×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

Астанадағы «Мәміле»: Қазақ тілін үйренушілер бірін-бірі туысындай іздейді

26.09.2022, 15:36

Елордадағы Достық үйінде әр ай сайын «Мәміле» қазақ тілі клубының отырысы өтеді. 2019 жылдан басталған жоба өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген махаббатын оятып, тіл үйренуге қызығушылықтарын арттыра түскен. 3 жылдан бері бір-бірімен үздіксіз кездесіп келе жатқан клуб мүшелері бірін-бірін туысындай іздейді екен. Ulysmedia.kz тілшісі клубтың үш жылдық жұмысының нәтижесіне саралап көрді.

Адам өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін білуі тиіс

Таяуда Астанада ️«Мәміле» қазақ тілі клубының кезекті отырысы өтті. Достық үйіне жиналған клуб мүшелерінің біразы - ҚХА этномәдени орталықтарының өкілдері. «Мәміле» клубы 2019 жылдан бастап этномәдени орталықтардың өкілдері үшін мемлекеттік тілде еркін және ауызша сөйлеуді қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп келеді.

«Бүгін біз мамандықтар туралы тақырыпты зерттедік. Өткен сабақты қайталадық және жаңа сөздермен таныстық. Мемлекеттік тілді оқыту тіл мәдениетінің деңгейін және мемлекеттік тілдің беделін арттыру, төлеранттылық пен қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында жүргізіледі. Клуб әр түрлі ұлт өкілдерін ғана емес, сонымен қатар әр түрлі жастағы адамдарды біріктіруге мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» КММ оқытушысы Сағым Естемісова.

Клуб жұмысын негізінен осы Сағым Естемісова жүргізіп келеді.

Астана қаласының корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак қазақ тілі клубының кезекті отырыстан алған әсерін бөлісті.

«Мен алғаш рет ауызекі қазақ тілі клубына қатысып отырмын. Жаңадан бастағагдықтан бәрі бірден түсініксіз болды, өйткені қатысушылар арасында мемлекеттік тілде сөйлей алатын жалғастырушылар көп. Тілдік кедергіге қарамастан, маған осы клубтың оқыту әдістемесі мен идеясы ұнады. Адам өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін білуі тиіс деп санаймын. Қазақ тілін қызығушылықпен және қуана үйренемін», – деп өз пікірімен бөлісті Роза Пак.

«Аяз болса да келеміз» дейді

Ulysmedia.kz тілшісі «Мәміле» клубының жұмысы жайлы Астана қаласының ҚХА хатшылығының қызметкері Гүлнар Тайгукованы сөзге тартып көрген. Оның айтуынша, клубты кезінде «Мәміле» жобасының жетекшісі, «Ситуативті қазақ тілі» әдістемесінің авторы Қанат Тасыбеков, «Тен» лингвистикалық орталығының жетекшісі Владислав Тен, профессор, филология ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов ашқан. Тұсаукесері кезінде авторлар клуб мүшелеріне өздері жазған кітаптарын сыйлаған.

«Содан бері клуб табысты түрде жұмысын істеп келе жатыр. Клубтың ерекшелігі – бұл ауызекі сөйлеу клубы. Ауызекі ситуативті қазақ тілі клубы. Мәселен, біз грамматиканы оқып, сөздерді жазып, қазақ тілін үйретудің қалыпты әдісін қолданбаймыз. Біз сөздерді айтып, үйретіп, тілдік орта қалыптастырдық. Қазір бізге 30-ға тарта адам келіп жүр. Клубтың тұрақты мүшелері болып алды бәрі», - дейді ол.

Гүлнар Ноянқызының сөзіне қарағанда, клуб мүшелері қазақтың салт-дәстүрін зерделейді екен. Ойын ойнап, әртүрлі әдістемемен тілді меңгерудің жан-жақты тәсілдерін үйренеді. Алдымен сөзді, кейін сөйлеуді үйретіп, бұл күнде тіл сындырып, қазақ тілін көп-көріп үйреніп қалғандар да бар.

«Ептеп-ептеп клуб мүшелері сөздік қорын ұлғайта бастады. Тұрмыстық деңгейде аздап сөйлей бастағандар да бар. Клуб мүшелерінің бәрі де ұстаздары Сағым Естемісоваға үйреніп қалды. Ол бізде қатарынан үшінші жыл жұмыс істеп келеді. Клуб жұмысының ерекшелігі – мұнда келіп жүрген адамдар бір-біріне бауыр басып қалды. Бірін-бірі туысы секілді іздейді. Бұрыннан бері келе жатқаннан болар. Қазақ тілі оларды біріктіріп тұр», - дейді ол.

Гүлнар Ноянқызынан клуб жұмысының нәтижесін сұрағанбыз. Айтуынша, клуб мүшелері қазақ тілінде мінсіз сөйлеп кетпесе де, едәуір тіл сындырып қалған.

«Бұрыннан келе жатқан дүнген орталығы, татар-башқұрт орталығының мүшелері аздап қазақ тілінде сөйлейді. Түсінеді. Кейбірі тіпті клуб жұмысынан тыс келіп тұрады. «Неге келесіздер? Бүгін жиналатын күн емес еді ғой» десем, олар бізге «аяз болса да, жаңбыр болса да келеміз, өйткені біз бір-бірімізді іздейміз, туысқандар секілді болып кеткенбіз» дейді. Өйткені сондай орта қалыптасып үлгерді», - дейді ол.

Жалпы «Мәміле» клубы еліміздегі облыс орталықтарының бәрінде ашылған. Қазақ тілінің қолданыс аясын өзге ұлт өкілдері арасында кеңейту – маңызды мәселе. Бір қуанарлығы, олардың, яғни өзге ұлт перзенттерінің мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылықтары жыл санап артып келеді. Тілді меңгерсе, ел мен жерді тану көкжиектері кеңейе түсетіні анық.