Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік нан бағасын тұрақты болатынын, бірден қымбаттайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Шынында да, өзіңіз білетіндей, былтырғыдан қарағанда биыл бидай шығымы аз болды. Орта есеппен 10 центнер болып отыр. Былтыр шығым 13 центнер болып, 20 млн тоннаға дейін бидай жиып алып едік. Алайда биылғы шығымның өзі ішкі қажеттілікті жабуға жетеді. Бұл ретте мен азық-түлікке, нанға арналған өнімді айтып отырмын. Бидай материалы ретінде жыл сайын бізде 2 млн тонна кетеді. Тиісінше, ішкі баланста былтыр 3,5 млн тонна бидай қалғанын ескерсек, биыл экспорттық әлеует 6-6,5 млн тонна болады. Біз оны экспорттай аламыз», - деді Ербол Қарашөкеев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр сонымен қатар ұнның да экспорттық өнім екенін, оның бағасы әлемдік бағаның конъюктурасына қарай құбылатынын атап өтті. Қарашөкеевтің айтуынша, Food and Agriculture Organization (ФАО) азық-түлік бағасының өсетінін болжайды.
«Осыған байланысты шынында да, баға өсіп барады. Бірақ мұның екінші жағын да атап өтуім керек. Биыл бидай шығымы аз болғандықтан, тиісінше фермерлердің шығыны көп болды. Бидайдың өзіндік құны артты. Осыған орай бидай бағасының өсімі біздің фермерлердің қаржылық жағдайын едәуір жақсартуы керек. Себебі экспорттан түсетін табысқа қарай келесі жылға дайындық басталады. Ел ішінде әлеуметтік нан бағасына келер болсақ, 555 грамдық бөлке қымбаттамауы үшін баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шара қабылдап жатырмыз. Ең бірінші кезекте, осы әлеуметтік нанды пісіретін кәсіпорындардың бәрін ұнмен қамтамасыз ету керек. Осы мақсатта қазіргі заңнамаға өзгеріс енгізіп, азық-түлік келісімшарты ұйымы диірмендерге арзандатылған бидайды жеткізе аларлық жағдай жасамақпыз. Сол себепті кешенді шара қабылданып жатыр. Үкіметтің бақылауында. Өңірлермен жұмыс ретке келтірілді», - деді ол.
Ербол Қарашөкеев сонымен қатар мемлекеттік резервіндегі 400 мың тонна бидай нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға жететінін айтып қалды.
«Әлеуметтік нанның бірден қымбаттауына жол бермейміз. Ол үшін қолымызда тетіктің бәрі бар. Резервтегі 1 млн тонналық бидайды нан ретінде жұмсау мақсатынан бөлек, мал шаруашылығына да жеткізе аламыз. Нан бағасы ойлы шекте болады», - деді ол.