×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Көміртегіден азат 100 ел. Қазақстан міндетін қалай орындайды

15.10.2021, 16:19
Фото: ulysmedia.kz

2015 жылы қабылданған Париж келісіміне мүше елдер бірігіп, жаһандық орташа температураны «сәл төменірек» 2 °C мөлшерінде ұстап қалуға, температураның қызуын 1,5 °C деңгейінде шектеуді міндетіне алып отыр. Келісімге мүше 200-ге тарта мемлекеттің бәрі СО2 эмиссиясының шарықтау шегіне «қауқар жеткенше шұғыл» жетіп, ортақ мақсатты орындау үшін әр ел өз жоспарын таныстыруға келіскен. Осы ретте Қазақстан өзіне алған міндетті 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасы арқылы орындамақ, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«КӨМІРТЕГІДЕН АЗАТ 100 ЕЛГЕ КІРЕМІЗ»

Бүгін де энергияның 68,9% Қазақстан жылу электр стансаларынан алады. Бұл көрсеткіш тоқсаныншы жылдары тіпті 80% тең болған. Әйтсе де 2060 жылға дейін көміртегіден таза ел болу Доктринасына сәйкес, еліміз жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін жалпы энергия балансының 80% жеткізуді көздейді.

Президент жақында ғана Париж келісімі бойынша өткен жиында «80% мақсатқа қол жеткіземіз» дегенімен, бүгін де еліміз қуаттың бар-жоғы 1,2% күн және 1% жел электр стансаларынан алады.

Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екенін жасырған жоқ. Соған қарамастан Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіден бейтарап болуға қол жеткізетін алғашқы 100 елдің қатарында болатынын жариялаған. Президент Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасы, түптеп келгенде, прагматикалық әрі рационалды болуға, ел экономикасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ескеруге тиіс деп есептейді.

«Қазірдің өзінде Доктринадағы үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі күш-жігер қажет екені айқын. Бұл ретте, отын-энергетика кешенін жаңғыртуда, индустриялды және агроөнеркәсіп саясатын қайта қарауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыста және жалпы адамдардың өмір сүру дағдысында жаңа тәсілдер қажет. 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энергия балансының 80 пайызынан астамын құрайтын болады. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткізіп қана қоймай, 2060 жылға қарай парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды, – деді мемлекет басшысы таяуда өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда. 

ДОКТРИНАНЫ ОРЫНДАУ ҮШІН 650 МЛРД ДОЛЛАР КЕРЕК

ҚР Экология министрі Серікқали Брекешев 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасының жобасын дәл сол отырыста таныстырған еді. Министрдің айтуынша, доктрина TIMES, CGE және System Dynamics сияқты ең жақсы озық модельдер арқылы нақты экономиканы модельдеу негізінде жасалған. Бұл ең аз инвестициялық шығындар және ең үлкен экономикалық тиімділікке қол жеткізу тұрғысынан Қазақстан экономикасын декарбонизациялаудың неғұрлым оңтайлы жолын айқындауға мүмкіндік береді.

«2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика ауқымында нөлдік шығарындарылардың  таза теңгеріміне қол жеткізеді. Олардың көп бөлігін болдырмауға болады, ал қалған еріксіз шығындар тікелей көздерде пайдаланылады, сақталады немесе өсімдіктер мен топыраққа сіңіп кетеді», - деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, министр ірі бизнес өкілдеріне белсенді іс-қимылдарға көшу және бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін декарбонизация жоспарларын әзірлеуді бастау қажеттігін айтты.  Өз кезегінде, «жасыл» қаржыландыруды дамыту және «жасыл» технологияларды, жобалар мен инновацияларды пайдалануда мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мақсатқа қол жеткізуге жәрдемдеспек.

Сонымен бірге көрсеткіштер мен көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарды қамтамасыз ету тұтастай алғанда ұлттық шығындарға әсер ететін салалық саясатты реформалауды талап етеді. Есептеулер көрсеткендей бұл үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд АҚШ доллары жұмсалуы тиіс.

Доктрина халықаралық инвесторларды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке сектор үшін экономика дамуының ұзақ мерзімді бағдарына айналады. Айта кету керек, экономиканың әлеуметтік әділ трансформациясы және жаңа жұмыс орындарын құру Доктринаның ажырамас бөлігі.

Серіктес жаңалықтары