Астанада медициналық ЖОО студентінің ісі бойынша сот басталды. Жігіт ауыр науқастар мен қарттарды азаптады деп айыпталуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адам сенгісіз сұмдық жағдай туралы шілде айында белгілі болды. Оқиға Астанадағы клиникалардың бірінде болған. Медицина университетінің студенті онсыз да тағдырынан теперіш көріп айықпас дертпен күресіп жатқан науқастарға көрсетпегенді көрсеткен, ұрып-соққан. Тіпті, мүгедектерді өз нәжістерін жеуге мәжбүрлеген. Айуандық әрекетін оңалту орталығында балалармен жұмыс істегенде де жалғастырған. Ол өзінің барлық әрекеттерін камераға түсіріп, достарына жіберген. Достары оның ісін қолдап-қолпаштап, видеосын әлеуметтік желіге таратқан.
Жәбірленушілердің туыстары құзырлы органдарға жүгінгеннен кейін қылмыстық іс қозғалып, қатыгез студенттің ісі бүгін сотта қарала бастады.Талапкерлер – қайтыс болған қарттардың туыстары және аутизм дертімен ауыратын баланың анасы. 22 жастағы жігіттің әрекетінен зардап шеккен өзге адамдар мәселелерін сотсыз шешіпті.
Сот сотталушының, сондай-ақ жәбірленуші тараптың сауалнамалық деректері мен фотосуреттерін жариялауға тыйым салды.
1) Талапкер Қарлығаш (аты өзгертілді-ред.). Ол - 77 жасында қайтыс болған зейнеткердің қызы.
Анасы хосписке 2021 жылы инсульттан кейін түсті. Қария сөйлей алмай қалған және жақындарын танымай, «өз әлемінде» өмір сүре бастаған.
Қарлығаштың айтуынша, анасының жағдайы нашарлай түскен, алайда ол емдеу мекемесінде оған қандай қорлық көрсетілгенін білмеген.
- Мені тергеуші жауап алуға шақырып, видеоны көрсетті – ол анамды жөргекпен тамақтандырған. Ол байлаулы жатты, ал жігіт оны сөмкемен, қолымен және аяқ киімімен ұрды. Кейбір видеоларды көруге тіпті жүрегім дауаламады. Бұл - сұмдық жағдай. Біз бәрі жақсы деп ойладық. Бәрі осылай болуы мүмкін деп ойлаған жоқпыз", - деді ол.
2) Талапкер Айнұр (аты өзгертілді-ред.). 2021 жылы хосписте оның әкесі кәрілік деменциясы диагнозымен жатқан.
Қария ақыл-есін жоғалтпаған, бірақ оның сөйлеу және көруі қиындаған, жүре алмаған.
- Маған тергеуші қоңырау шалып, видеоны көруге шақырды. Біріншісінде сотталушы оны нан жеуге мәжбүр етеді (қайтыс болған адамның тісі болмаған - ред.), маңдайын ұрып, өте дөрекі сөйлейді. Басқа науқас әкемді қорғағысы келгенде, ол оған да көресіні көрсететінін айтқан. Әкемнің еденде жорғалап жүрген видеосы есімде, сотталушы оған төсекке оралуды бұйырып жатты, - деді ол.
Айнұр – талапкерлер арасында сотталушыны кешіруді жөн көрген жалғыз адам.
- Біздің дінімізде айтылғандай, біз бәріміз бір Алланың құлымыз, мен оны адам ретінде кешіремін", - деді қыз.
3) Талапкер Гүлнар (аты өзгертілді — ред.). Бұл өткен жылы "Астана Сити групп" оңалту орталығында он күндік ем алған кішкентай баланың анасы, онда сотталушы ЕДШ нұсқаушысы болып жұмыс істеген.
Балаға аутизм, сондай-ақ психикалық дамудың кешеуілдеуі диагноздары қойылған. Ол сөйлей алмайды.
- Оның психикалық жағдайы өзгере бастады, орталыққа кіруден қорықты, ер адамдардан қорықты. Оның қорқынышы әлі де бар.
Маған тергеуші қоңырау шалды. Қорқынышты видео. Сотталушы менің баламды мазақ етті. Видеоны көру қиын болды, - деді Гүлнар сотта.
Жоғарыда айтылғандай, Айнұр қатыгез студентті кешірді. Қалған талапкерлер – Қарлығаш пен Гүлнар өтемақы ретінде 5 миллион теңгеден талап етті.
22 жастағы сотталушы өз кінәсін мойындап, зардап шеккендердің туыстарынан кешірім сұрады.
- Мен бәріне өкінемін және кешірім сұраймын. Маған сіздердің жүздеріңізге қарау қиын. Мүмкіндік болса, кешірім сұрағым келеді. Мен бұл кінәні өмір бойы өтеуге дайынмын. Жасаған әрекетімнің моральдық тұрғыдан өтесем деймін", - деді ол.
Судья медицина студентінен неге мұндай әрекеттерді істеп, камераға түсіріп, достарына жібергенін сұрады, бірақ сотталушы жауап бере алмады.
- Мен өз әрекеттерімді түсіндіре алмаймын. Бұл сұраққа жауап бере алмаймын", - деп мойындады жігіт.
Сондай-ақ, сотталушы өтемақы мөлшері ол үшін ауыр екенін айтты. Бұл мәселе келесі отырыстарда шешілетін болады.
Астананың 22 жастағы тұрғыны, медициналық жоғары оқу орнының студенті ҚР ҚК 110-бабының (Азаптау) бабы бойынша айыпталып отыр. Ол 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.