Талдықорғанда «Береке» коттедж қалашығының сапасыз құрылысы барысында бұзушылықтарға жол бергендерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жетісу облысының прокурорлары аталған нысанды салу кезінде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеп, тергеп-тексеру жүргізген.
“Прокурорлық тексеруді бастауға бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет құрылысы аяқталмаған үйлер туралы жарияланымдар себеп болды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде мердігер келтірілген залалды өтеді, оның ішінде 36 үйді өз қаражатынан салды. 2023 жылдың 30 қыркүйекте жергілікті атқарушы орган 25 үйдің кілтін көпбалалы отбасыларға берді. Жақын арада тағы 11 үй беру жоспарлануда”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Сот үкімімен мердігер ұйымның басшысы, құрылысты техникалық қадағалауды жүзеге асыратын компанияның жұмыскерлері және тапсырыс беруші – «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің лауазымды тұлғалары ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі, 361-баптың 4-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жазаның әртүріне сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, "Береке" коттедж қалашығы – Қазақстандағы ұзаққа созылған құрылыстардың жарқын мысалдарының бірі. Алғаш рет оны салу жоспарлары жайлы жергілікті билік 2011 жылдың мамырында айтқан болатын. Құрылысты 2014 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Қалашық тұрғындарының көпшілігі – көпбалалы отбасылар, бюджет қызметкерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері және мүгедектер.