Қытайдан қысымнан қорқып, Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтіп келген қандастарға тым болмағанда үшінші елге өтіп кетуіне көмектесу керек. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи осылай дейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәселе Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы туралы болып отыр.
«Бұл азаматтар Қазақстанда дәрігерге қаралу, жұмыс орнын табу, тіпті сим-карта алуда проблемаларға кезіккен. Әрине, бұл жерде Қазақстан мен Қытай арасында жасалған түрлі мемлекеттік келісімдер бар ғой. Бәрін тізіп шығатын емес. Сондықтан Қазақстан біріншіден, осы келісімдерге кері қылық, әрекет жасағысы келмейді. Екіншіден, ұлы көршісінің ашуын тудырғысы келмейді. Бұл түсінікті жағдай. Сондықтан бұл азаматтарға босқын мәртебесін немесе азаматтық бере алмасақ, тым құрығанда үшінші елге кетуге мүмкіндік жасап беру керек. Сайрагүл Сауытбай кеткендей, Қастер, Мұрагер, Қайша үшеуіне үшінші елге мүмкіндік беретіндей виза беру керек», - деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Еске сала кетейік,2019 жылы қазан айында Қытайдағы қысымнан қорқып, Қазақстанға қашып келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы босқын мәртебесін алмай тұрып, "қытай-қазақ шекарасын қасақана түрде бұзғаны үшін" елде бір жылға бас бостандықтарынан айырылды. Олар сегіз айдан кейін түрмеден шықты.
Шыңжаңдағы қысымнан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы биыл қаңтарда бір күнде Қазақстанда шабуылға ұшыраған болатын. Ақанды Алматы қаласында үйінің сыртында соққыға жықққан. Әлімұлына Нұр-Сұлтанда белгісіз екі адам пышақ сұққан.