×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Алдымызға келіп ешкім кешірім сұрамады»: Қаңтаршылардың туыстары әділдік іздеп Астанаға келді

15.09.2023, 13:30
«Алдымызға келіп ешкім кешірім сұрамады»: Қаңтаршылардың туыстары әділдік іздеп Астанаға келді
Фото: Ulysmedia.kz

Бүгін Астанадағы Азаматтарды қолдау орталығы алдына Шымкенттен бір топ азамат келіп, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған балаларының ісіне байланысты наразылық білдірді. Ұлдарынан айырылған әкелер мен шешелер құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, әбден қажыған. Олар журналистерге биліктен нақты не талап ететінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«БІЗДІҢ БАЛАЛАРДЫ АЯУСЫЗ АТЫП ТАСТАДЫ»

Гүлназ Әбдиева (қаза болған Жандар Бақытжанның анасы):

Балалар өліп кетті. Ұлым 5 қаңтарда алаңға барған. Оқыстан оқ тиіп, қайтыс болды. Бірақ сараптама “оқ денесін тесіп өткен” деп шығарып берді. Жергілікті әкімдіктен шамалы көмек көрдік. Мен қазір үйдің ипотекасын төлеп беруді сұрап жатырмын. Себебі жалғыз қалдым. Қаңтар оқиғасынан кейін денсаулығым болмай, жұмысқа жарамай қалдым. Екі жерге жұмысқа кірдім, денсаулығым жарамаған соң шығып кеттім. Қазіргі таңда үйімді төлей алмай, бір несиені жабам деп, екі-үш несие басыма ілініп кеттім. Содан әкімдіктен көмек сұрап барғанымда «ешқандай демеуші жоқ, қазір демеушілердің бәрі де сараң болып кеткен» деп шығарып салды. Әкімнің орынбасарына да, ішкі саясатқа да кірдім – олардың айтатын әңгімесі осы болып тұр», - дейді.

Сонда елімізде өз балаларымызды өлтіріп, аналар жылап қала бере ме? Астанаға әділдік іздеп келдім. Өз елімде (Шымкентте) көмек болмаған соң Астанаға келген жайым бар.

Гүлназ Әбдиева (сол жақта)

Жалғыз балам фельдшерлікті бітіріп, жұмысқа кіре алмады. Жұмысқа сөйлескенімізде бізден 500 мың теңге сұрады. Екінші жерде 1 млн теңге сұрады. Жұмысқа кіре алмай, жекеменшік қара жұмыстарға барып жүрген. Балалар қаңтарда шыққан кезде әлеуметтік жағдайды көтереміз деп шықты ғой. Ал біздің балаларды аяусыз атып тастады.

Қазір ісіміз жабулы тұр. Көтеруді талап етсек, көтермейді. Істі жылы жауып тастады. Сол үшін біз осындай әрекетке барып, Астанадан көмек сұрап отырмыз. Шымкенттегі әкімге барып тұрамыз. Әйтенов «бәрін жасаймыз, істейміз» деп шығарып салатын. Жеке бізге жолықпайды. Орынбасары Асылов, ішкі саясаттағы Бексұлтан деген жігіт алдымызға шығады да, уәдені береді, бірақ ештеңе істелмейді. Өткенде менің ипотекамен алған үйімнің айналасын цементпен құйып берді де, сол күйі қалып қойды. Келгенімізге екі күн болды. Прокуратураға барып, арыз қалдырдық. Қаржы министрлігіне, Халық қорына, үкіметке барғым келеді.

«ӘДІЛДІК ТАЛАП ЕТКЕН МЕНІ БЕС КҮНГЕ ҚАМАДЫ»

Әйкен Қалықұлова (қаза болған Бағлан Шәріпбайдың анасы):

