×
465.38
483.58
7.69
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
465.38
483.58
7.69

Депутаттар боттарға шүйлікті: Мұның артында реваншистік топтар тұр

28.09.2022, 16:01
Фото: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған депутаттар ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, үкімет басшысы мен бас прокуратураға сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Әлеуметтік желілерде желдей ескен кейбір жел сөз бен алыпқашпа өсек-аяң әңгімелер мемлекеттік құндылықтарды девальвацияға құлдырататынын төңірегімізде мысал аз емес. Осы орайда ҚР бас прокуратурасының ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жолдаған үндеуі ұлты мен ұлысына, тегі мен жынысына қарамастан бүкіл республика жұртшылығын алаңдатуға тиіс деп сесептейміз!» - дейді ол.

Депутат «сөзді аузыңнан шыққанша сен басқарасың, ал аузыңнан шыққан соң ол сені басқарады» деген тәмсілді келтіреді. Айтуынша, елді екіұдай күйге түсіріп, жолынан жаңылдыратын жалған ақпарат – жас баланың қолындағы ұстара секілді. Не өзі арандайды, яки өзгені арандатады.

«Өздеріңізге мәлім, соңғы кездері өмірімізге дендеп енген жаңа медиа, түрлі әлеуметтік желілерде бұқараны жолдан тайдыруға бағытталған жалған ақпараттар тасқыны жиілеп кетті. Түрлі блогерлер мен есім-сойын жасырған әртүрлі акаунттар, жең ұшынан жалғасқан боттар елдің тынышын қашырып, алауыздықтың шоғын үрлеуге жол беруде. Жалған мәліметтер таратып, елдің құлағын көтеріп, мемлекеттің ішкі тұрақтылығын шайқалтуға мүдделі теріс пиғылдылар да жоқ емес», - дейді ол.

Жанарбек Әшімжан қазір бүкіл дүние оттан көйлек киіп тұр дейді. Президенттің «бізге сыртқы жау да, ішкі алауыздық та керек емес, біздің бағытымыз бірлік пен тұрақтылық» дегенін еске салады.

«Әсіресе, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер мен интернет ресурстар жетекшілерінің мемлекетшілдік жауапкершілігі маңызды. Ел ішін алатайдай бүлдіріп, бөлшектеуге, алауыздықты қоздыруға, жалған ақпарат таратуға жасалған әрбір қадамға құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілу керек. Мұндай фейк ақпараттар бірінші кезекте қоғамды тұрақсыздандырып, жанжалды арттырып, мемлекеттік аппараттың қалыпты жұмыс ырғағын бұзуға, елдің тынышын қашыруға бағытталатыны даусыз. Отандық ақпараттық өріске шабуылды ұйымдастыру механизмін типтік деп айтуға болады. Негізінен жалған ақпараттар ең алдымен түбі күмәнді ресурстарда пайда болады, олар негізінен Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Іле-шала фейктер барлық ақпараттық пабликтерде және блогерлер мен анонимді телеграмм-арналар арқылы жаңа медиада көрсетіледі. Мұндай схеманы жақсы қаржылық қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан түрлі жолдармен елдің ішін іріутуге бағытталған мұндай жобалардың артында Храпунов, Аблязов секілді мысықтілеулер, кешегі «Қаңтар қасіретінде» халықтың қалқасында тұрып Тәуелсіздіктің тамырына тас атқан ниеті бұзық реваншистік топтардың тұрғаны анық», - дейді ол.

Жанарбек Әшімжан фейк ақпараттарды «тарату» процесіне қарапайым желі қолданушы азаматтар да сеніп қалып жатқанына өкініш білдіреді. «Жаңалықты» алғаннан кейін олар оны бірден туыстарына, таныстарына бөліседі, осының салдарынан қоғам тұрақтылығын бұзуға жасалған теріс әрекеттердің қатысушысы екенін сезінбейді. Осы себепті, «елдегі ақпараттық кеңістіктің шынайылығын, әділеттілігін, тазалығын тұрақтандыру үшін» депутаттар мынадай қадамдар жасау қажет деп санайды:

  • Бірінші. Уәкілетті органдар кез келген мәселеге сәтінде құқықтық баға беріп, қоғамды, елді шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, заманауи технологиялар үшін түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде баға беру қажет.
  • Екінші. Мемлекеттік органдар ақпарат береді, бірақ оның жиілігі, ең бастысы таралу жылдамдығы жоғарыда сипатталған схемамен салыстыруға келмейді. Сондықтан ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін БАҚ-тардың жұмысын кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек.