Депутат Болат Керімбек елдің шекара қауіпсіздігінің мәселелерін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілісмен биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне шекара қауіпсіздігінің мәселелерін өз көзімен көру үшін барып қайтқанын айтады. Сол жолы олар шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болған.
«Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес. Мәселен, қазіргі таңда заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр. Шекарашылар сонау 50-60 жылдары салынған ескі үйлерде тұрып жатыр. Бүгінгі таңда шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмай отыр. Шекараны бекемдеу мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда оның 15-і аяқталмай қалған», - дейді ол.
Депутаттың сөзінше, 2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілген. Олардың 3-і апаттық жағдайда, ал 9-ының жағдайы талапқа сай келмейтіні анықталған.
«Мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларын салуда да байқадық. Оған жуырда осы өңірге барған іссапарымызда көз жеткіздік. Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, «құрылыс материалдары қымбаттады» деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды. Осылай уақытты созып келеді. Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз», - дейді ол.
Болат Керімбек жалпы шекара саласының проблемаларын шешу үшін Президент әкімшілігі басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленгенін, оған 582 млрд теңге қажеттігін айтады. Оған қоса, мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд теңге қажет. Алайда Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте шекара саласының мәселесін толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған.
«Сонда біздің Үкімет қазіргі геосаяси жағдайды көре тұра, салғырттық танытқаны ма?! Оның әрекетсіздігі бізді таңғалдырып отыр. Бұны қалай түсінуге болады? Сондықтан Қорғаныс саласын және Шекара қызметін қаржыландыру мәселесі Республикалық бюджетті қалыптастырған кезде ең жоғары басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету керек. Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыру керек. Қорғаныс және шекара саласына бөлінетін шығыстарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызына дейін жеткізуді заңмен бекіту қажет. Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы бағдарлама қабылдаған жөн. Мемлекеттік қауіпсіздік саласының аса маңыздылығын ескере отырып, аталған мәселелерді Қауіпсіздік Кеңесінде қарауды жөн деп санаймыз», - дейді Болат Керімбек.