×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

«Қазақстан тауардың 106 түрін Ресейге өткізбейді»: Сауда министрлігі күндіз берген ақпаратын кешке жоққа шығарды

19.10.2023, 21:53
Фото: Ашық дереккөзден

Сауда және интеграция министрлігі «Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны» туралы ақпараттың дұрыс еместігін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны туралы ақпараттың дұрыс еместігін Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ресми түрде мәлімдейді. Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынастарын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың ережелеріне толық сәйкес жүргізіледі. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына кез келген тауарларды экспорттауға тыйым салынбаған, – делінген кешқұрым министрлік берген түсіндірмеде.

Ведомство бұл ретте экспорттық бақылауға жататын “қос мақсаттағы" тауарлармен сауда Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтеді. Қазақстан заңнамасына сәйкес мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажеттігін хабарлайды. Экспорттық бақылау жүйесі қос мақсаттағы тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу үшін қажетті рұқсат құжаттарын алуды көздейтін сауда саясатының ерекше саласы екенін атап өтеді. Экспорттық бақылау ұлттық құзыретке жататынын, ол ЕАЭО туралы шартта да барын жеткізеді.

– Парламент Сенатының аумағында журналистің сұрағына жауап ретінде вице-министр Қайрат Төребаев айтқан тауарлардың 106 түрі қос мақсаттағы тауарлар тізбесіне кіреді. Бұл ретте қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау халықаралық тәртіпке сай 20 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтеміз, – делінген жауапта.

Еске сала кетейік, бүгін Сенат кулуарында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Ресейге тауардың барлық түрі экспортталып жатқанын, алайда соғыс пайдасына жарауы мүмкін тауар түрлері экспортталмайтынын мәлім еткен еді.

– Біз тауардың барлық түрін экспортқа шығарып жатырмыз (Ресейге – авт.) Әйтсе де соғысқа қатысты тауарларды шектедік. Оған тауардың 106 түрі кіреді. Біз оларды шығармаймыз, – деген болатын Төребаев Сенат кулурарында.

Ақпаратты естіп, Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесінің басшысы Қазақстанның Ресейге енгізген шектеуі жөнінде пікір білдіріп үлгерген болатын.

Серіктес жаңалықтары