×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

Банк алдындағы берешек 12 трлн теңге: Қазақстандықтардың қарызға бату көрсеткіші

15.10.2021, 14:59
Коллаж: ulysmedia.kz

Ел тұрғындары қазақстандық банктерге қанша теңге қарыз, қай банктің алдында берешегіміз көп?  Ұлттық банк Ulysmedia.kz жолдаған сауалға жауап берді. Соның негізінде әзірленген шолуды назарларыңызға ұсынамыз.

ХАЛЫҚ ҚАЙ БАНКТЕРДЕН КӨП ҚАРЫЗ АЛАДЫ

Қазақстандағы активтері ең көп банктердің ондығында Қазақстан Халық банкі (10,6 трлн теңге), Сбербанк (3,8 трлн теңге), Kaspi Bank (3,3 трлн теңге), ForteBank (2,3 трлн теңге), Банк ЦентрКредит (1,9 трлн теңге), Отбасы банк (2,3 трлн теңге), Jusan Bank (1,7 трлн теңге), Еуразия банкі (1,4 трлн теңге), АТФБанк (1,1 трлн теңге), Bank RBK (1,2 трлн теңге) тұр.

Жалпы қарыз портфелі жағынан ең көп сома осы аталған банктердің алғашқы үштігіне Қазақстан Халық банкі (5,5 трлн теңге), Сбербанк (2,1 трлн теңге), Kaspi Bank (2 трлн теңге) тиесілі.

АЛМАТЫДАҒЫ АТЫС ЖӘНЕ 1,08 трлн теңге

Төлем мерзімі өтіп кеткен несиелердің ең көп сомасы жағынан да алғашқы үштікте (негізгі қарыз және аударылған сыйақылар бойынша мерзімі өткен берешегі бар несиелер) Қазақстан Халық банкі (301 млрд теңге), Сбербанк (167 млрд теңге), Kaspi Bank (161 млрд теңге) тұр. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің басым бөлігі де Қазақстан Халық банкі (196 млрд теңге), Сбербанк (119 млрд теңге), Kaspi Bank (91 млрд теңге) «еншісінде». Бұл жағынан банктердің ішінде Отбасы банктың көрсеткіші ең аз – 1,2 млрд теңгені ғана құраған. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелер бойынша алғашқы үш банкпен қатар Jusan Bank (85 млрд теңге) пен Банк ЦентрКредит те (69 млрд теңге) тұр.

“2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы мөлшері 1,08 трлн теңгені (проблемалық кредит) құраған. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштен қарағанда 0,12 трлн теңгеге төмендегенін атап өту керек”, – делінген Ұлттық банктің берген жауабында.

Еске салсақ, 20 қыркүйекте Алматы қаласында үйін кепілге қойып банктен несие алған азаматты сот орындаушылары күштеп шығармақ болғанда, үй иесі оқ атып, 5 адам қаза болған еді. Жоғарыда атап өткен 1,08 трлн теңге проблемалық несие кесірінен осындай қауіпті оқиғалар қайталануы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.

ҚАРЫЗҒА БАТУ КӨРСЕТКІШІ ӨТЕ ЖОҒАРЫ

Ұлттық банк сонымен қатар жеке тұлғалардың банктер алдындағы міндеттемелері жөнінде де ақпаратты жариялады. Жеке тұлғалар, яғни қарапайым азаматтар ең көп несие алған банктердің тізімінде Қазақстан Халық банкі (жалпы сомасы 4 трлн теңге), Kaspi Bank (2,4 трлн теңге), Отбасы банк (1,3 трлн теңге) тұр. Жеке тұлғалардың Ұлттық банк атаған 23 банктің алдындағы жалпы міндеттемесі 12,4 трлн теңгеден асады. Сарапшылар халықтың қарызға белшеден батқаны жақсы құбылыс емес екенін алға тартады.

«Бұл – экономикалық белсенді халықтың қарызы. Яғни 18-63 аралығындағы азаматтардың саны Қазақстанда орташа есеппен 9 миллилонға жетеді. Осы адамдардың қарызы 12,4 трлн теңге болып тұр. Былтыр 9 трлн теңге деп айтқанда кезде жағамызды ұстағанбыз. Ол – үлкен сома. Яғни халықтың несиеге бату көрсеткіші өте жоғары деген сөз», - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

ҚАРЫЗДАН ҚАНША АДАМ «САУЫҚТЫ»?

Ұлттық банктың хабарлауынша, несие бюросы жүйесінде несие мерзімін 90 күннен асырып төлеген және несиесін 5 жыл бұрын жапқан адамдар туралы ақпарат бар. Соның салдарынан мұндай адамдарға қатысты несие бюросында несие тарихы бүлінген күйінде сақталатын.

«Несие тарихында «несиені уақытында төлемеді деген» ақпарат бар бұл азаматтар несие аларда қиындыққа тап болады. Ережеге сай, банктер мен микроқаржылық ұйымдар несие тарихы бүлінген адамдарға несие бермейді», - деген жауап келді Ұлттық банктен Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына.

Мұндай азаматтарға көмектесу үшін 2021 жылдың сәуірінен бастап несиелер бюросының жүйесінде «сауықтырылған» деген мәртебе беруді көздейтін сауықтыру тетігі енгізілген еді. Сауықтыру тетігі несие алушының санатына қарай бірнеше шара қолдануды көздейді.

Егер борышкер проблемалық несиесін несие бюросында толық өтесе, уақыты өткен қарызын төлеген соң және несие төлеу мерзімі 30 күннен асып кетпесе, оған «сауықтырылды» деген мәртебе беріледі. Ұлттық банк берген мәліметтерге сүйенсек, ел бойынша 1,9 млн азамат осы мәртебені алған.

Егер қарыз алған адам қарызын ішінара төлесе және банк қарыз алушының өтініші бойынша оған төлемнің жаңа кестесін қосып, сауықтыру жоспарын жіберсе, онда қарызды уақытша тоқтата тұру сияқты қайта құрылымдау, қарыз уақытын ұзарту, қайта қаржыландыру сияқты шаралар қолданады. Егер қарыз алушы мүлдем төлем жасамаған жағдайда, мәселе сотқа дейінгі тәртіппен реттеледі.

Серіктес жаңалықтары