×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«АЭС шағын ғана топтың бас пайдасы үшін салынғалы жатыр»: Сарапшылар пікірі

29.09.2023, 11:38
«АЭС шағын ғана топтың бас пайдасы үшін салынғалы жатыр»: Сарапшылар пікірі
Коллаж: ulysmedia.kz.

2021 жылы Ulysmedia ашылған кезде портал тілшілері зерттей бастаған басты тақырыптың бірі – атом электр станциясы болатын. Журналистеріміз бұл тақырыпты содан бері назардан тыс қалдырған емес – таяуда тыңдау өткен Үлкен ауылындағы үлкен дауды да өз көзімен көріп қайтты.

2021 жылы да қазіргідей «Қазақстанға атом электр станциясы керек пе, әлде жоқ па?» деген сұрақ қызу талқыланып, тараптар қай алаңда болмасын аргументтерімен «атысып» жататын. Сол уақытта Ulysmedia энергетик Әсет Наурызбаев пен экономист Жарас Ахметовтың пікірін сұрап көрген еді.

Біз екі жылдан кейін осы спикерлерден қазіргі пайымын сұрап көруді жөн көрдік. Екі жылда олардың пікірі өзгерді ме? АЭС-ке бұрынғыдай қарсы ма, әлде ол қажет деп есептей ме?

«Күн мен жел энергиясы жетпейді деген пікір – ақымақтық»

KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев энергетик маман. Осыдан екі жыл бұрын ол АЭС салуға жұмсалатын 12 млрд доллар ақшаны күн және жел электр станцияларын салып, мәселені реттеуге болатынын айтқан. Әлі де сондай пікірде екен.

«Әлбетте, мен әлі де Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсымын. Себебі жемқорлық мотивінен бөлек, бұл жерде басқа әңгіме жоқ. Бір ғана себеп – адамдар «станцияны тұрғыздық» деген сөз үшін ғана салғысы келеді. Оның орнына жел және күн электр станцияларын салсақ, әлдеқайда арзанырақ әрі қауіпсіз болар еді. Күн және жел электр станциялары жылдам салынады, әрі едәуір қуатты арзан бағамен береді», - дейді ол.

Десе де «Қазақстанға АЭС керек» дейтіндердің басты аргументтерінің бірі – «күн немесе жел электр станцияларының қуаттылығы жалпы сұранысты жаба алмайды» дейтін пікірі. Алайда Әсет Наурызбаев олардың бұл пікірімен келіспейді.

Әсет Наурызбаев

«Сіз Қазақстанның қалаларын ұшақпен аралап көрдіңіз бе? Ұшсаңыз, біздің жердің қаншалықты кең екенін білетін боларсыз!? Қазақстанды алдағы 50 жылда электр қуатымен қамтамасыз ету үшін біздің жердің бар болғаны 1 пайыз бөлігі ғана керек. Сол 1 пайыз жерге күн және жел электр станциясын салып тастауға әбден болады. Сол себепті, балама қуат көздерінен шығатын қуат жетпейді деген пікір – барып тұрған ақымақтық! Біздің басты басымдығымыз – жеріміз кең. Ата-бабаларымыз осыншама жерді бізге аманат етіп қалдырып кетті. Біздің жердің біршама аумағы мал жайып, бақша егуге келмейді. Өмір сүру де қиын. Сол жерге күн мен жел энергиясын өндіре аламыз», - дейді ол

«АЭС шағын ғана топтың бас пайдасы үшін салынғалы жатыр»

Энергетиктің айтуынша, АЭС алдағы «екі-үш буын ұрпаққа тоқ бергенімен, кейінгі жүздеген ұрпақ таудай бой үйілген радиоактивті қалдықтарды күзетіп қалатынын» айтады.

«Референдум да сол үшін – әр адам ұрпағын ойлау үшін өткізіліп жатыр. Екі-үш буын ұрпақ тоқ алып, одан кейінгі жүздеген ұрпақ таудай радиоактивті қалдықпен қалғанын қалаймыз ба? Біздің алдыңғы буын өз қолымен Аралды құртты. Енді біздің буын егер атом электр станциясы жарылса, «Балқашты жоғалтып алғыңыз келе ме?» деген сұраққа жауап беруі керек. Ата-аналарымыз кезінде Аралдың жойылып кеткенін қаламаған шығар!? Солай болды ақыры. Біз де қазір Балқаштың өлгенін қаламаймыз, бірақ ол жарылып кетуі мүмкін. Бұл - жауапкершілік мәселесі. «Кәсіби мамандар шешім қабылдауы керек» дейді олар. Шын мәнінде, ол шешімді бүкіл халық болып қабылдауы керек! Себебі бұл - алдағы жүздеген ұрпақтың мойнына түсетін жауапкершілік», - дейді сарапшы.

Әсет Наурызбаев АЭС тақырыбында референдумды міндетті түрде өткізу керектігін, себебі ол ұсақ-түйек мәселе емес екенін атап өтеді.

«Шағын ғана топтың бұл жерде пайдасы бар» дейді. Тағы да айтамын, шағын ғана топтың бас пайдасынан басқа, АЭС салудың басқа себебін көріп тұрған жоқпын. Мен АЭС салуда ешқандай салмақты аргумент көріп тұрған жоқпын», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, әлемде күн және жел электр станцияларын орната алатын мықты компаниялар жетерлік. Алысқа бармай-ақ, Алматыдан Талдықорғанға бара жатқан жолда сол станциялардың тұрғанын ол мысалға келтіреді. Наурызбаевтың сөзінше, мемлекет қаражатын тартпай-ақ, олар өз қаражатымен елде күн және электр станцияларын сала алатын инвесторлар да бар.

Үлкен ауылындағы жария тыңдау. 2022 жылдың 22 тамызы

«Қазақстанда атомның толық циклі бар деген әңгіме – ертегі»

АЭС тақырыбына атом саласы, энергетика, эколог мамандардан бөлек, саясаттанушылар да пікір білдіріп, үлкен жобаны Ресей немесе Қытай салса, бұл фактор екі елге тәуелділікті арттыра түседі деп тұспалдайды. «Мұндай тәуекел расында да бар ма?» деген сұраққа Әсет Наурызбаев «бар» деп жауап береді.

«Мұндай қауіп бар. Салынып, істеп тұрған станция күндердің күнінде жалп етіп өшіп қалуы мүмкін. Өйткені АЭС-тің басқару тетігі бәрібір бізде болмайды. Кез келген уақытта өшсе, біз оған не болғанын ұқпай қалармыз. Себебі бізге оны үйретпейді де. Сол себепті мен қауіптерді былай бөлем: біріншісі, Балқашты жоғалтып алу тәуекелі, екіншісі – Украинадағы Запорож АЭС секілді кез келген қарулы топ станцияға басып кіріп, бүкіл елді бопсалауы мүмкін. Олар қажет болса, Солтүстік-Оңтүстік желісін осымен өшіре сала алады. Сондықтан АЭС салудағы тәуекелдердің өзі ұзақ талқыланатын мәселе», - дейді ол.

Энергетик атомшылардың «көп айтатын өтіріктерінің бірі – Қазақстанда атомның толық циклі бар» деп жүргені дейді. Оның сөзінше, Қазақстан ешқашан атомды толық байыту мүмкіндігіне ие болмайды. «Ядролық клуб Қазақстанға уранды байытуға мүмкіндік бермейді» деген пікірде сарапшы.

«Біздің халық референдумда жауапкершілік пен ақыл-ойды танытады деген үміттемін. «Иә, біз осы жерге жауаптымыз» десе, бір ғана шешім қабылданады. Тағы қайталаймын – АЭС салуда бірде-бір салмақты аргумент жоқ, бірақ сол адамдардың ұрпаққа таудай радиоактивті қалдық қалдыру ниеті ғана бар», - деп түйеді сөзін Әсет Наурызбаев.

«АЭС қазір трендте емес»

Осыдан екі жыл бұрын елдегі энергия қажеттілігін жабу үшін табиғи газ резервін пайдалану керек деп пікір білдірген экономист Жарас Ахметовке де хабарласқанбыз. Ол энергия қуатының дефициті расында барын, қанша көлемде екенін Энергетика министрлігінен білуге болатынын атап өтеді.

Жарас Ахметов

«Бізде сонымен қатар күрделі жөндеуден кейін Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 іске қосқалы жатыр. МАЭК-те күрделі жөндеуді талап ететін, бірақ қажеттілікке жарайтын қуаттылық мөлшері бар. Жамбыл ГРЭС-те де. Сол себепті, жөндесе қызметке жарайтын қуаттылық мөлшерін пайдаға жаратсақ, әлеуетті дефицитті жабуы мүмкін. Бұл бір. Екіншіден, жаңғыртылатын қуат көздерінің үлесі әлемдік энергетикада қазір шамамен 40 пайызға таяды. Оған күн, жел, гидра және биоотын энергиялары кіреді. Яғни, негізгі тренд осы. АЭС-ті қазір білуімше тек Түркия мен Африка елдері салып жатыр. Иә, АЭС осыдан 20-30 жыл бұрын жетекші технология саналатын. Ал қазір баламалы, жаңғыртылатын қуат көздері алға шықты. Термоядролық синтездің де негізгі пайдасы 10 жылдан кейін ғана көрінетін шығар. АЭС салып біткен кезде термоядролық синтезді пайдалануға болатынын біліп, бас шайқап жатпасақ болды», - дейді экономист.

Жарас Ахметовтың айтуынша, тұрғын үй коммуналды шаруашылығы саласында тарифті инвестицияға алмастыру үрдісі жүріп жатқанын айтады. «Пайдаға жарап жатқан баламалы қуат көздері жетерлік» деген пікірде Ахметов.

«Бізде Солтүстік-Оңтүстік желісінде қуаттылықты реттеп отыратын станция керек. Бірақ сол үшін АЭС керек пе? Бұл сұрақты энергетиктерге қою керек болар. Алайда, меніңше, бұл мәселені қолда бар қуат көздерімен реттеуге бола ма деймін», - дейді ол.

«Референдумда дауысты кім санайды?»

«Референдумнан не күтесіз?» деген сұраққа Жарас Ахметов скептикалық көзқарас танытады. Сталиннің «кімнің қалай дауыс беретіні маңызды емес, кімнің санайтыны маңызды» деген сөзін мысалға келтіреді.

«Мен дауысты қалай санайтынын білмеймін. Сондықтан бірдеңе деп болжам жасамай-ақ қояйын. Құрылысы жағынан қазір түпкілікті дейтіндей ешқандай смета жоқ. Құрылыс сметасының әдетте қымбаттайтын тенденциясы бар. Бұл - бір. Екіншіден, өзін-өзі ақтау мерзімі қалай белгіленеді? Балқаш ЖЭО мәселен, өзін-өзі ақтау мерзімі 15 жыл деп белгіленген. Ол өзін ақтау үшін тарифті экономикаға күш түсетіндей көтерді. Жобадан бас тартуға тура келді. Самұрық-Қазынаға келген шығын 36 млрд теңгедей болып көрсетілді. Ол жерде де көреміз. Референдумда дауыс бергеннен кейін сметасы қандай болатынын көре жатармыз. Кімнің салатыны, қандай реактор қойылатыны әлі белгісіз», - дейді ол.

АЭС-тің салатын елге ықтимал саяси тәуелділігі жайлы Жарас Ахметовтен те сұрап көргенбіз. Ол құрылыс барысында саламын деген Ресейдің де, Қытайдың да келешегі не болатыны түсініксіз екенін айтады.

«10 жылдан кейін Ресейде қандай режим болады? Ешкім білмейді. Мүмкін, ол елдің бәрін жақсы көретін либерал-демократтар бола ма? Қытайда ашық ұлтшылдар билікке келе ме? Біз оны білмейміз. Сол себепті қазір бірдеңе деп болжам жасаудың өзі мағынасыз. Жобаның жүзеге асатын мерзімі ұзақ, ал әлем жылдам өзгеріп жатыр», - деп түйді сөзін Жарас Ахметов.