Кеңес билігі 1973 жылға дейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесін химиялық жолмен жою тәсілін қолданған. Қ.Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетаев осылай дейді. Ғалым саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелеріне арналған онлайн семинар барысында өткен ғасырдың айтылмай келе жатқан басқа да мәліметтерін ортаға салды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
КЕСЕНЕНІ ТІКЕЛЕЙ ҚИРАТУДАН ҚОРЫҚҚАН
«1920 жылға дейін Түркістан өңірінде 445 медресе болған. Бірақ, 1937-1947 жылдары, яғни 10 жылдың ішінде не бәрі 8 медресе қалған. Онда ол медреселер тарихи сәулет өнеріне қатысты болған еді. Содан кейін зиярат орындары туралы қаулылар шыққан. Бұған қоса, Өзбекстан мен Қазақстан аумағын қамтитын арнайы мүфтияттың да тікелей коммунистік идеология тарапынан құрылғаны туралы мәлімет бар»,- дейді ғалым.
Осы ретте профессор Қожа Ахмет Яссауи кесесіне қатысты бұған дейін еш жерде жария етілмеген мәліметті айтты.
«Кеңес үкіметі кеселелерді тікелей қиратудан қорыққандықтан оларды жоюдың таза химиялық жолдарын ұсынған. Яғни, кесенелерді ылғалдандыру немесе едендерінің астына су жүгірту арқылы химиялық жолмен шөктіруді ойластырған. Бұл тәсіл 1973 жылға дейін қолданылған. Осы жайттан-ақ коммунистік идеологияның дінге қарсы қатты саясат жүргізілгендігін көруге болады», - деді Досай Кенжетаев.
КӨТЕРІЛІСТЕРГЕ АЙМАҚТЫҚ СИПАТ БЕРІЛГЕН
Ғалымның айтуынша, кеңестік билікке қарсы наразылықтар жекелеген аймақпен ғана шектелмейді. Созақтағыдай Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көтерілістер, сонымен қатар Ош, Ферғана аймақтарындағы дүмпулер болған. Ал оларды жеке адамдардың мүддесінен туындаған көтерілістер ретінде көрсеткен. Өркениетті, діни маңызы болғанын жасырған. Яғни, орталықтандырылған құндылықтарға емес керісінше, жеке, аймақтық және хаостық қарсылық ретінде тануды немесе солай бағалауды қанымызға сіңірген. Тарихқа солай жазған.
«Сондықтан бұл мәселеде сақ болғанымыз жөн»,- дейді Досай Кенжетаев.
Оның атап өтуінше, бұрынғы мұрағат деректерінде тарихи санамен қатысты атаулардың бәрі нөмірге ауыстырылған. Яғни, №1, №2 ауыл деп көрсетілген. Қарсылық наразылығына қатысқандар туралы мәліметтерде олардың ауылдары тарихи атауымен емес нөмірмен белгіленген.
«Бұл да тарихи сананы ыдыратудың ерекше әдісі десек болады», - деді ол.
380-ГЕ ЖУЫҚ КӨТЕРІЛІС БОЛҒАН
«Кеңес үкіметінің дінге қатысты саясатына қарсы көтерілістер де болды. 1920-1930 жылдары аралығында Қазақстанда Кеңес үкіметіне қарсылық ретіндегі діни сипаттағы 380-ге жуық көтерілістің болғаны туралы айтылады. Бірақ, бұл көтерілістердің діни не діни еместігіне қатысты мәліметтер берілмеген. Айталық, 1929 жылы Түркістан облысының Бостандық ауданында Исламбек Жұмабекұлы, Қостанай облысының Батпаққара ауданында Абайділдә Бекжанов, Сейітбек Қалиев, Ақылбек Смағұлов бастаған және басқа да көтерілістер болған. Бірақ, осындай көтеріліс, наразылық, ішкі диалектикалық қайшылықтарды кеңестік жүйесі бей-берекетсіз, аймақтық, ауылдық ауқымдағы іс-шара ретінде де ғана бағалаған»,- деді ғалым.
Осы ретте ғалым тарихқа, өткенге, әсіресе саяси қуғын-сүргін құрбандарына баға берген кезде кешегі маркстік, кеңестік, материалистік, диалектикалық, тарихи әдістемесі қалыптастырған қалыптан сақ болу қажеттігін айтады. Қуғын-сүргінге қатысты материалдарды сараптай отырып, осы мәселелерге көз жеткізуге болатынын алға тартады.
«1937-1938 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам үштіктің, бестіктің шешімдері негізінде заңсыз сотталған. Олардың 25 мың сол уақытта атылып кеткен. Репрессия жылдарында 5 млн-нан астам адам Қазақстандағы лагерьлерге жер аударылған», - дейді Досай Кенжетаев.