×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Шенеунік тұрғын үй кезегінде тұрғандарды масылдар деп атады

08.08.2023, 13:41
Шенеунік тұрғын үй кезегінде тұрғандарды масылдар деп атады
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың пікірінше, елде тұрғын үй кезегіне тұрушылардың көбеюі масылдық көңіл-күйдің белең алғанын көрсетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шенеуніктің сөзінше, соңғы 10 жылда кезек 6 есеге ұлғайған. 

«Мемлекеттік қордан тұрғын үйді алудың жалпы тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңмен реттеледі. Тұрғын үй алуға кезекке қою, кезектен шығаруды әкімдік жүзеге асырады. Бүгінде әкімдіктерде 646 819 адам кезекте тұр. Кезекке қою үшін азаматтың және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 3 қалада – Астана, Алматы және Шымкентте кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Мұнан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін табыс 3,1 еселенген мөлшердегі күнкөріс минимумынан аспауы керек», - деді ол.

Комитет өкілі елдің қай өңірінде тұрғын үйге мұқтаж адамдардың көп екендігін айтты.

«Еліміздің 20 өңірінің ішінде тұрын үйге мұқтаж ретінде тіркелген азаматтар ең көбі – Шымкентте. Бұл қалада 50 506 азамат кезекте тұр. Екінші орында – Түрістан облысы. Үшінші орында тұрған Астана қаласында 46 мың адам кезекте тұр. Одан кейін Алматы қаласында 41 366, Жамбыл облысында 36 961 адам баспанаға мұқтаж ретінде кезекке алынған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Бауыржан Қабдолдың тұрғын үй кезегінде тұрушылар қатарының өсуі халық арасында масылдық көңіл-күйдің белең алғанын көрсетеді деп есептейді.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өзара іс-қимыл аясында тұрғын үйге мұқтаж ретінде қолданыстағы кезек тізімінде тұрған азаматтардың заң талаптарына сәйкестігін саралады. Аталған сараптама деректеріне сәйкес, мынадай келеңсіздіктер анықталды: кезекте тұрған 96,1 мың адамның соңғы 5 жылда баспанасы болған; 533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ; 91,4 мың адамның тіркелген жері кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді; 29 мың адам тұрғылықты жеріне тіркелмей кезекке тұрған; 15,6 мың адам базалаларда қайтыс болған ретінде көрсетілген. Жалпы, 647 мыңға жуық кезекте тұрған адамның 232 мыңы заңнама талаптарына мүлем сай келмейді және алдын ала мәліметтер негізінде кезектен алынуы қажет», - деді ол.

Комитет өкілі әкімдіктер жыл сайын кезектегілердің тізімін түгендеп отыруы немесе қарапайым тілмен айтқанда тазалауы қажеттігін атап өтті. Сонда ғана мұқтаж азаматтардың кезегі ілгері жылжымақ.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 63 мың жетім бала тұрғын үй алу кезегінде тұрғанын жазғанбыз.

Мәселен, жуырда БАҚ Петропавлда тұрғын үй алуға кезекте "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар"санатынан барлығы 1 774 адам тұрғанын хабарлаған болатын. Олардың барлығы 10 жылдан астам уақыт бойы пәтер кілтін күткендер. 2022 жылы билік Петропавлда олар үшін 120 пәтер бөлуге уәде берді, алайда уәде орындалмады. Жуырда тілшілер мұның себебін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровтан сұраған еді.

Ал Талдықорғанда шенеуніктер мұқтаж отбасыларға арналған пәтерлерді бөліске салғаны хабарланған.