×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

5,7 мың адам: Қазақстанда банкрот деп танылғандардың қарызы қанша

20.10.2023, 11:24
Коллаж: Ulysmedia.kz

Елімізде 8 млрд теңгеден астам борышы бар 5,7 мыңға жуық адам банкрот деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті. Оның айтуынша, 3 наурыздан бері банкроттыққа 69 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

«Оның 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеуі. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,7 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды», - деді министр.

Жамаубаев сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін 1 200-ге жуық адам сотқа жүгінгенін атап өтті. Алайда кейбір азаматтар кейбір заңнамалық кедергілер салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр. Осыған байланысты министрлік заңнамаға келесідей түзетулер енгізуді ұсынып отыр: соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту; азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

“Банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шеше бермейді, көпшілігі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Бұл жерде 5 жылға дейін жаңа несие ала алмайды, үш жылға дейін қаржылық жағдайын тиісті органдар мониторингтен өткізеді. Бұл жерде түсіндіру жұмыстары оң ықпал етеді”, – деді қаржы министрі.

Еске салайық, президент Тоқаев 2022 жылғы 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін және банкроттықты қалпына келтіру туралы" ҚР Заңына қол қойды. 

2023 жылдың 3 наурызында азаматтардың банкроттық туралы өтініштерін қабылдау басталды.

Бұдан бұрын қаржы вице-министрі Ержан Біржанов күніне 150-ге тарта адам банкрот мәртебесін алуға өтініш беретінін мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары