Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Асхат Рахымжанов Қазақстанның Қытаймен тығыз байланыс орнатуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер Ермұрат Бапидан Қытаймен жақындасудан елімізге қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екенін сұрады.
"Әрине, қазақстандықтардың Қытайға қатысты белгілі бір фобиясы бар, сондықтан біз Қытайдан келетін барлық жобалар мен инвестицияға сақтықпен қараймыз. Біздің халқымыздың оған неліктен алаңдайтынын түсінуіміз керек, мұның бәрі сыбайлас жемқорлықтың кесірінен. Халық біздің шенеуніктер қазақтың мүддесін Қытайға сатып жібере ме деп қорқады. Бұл сондай-ақ саяси хабардарлықтың нашарлығы аясында орын алады. Біз көршілермен жұмыс істеп, серіктес болуымыз керек, басқа амалымыз жоқ", – деді Бапи.
Депутат елді экономикалық дағдарыстан үш сала – көлік инфрақұрылымын, құрылыс пен өнеркәсіпті дамытудың алып шығатынын атап өтті.
"Осыған байланысты Қытайдың осы салаларға инвестициясына оң көзқараспен қарау керек", – деді депутат.
Ал ЖСДП депутаты Асхат Рахымжанов Қазақстан қазірдің өзінде Қытаймен өте тығыз қарым-қатынаста екенін айтты.
"Еліміздегі мұнай барлау компанияларының көбі – қытайлық компаниялар. Қытай біздің басшылыққа экономикалық қысым жасау арқылы өз еркін айта алады деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені бізде өзара тиімді ұстанымдар бар. Қазақстанға жаңа технологиялар мен инвестиция қажет, ал Қытайға біздің өнімдеріміз керек", – деді мәжілісмен.
Рахымжанов қазір әлемде басқа елдерден абсолютті тәуелсіз болатын бірде-бір мемлекет жоқ екенін атап өтті. Бұл ретте мәжілісмен республикаға инвестиция құйып жатқан елдердің саяси шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі болмас үшін Қазақстанға тәуекелдерді азайту қажеттігін баса айтты.
"Біз Қытаймен тепе-тең қарым-қатынас жасай аламыз. 2016 жылғы сценарийді жер митингісімен қайталау қаншалықты мүмкін екенін білмеймін. Бізді құлдық жағдайға әкелетін қосымша келісімдер болады деп ойламаймын. Өткен тәжірибені ескере отырып, ел басшылығы мұндай қадамдарға бармайды", – деді депутат.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда ресми сапармен жүр. Бұдан бұрын ол ҚХР төрағасымен келіссөз жүргізіп, екі ел бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.