы келгені көрме жасайды, шамасы келмегені бос жүр. Мемлекет тарапынан мәдени идеология болмаса, айтқанымыз айтқан, жылағанымыз жылаған», – дейді суретші.

Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сондай-ақ Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипр елдерінде өтті. «Мәдениет қайраткері», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медалінің иегері. Түркі халықтарының заманауи өнеріне қосқан үлесі үшін ол Солтүстік Кипр Түрік Республикасының дипломымен марапатталған.