×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Терроризм, жалданып соғысу, диверсия - өлім жазасы қолданылмайтын баптарға айналады

13.10.2021, 09:52
Терроризм, жалданып соғысу, диверсия - өлім жазасы қолданылмайтын баптарға айналады
Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Артур Платонов терроризм мен диверсия жасайтын қылмыскерлерге өлім жазасын тағайындамау туралы өзгеріске қарсылығын білдірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Айта кетсек, бүгін мәжілісте ҚР Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған еді. Заң жобасын талқылау барысында Артур Платонов әлемдегі жағдайдар терроризмнің шекарасы жоқ екенін көрсетіп отырғанын сөз етті.

«Оның халықаралық ауқымы кеңейіп, әлемдік құрылымға төнген басты қауіптердің бірі болып отыр. Бүгінгі таңда Ауғанстанда немесе соғыс болып жатқан басқа мемлекеттерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Осы ретте терроризм, жалданып соғысу, диверсия үшін өлім жазасын алып тастау арқылы мемлекеттің қауіпсіздігіне әлсіретіп алмаймыз ба?» - деп сұрады Артур Платонов.

Бұл сұраққа жауап берген Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев шынында да әлемдік қауымдастықтың бәрін терроризм қатты алаңдатып отырғанын мойындады.

«Біз де әлемдегі терроризмнің ауқым алып бара жатқанына алаңдаймыз. Алайда террористі өлім жазасымен тоқтату мүмкін емес. Көріп отырғанымыздай, террористік актқа барған адам ең алдымен өз басын бәйгеге тігуден қорықпайды. Сол себепті мемлекет Қазақстанда осындай заңға қарсы әрекетке жол бермес үшін бар күш-жігерін жұмылдырып жатыр. Атап айтқанда бізде терроризм мен экстремизмге қарсы бағдарлама қабылданған. Онда ең бірінші кезекте осы қылмыстардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар бар», - деді ол.

Әсет Шындалиевтың айтуынша, терроризм, жалданып соғысу, диверсия жасаған адамдар елде өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

«Бұл – да ауыр жаза. Ол өмір бойы түрмеде отырады. Егер өлім жазасы қылмыстардың санына қалай әсер ететінін талдайтын болсақ, түпкі шешімге дау айтатындар да, қолдайтындар да көп. Зерттеулерге қарасақ, нақты шешім жоқ. Ал біздің тәжірибеге сүйенсек, кісі өлтірген адамға өлім жазасын тағайындаған кезде бұл қылмыстардың саны былайғы кезеңнен екі-үш есе көп болған», - деді ол.