Қазақстанның мемлекет қайраткері Нұрлан Қаппаров пен америкалық әйгілі миллиардер Илон Маскты не байланыстырады? Сапары жоспарда болғанымен Илон Маск Қазақстанға не себепті келмей қалды? Бүгінде тарихқа айналып бара жатқан бұл әңгіме жайында Ulysmedia тілшісіне Нұрлан Қаппаровтың бұрынғы кеңесшісі («Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында) Азат Бетекбаев айтып берді.
АЛДЫМЕН КВАРЦ ЖАЙЛЫ...
2014 жылы катарлық «Qatar Solar Energy» (QSE) компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына фотовольтты өнім өндірісінің базасында бірлескен кәсіпорын құруды ұсынады. Құрылған жағдайда бірлескен кәсіпорын әйгілі Илон Масктың «SolarCity» компаниясын кремниймен, сұр пластина және күн ұяшықтарымен қамтуы тиіс болған. Оған қоса қазақ-катар компаниясы бүгінде күн энергетикасында алға шығып кеткен қытайлық компанияларға едәуір бәсекелес болар еді. Алайда...
«Әңгімемді мынадан бастайын: жалпы Қазақстанда кремний мен кварцтың мол қоры бар. Жезқазғанның маңайында, оңтүстікте баршылық. Үштөбенің қасында да кварцтың өте таза кен орны сақталған. Одақ кезінде оны оптикалық құрылғы жасауға пайдаланған-тын. Неге десеңіз, кварцтың сапасы өте жоғары. Тіпті, кварц болашақта Қазақстанның бүкіл өндірісінің қайнар көзіне айналуы мүмкін. Өңдесе одан күн энергетикасының элементтерін жасауға болады. Кварцты тек шикізат күйінде сатпай, өңдеп өткізсе, бағасы күрт жоғарылайды. Оны өңдеген Қытай күн энергетикасы жағынан бүкіл Еуропа мен АҚШ-тан озып кетті. Зауыттар салды. Осылайша, Қытай қазір осы нарықта басымдық танытып отыр», - дейді ол.
Осы кварц қорының әлеуетін жақсы түсінген Нұрлан Қаппаров күн энергетикасын дамытуға кіріседі. Бұл – Қаппаров Қазатомөнеркәсіп басшылығына келген 2014 жыл болатын.
КЕЗДЕСУДЕН ЕКІ КҮН БҰРЫН ӨМІРДЕН ӨТТІ
Ол тұста Илон Масктың SolarCity компаниясы күн батареяларын өндіре бастаған. Америкалық инженер 2014 жылы күн энергетикасы бағытында Катардың QSE компаниясымен бірге үлкен жобаны қолға алады. Катарда сол тұста қуаттылығы 300 Мвт зауыт салған Абасси деген шейх кварц қорының барын біліп, Қазақстанға ұсыныс білдірген.
«Абасси Илонға Қазақстанда кварцтың мол қоры бары жөнінде ақпарат береді. Ұсыныс түскеннен кейін Нұрлан Қаппаровпен бірге біз катарлықтармен бірнеше рет келіссөз өткіздік. Абасси командасы 1 млрд долларға жуық инвестиция салуға, материал әкеліп, күн энергетикасын өндіруге дайын екенін білдірді. Бұл жобада SolarCity, QSE қалай қатысады – құжатта бәрі жазылған-тын. Сол келісім бойынша үлкен жоспар жасалды. 2015 жылдың қаңтарында Нұрлан Жамбылұлын Катар тарапы шақырды. Бәріміз делегация болып бардық. Алдымен олардың 300 Мвт зауытын көріп, Катардың премьер-министрімен кездестік. Біздің ұсынысты, жоспарлаған бағдарламаны тыңдағаннан кейін Катардың үкімет басшысы QSE компаниясының өкілімен кеңесіп, Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция құюды мақұлдады», - дейді Азат Бетекбаев.
