×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мұхтар Жәкішев Үкіметтің АЭС мәселесін көтеруіне не себеп болғанын түсіндірді

12.09.2021, 10:35

«ҚазАтомӨнеркәсіп»  компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтың пайымдауынша, ел үкіметінің бұл мәселені көтеруіне Еуроодақ елдері енгізіп жатқан «карбон салығы» туралы заң себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды usmedia.kz тілшісі.

Медиа саласының танымал менеджері Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Мұхтар Жәкішев «карбон салығы» туралы жіті түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Еуропа елдері климатқа кері әсер ететін лас энергияны пайдаланып, өнімді экспортқа шығарған елдерге айыппұл төлеуді міндеттегелі жатыр.

«Мұнай, мырыш, алюминий, мыстарды сатсаңыз, бұрынғыша оның толық құнын ала алмайсыз. Олардың өндірісі климатқа кері әсер тигізгендіктен, экспорт табысының бір бөлігін шегеріп қалады. Шикізат экспортына иек артқан Қазақстанға мұның әсері едәуір тиімсіз болуы мүмкін. Осы салық туралы заң 2023 жылдан бастап күшіне енеді. Әзірге ол заңның карбон салығы салынатын өнімдердің тізімінде мұнай мен газ туралы жазылмаған. Бірақ алюминий, цемент бар. Бұл бірақ басы ғана. Қазірден бастап шикізат ресурстарының алғашқылары енгізіле бастаса, қаламмен ол заңға кейін мұнайды да, газды да, мырыш пен мысты, қара металды да қоса салуға болады. Яғни мемлекет экспорттық түсімді бұрынғыдай ала алмай қалады. Менің ойымша, үкіметтің, Тоқаев мырзаның көмірсутексіз энергетиканы дамыту керектігі жөнінде бастамасы осыған байланысты болып отыр», - деді Мұхтар Жәкішев сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстан көптен бері генерацияланатын жаңа қуат көздерін салмаған. Совет одағы ыдыраған кезде Қазақстанда, аьтап айтқанда солтүстіктегі Екібастұз бассейнінде энергия қоры артығымен қалған. Солтүстіктегі осы энергия қоры Қазақстанның ішкі қажеттілігіне жұмылдырылып, солтүстік шеңбер оңтүстік шеңберге жалғанған. Осылайша, энергиясы артық Павлодар облысының арқасында Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне энергия желілер арқылы жеткізілген.

«Алайда көмір стансаларының өміршеңдігі 25 жылға есептелген. Ал біздің Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болып қойды. Стансалардың кейбірінің қолданыста болғанына 50 жылдан асып кетті. Иә, біз жаңғырту және жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әйтсе де жаңа қуат көздерін қосу керек. Жақынға дейін біздің энергиямыз артық болды. Бірақ қажетілік артып барады. Көмір энергиясын тағы іске қоссақ, алда карбон салығына ілінуіміз мүмкін. Сол себепті жалпы жағдайға қарап отырып, таза энергияның өндірісін арттыру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр», - дейді ол.