Полиция қызметкерлерінен ешкім жарақат та алған жоқ, ешкімі сотталған да жоқ. Біздің қарапайым халықтың балаларының қолында қару-жарақ болмаған. Бұлар келеді де қарусыз адамдарға оқ атады. Қаулы бойынша «бізге шабуыл жасағаннан кейін ғимаратты, өзімізді қорғау үшін» деп жазады. Жедел штаб санкция сағат 23.00-де берілген дейді. Ал біздің Шымкенттің балалары сағат 21.00-23.00 арасында қайтыс болып кеткен. Қай уақытта қай жерде қайтыс болғанын білмейміз.
Менің баламды Байтұрсынов-Жандосов көшелерінің қиылысында Тойото-30 көлігі әкеп салды дейді, курткасы, аяқкиімі, шалбары қайда – ешкім жауап бермейді. Біздің шымкенттегілердің білімсіздігі соншалық, баламды 7 қаңтарда ғана мәйітханадан таптым. Паспортты алып келсеңіз ғана, балаңыздың денесін алып кетесіздер деді. Алып келдім. Олардың соншалықты топастығы ма, баламды 1998 жылғы деп жазып қойыпты. Балам 1999 жылғы. 1998 жылы тұрмысқа да шықпаған кезім. Соншалықты мазақтығы ма, өлген бала – сөйлей алмайды дегені ме? Осы мәселе бойынша кімге шағымдансақ та, ешкім жауап бермейді.

Әйкен Қалықұлова

Санкция 23.00-де берілсе, 22.30-да қайтыс болған баланың өліміне кім жауап береді? Іс қозғалсын дедік, апелляцияға бердік – нәтиже жоқ. Антикор баламның ісін тергеді. Оларға жазған шағымымда “Байтұрсынов-Жандосов көшелерінің қиылысындағы камераны қойып беріңіздер, баламды қандай көлік әкелгенін көрсетіңіздер деген едім” – бәрібір жауап жоқ.

Қазіргі таңда келіп тұрған себебім – кінәлілер жазалансын. Иті өлсе де Тараз әкімдігі материалдық шығынды өтеді ғой. Біздің итіміз өлген жоқ! Моральдық-материалдық шығынды төлесін! Адамның құны есептелмейді. Бәріміз пендеміз. Алдымызға келіп кешірім де сұрамады. Наразымыз. Уақыт өте келе бізді мазаққа айналдырғандықтан, осында келіп тұрмыз.

Ұлымның ісі әділ тергелуін талап еткен «мені бірде провакаторсыз, насихатшысыз» деп себепсіз, ескерту жасамай, бес күнге қамап қойды. Алып кетер алдында тахикардия-инфаркт деген диагноз қойды – оған да қарамастан, мені қамады. Өздерін таныстырмаған адамдар, ескерту жасамай, түсініктеме алмай – апарды да қамап тастады. Бес күн қамауда жатқан кезімде маған екі рет жедел жәрдем келді. Ештеңеге қарамады. Біріншіден, баламды өлтірді, екіншіден денсаулығыма зиян келтіріп отыр. Бұл қай басынғаны? 

«ҚОЛМЕН ЖАЗҒАНДЫ БАЛТАМЕН ШАБА АЛМАЙСЫҢ»

Мұрат Әбдірайымов (қаза болған Алпамыс Нұрболаттың әкесі):

Астана қаласына әділдік іздеп бесінші мәрте келіп тұрмын. 5 қаңтарда ұлым жазықсыз оқтан қаза болды. Ол жерде 20 адам қайтыс болды. Оларға байланысты ешқандай қылмыстық іс жоқ. Ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылықты бұлар жасамаған. Қайтыс болған ұлдарымызға байланысты Шымкент қаласының арнайы прокуроры Нұрлан Күлбаев қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғаған. Алайда ешқандай дәлел таппағаннан кейін 4-5 айдан соң, қысқартып, күдікті дегенді жойып, ақтап шығарды. Қазіргі таңда біздің балаларымыз ешқандай тәртіпсіздік жасамаса да, жазықсыздан жазықсыз қайтыс болды.

Мұрат Әбдірайымов

Прокуратураның берген қаулысында 4-6 қаңтар күндері Шымкентте өңірлік жедел штаб жұмыс істегені жазылған. Басшысы Мұрат Әйтенов болған. Әкімге кіргенімде «иә, мен жедел штабтың басшысы болдым» дейді. «Сіздер халықты атуға рұқсат берген екенсіздер» деп едім, кейін сол шыққан қаулының күшін жойып жіберді. Қолмен жазғанды, балтамен шаба алмайсың!