Фото: Нұрлан Қаппаров бастаған делегацияның катарлықтармен кездесуі
Сол кездесуден қайтқаннан кейін Нұрлан Қаппаровтың командасы катарлықтармен бірлесе өндірілетін күн панельдерін өткізетін нарық іздей бастайды. Шарт негізінде негізгі сатып алатын компания – америкалық SolarCity болатын. Осы бағдарламаны ары қарай жүргізу үшін Нұрлан Қаппаров SolarCity компаниясының иесі Илон Маскпен мені кездестіріңдер деп, Катардың QSE компаниясының иелеріне қолқа салды. «Мен Илон Маскпен кезіккеннен кейін ғана Елбасыға түпкілікті есеп беремін» деген екен.
«2015 жылдың наурызында Хайнаньда үлкен форум өтетін болды да, соған Илон Маск қатысатыны хабарланды. 28 наурызда таңғы аста екеуі кездесетін болған. Соған дайындалып жүргенімен, 26 күні Бейжіңде ол кісі аяқ астынан қайтыс болып кетті. Қаза – бәрімізге үлкен соққы болды. Илонмен кездесуге бар-жоғы 2-ақ күн қалған. Марқұм ойда жүрген ісін орындай алмай кетті», - дейді Азат Бетекбаев.
«ИЛОН МАСКТЫ ОЛ ЕКІНШІ НИКОЛА ТЕСЛАҒА ТЕҢЕЙТІН»
Азат Бетекбаевтың айтуынша, Нұрлан Қаппаров Илон Маскпен кездесу алдында екі мақсатты көздеген: біріншіден, осы жобаны бірлесіп атқаруды жоспарласа, екіншіден оны ЭКСПО көрмесіне алып келуге тырысқан. Елбасына жолықтырып, инвестор ретінде өндіріс ошақтарын осы елде ашуға көндірмек болған.
«Кварцтан басқа бізде литий қоры бар. Өскеменде үлкен өндіріс қалдықтарының құрамында литий шығаратын компоненттер жетіп артылады. Міне, осыны негіз қылып, Нұрлан Илонды қызықтырғысы келді. Себебі күн энергиясын сақтауда литий – негізгі элементтердің бірі. Илон Масктың оң қолы, Тесланың техикалық директоры Джеффри Брайн Страубелмен кездесіп, Нұрлан Қаппаровтың жіті бақылауымен Илонның Қазақстанға сапарына үлкен дайындық жасаған едік. Қазір ойлап отырсам, үлкен жобаларға үлкен адамдар келеді екен. Нұрлан Жамбылұлының іскерлігінің арқасында менің ойымша, Илон Маск Қазақстанға келер еді, тың жобалардың жоспары жасалар ма еді... Илонның командасы Нұрланды зерттегені белгілі. Мен оның іскерлігі мен дипломатиясына таң қалатынмын. Қабілеті жоғары азамат еді», - дейді ол.
Азат Бетекбаев Нұрлан Қаппаров кез келген келіссөзде Қазақстанның мүддесін жанын сала қорғап, бұл салада нағыз маман екенін талай дәлелдегенін айтады. Қазақстанда сол кезде күн панельдері салынып кеткен кезде ол өнім Қазақстанның пайдасына жарап, қазір көмір энергетикасына деген тәуелділік біршама азаяр еді.
«Қазір күн энергетикасы нарығында негізінен бағаны белгілеп отырған қытайлар. Бірақ бізде кварцтың қоры бар. Келешекте одан күн панелдерін өндіруге болады. Бірақ мына жоба бойынша Илон күн панельдерін сатып алып, олардың бағасын түсірер еді. Илон Маскты Нұрлан екінші Никола Теслаға теңейтін. Оның бойындағы қасиеттерін Нұрлан Қаппаров жақсы білген секілді. Өйткені Илон Маскпен жұмыс істеу керек, болашақ осы жігітте деп айтып отыратын», - дейді ол.
Фото: Нұрлан Қаппаровтың бұрынғы кеңесшісі («Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында) Азат Бетекбаев
Сөз соңында Азат Бетекбаев бір мәселеге назар аудару керектігін ескертті.
«Біздің мақсат – осы шикізатты, кварц және литий қорын сақтап қалу. Қытайлар ол шикізатты тиеп, әкетуге дайын отыр. Сондықтан президентке де, парламентке де осы кварцты шикiзат түрінде сатпау керектiгiн, технологияны пайдалана өндіріп, бағасы көтерудiң жолын ұсынып, хат жаздық. Хатымызға құлақ асар деген сенімдеміз», - деп түйді сөзін Азат Бетекбаев.