Біздің балаларымызды атуға рұқсат берген өңірлік жедел штаб, сол аталған бұйрықтан кейін «біз оқ атуға мәжбүр болдық» деп полиция қызметкерлері жазып отыр. Айтқан сөзіме жауап берем! Әрі қолдағы құжаттармен дәлелдей алам! Қазір ешкім балаларымыз үшін жауапқа тартылмайды. Біздің ісімізді жауып тастады. 20 баланың ісін жауып, архивке өткізіп жіберген. Прокурорға бірнеше рет арыз жаздым. Бірақ менің талабымды олар қанағаттандырған жоқ. Арыздарымды тапсырдым. 

«ОҚТЫҢ НӨМІРІ БАР – ТЕРГЕСЕ ҰЛЫМДЫ КІМ АТҚАНЫН БІЛУГЕ БОЛАДЫ»

Жазира Жанатбекова (қаза болған Ислам Аңсардың анасы):

Ұлым Алматыда қайтыс болды, бірақ тұрғылықты жерім Шымкент қаласы. Алматыда жұмыс істейтін. Үйленгеніне екі ай ғана болған еді. Астанаға бірнеше рет келіп отырмыз. Менің ұлымның ісі құпия архивке кетіп қалған. Балама 4 айдан кейін экзгумация жасады да тексерді – оқ шықты. Оқтың нөмірі бар. Алматы қаласының тергеушісі Тастеміров оқтың өзін көрсетпесе де, қораптағы оқтарды көрсетіп, «осылар балаңыздың денесінен шықты» деді. Нөмірін де көрсетті.

Жазира Жанатбекова

Стрессте жүргендіктен, нөмірін есте сақтамаппын. Күріш дәніндей темірдің қалдықтары баламның денесінен шығыпты. Мәйітханадан алып шыққан кезде “денесін оқтар тесіп өтті” деді. Оқтың барына қарамастан, бұлар істі жауып жатыр. Егер оқтың нөмірімен істі тергесе, бәрі шығып тұр. Яғни бұл жерде әскери адам атқан. Сондықтан, менің де талабым осы – құжаттарды көтеріп, атқан адамның жазасын берсін! Осы адамнан материалдық және моральдық шығынды талап етеміз!

«БІЗДІ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?»

Роза Бегімова (қаза болған Бекжан Төленбектің анасы):

Ата-ана баласынан не күтеді? Үміт күтеді! 22 жасында балам қыршын кетті. Бір аптадан кейін мәйітханадан қорытындысын алдым. Оқ баламның басына тиген. Менің баламды кім атты, оқ кімге тиесілі – бізде мүлде мәлімет жоқ. Денесін тесіп шығып кеткен дейді. Полиция департаментінің өкілі Ораз Байтұрсыновтан сұрап, баламның ісімен таныстым. Бүгінге дейін менің баламның өлімі маған жұмбақ. Кім өлтіргені, кімнің қолынан өлгенін білмеймін. Жайдан-жай біздің балалар көшеде жүріп өлген жоқ. Бізге енді келіп, «балаларыңның өлгенін міндет қылып жатырсыңдар» деп, бізді Шымкент өңірі мүлде қабылдамайды. Бізді әкімдік, прокуратура мазаққа айналдырды. 

Роза Бегімова

Осы күнге дейін Мұрат Әйтенов бізді қабылдамады. Астанаға келгенімізде «келіңіздер қабылдаймыз» деп алды да, Шымкентке жеткенде қабылдамай қойды. 8 айда депрессиядан әрең шықтым. 53 жасыма дейін Шымкенттің әкімі, прокуроры, тергеушісі кім екенін білмей, ісім түспеген адам екенмін. Бір жыл 9 ай болды, баламның өлгеніне. Біздің балаларымызды өлтіре тұрып, анасын, әкесін қамауға алды. Сонда бізді кім қорғайды? 

Шымкентте былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Құқық қорғау органдары басында оларға да "жаппай тәртіпсіздік жасады" деген айып таққысы келген, бірақ іс дәлел жетпеуіне байланысты жабылып, кейін марқұмдар жәбірленуші деп танылған. Қаза тапқандардың ата-аналары бұған дейін биліктен 5 млн теңге өтемақы беруді және балаларының өлімін тергеуді талап еткен.